Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ: "ЖЕТІСУДЫҢ" ЖАС ТІЛШІСІ "ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАНҒА" АУЫСТЫ

Уақыты: 02.03.2020
Оқылды: 714
Бөлім: РУХАНИЯТ

Үш жылдай бұрын Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бітіріп, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің босағасынан еркелей еніп, ата басылымға қатардағы тілші болып қабылданған Мұхтар КҮМІСБЕК сол күні аймақта өткен жас ақындар мүшәйрасында бас жүлдені қанжығасына байлаған еді. Ол өлеңнің аты «Апа, қашан барамыз Астанаға?!» деп аталады.

Бұл ақын баланың астанаға барсам деген асқақ арманының әлі де орындалмаған кезі. Осы өлең Мұхтардың поэзия кеңістігіне еркін қанат қағуына себеп болып, Елордамыздың төрінде өткен мүшәйраға келуіне жол ашты. Ақыры өлеңдегі арманы орындалып, апасына ақтарыла айтқан сырлы өлеңі тағы да Арқа төрінде Мұхтардың айдарынан жел естірді.

Өлеңі ақжолтай болып, бір емес, бірнеше рет астанаға жол тартты. Өткен жыл «Жетісу» газетіндегі Мұхтар Күмісбектің жылы болды. Қарағанды төрінде Қасым Аманжоловқа арналған республикалық жыр додасында бас жүлдегер атанды. Алматы облысы әкімінің жүлдесі үшін дәстүрлі өтіп келе жатқан «Көшбасшы» байқауының жеңімпазы, жас ақындарға арналған «Ақ қауырсын» мүшәйрасының бас жүлдесін иеленді.

Өткен күзде еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Жетісу жеріне арнайы іссапармен келгенде, топ ішінен хас жүйрікті таныған Күреңбай сыншыдай осы Мұхтарға қолқа салып кетіп еді. Алғашында ауызекі айтылған әңгімеге балағанымызбен Дархан мырза сөзінде тұрып, арада айлар өткенде «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін ағамызға хабарласып, сол кездегі ұсыныстың пісіп-жетілгенін айтып, Күмісбектің алтын асықтай ұлын «Егемен Қазақстан» газетіне шақырды.

Қашан да «Болайын деген баланың, бетінен қақпай белін буатынды» жақсы көретін Әміре ағамыз баласындай еркелеп, інісіндей елгезектік танытып жүрген Мұхтарға ақ батасын беріп, Нұр-Сұлтанға шығарып салды. Көктемнің алғашқы күні Мұхтар Күмісбектің Арқа төріндегі еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетіндегі еңбек жолы басталды. Жолың ашық, абыройың асқақ болсын, ақын бала!

Ақжолтай тілегімізді арнай отырып, Мұхтардың арманын орындаған өлеңін оқырман назарына қайыра ұсынуды жөн көрдік.

Апа, қашан барамыз Астанаға?!

Апа, білсең ол жақта талғам басқа,

Тап мұндайда болмайды таңғалмасқа.

Түн моншағын шашқанда жұмыр жерге,

Түк шығады деседі тауға, тасқа.

Бұзау қуып шаршадым бос далада,

Апа, қашан барамыз Астанаға?!

 

Мұнаралар ертегі пішіндегі,

Мұң атауын мүжиді кісідегі.

Ішім сезіп тұрғаны, сол жақта жүр,

Сол баяғы үр қызы түсімдегі.

Қой баласы өрістен дос таба ма,

Апа, қашан барамыз Астанаға?!

 

Кесенелер бабамды еске салар,

Кеселіңді емдейді кешкі самал.

Еркетотай Есілді ермек қылар,

Есері бар адамның естісі бар.

Әлде, асқақ арманым аш қала ма,

Апа, қашан барамыз Астанаға?!

 

Көрші үйдің ұлының айтуынша:

Жұлдыз көзің жұмады, ай тығылса.

һәм сол жақта кіндігі кесіледі,

Жаңа басшы, жаңа бір ой туылса.

Бай мен кедей арасы баспана ма?

Апа, қашан барамыз Астанаға?!

 

Алып шаһар айналып айбыныма,

Байланғандай дүние байлығыңа.

Әпкең құда түскелі отыр балам,

Осы жолғы әкеңнің айлығына.

Қашып кетпес Елорда, басқа араға,

Әйтеуір бір барармыз Астанаға!

 

О, Астана, ауылдан дұғай сәлем,

Сен мұңайма, егер де мұңайса әлем!

Ой-қырынды суреттер едім, бірақ,

Ойлай алмайды екенмін Құдайша мен.

Бақыт құсы қоныпты бас қалаға,

Апа, қашан барамыз Астанаға?!

"ЖЕТІСУЛЫҚТАР"