ТҰСАУКЕСЕР: ТАЛДЫҚОРҒАН ТАРИХЫ ТАҒЫ БІР ТЫҢ ТУЫНДЫМЕН ТОЛЫҚТЫ

Уақыты: 11.11.2020
Оқылды: 1583
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ардагерлер үйінде «Қарттарым ­- асыл қазынам» атты жаңа туындының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Әрдайым жаңа бастамаларды қолдап, оның жүзеге асуына атсалысып жүретін Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВ рухани шараның тұсаукесер рәсіміне қатысты.

«Көп жұмылса, көл толады» дегендей, жаңа туындының редакция алқасын қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков, жауапты хатшы Балғаным Боранбаева, әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлнәр Каримова, есепші маман Балнұр Шаңбаева, марқұм, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының бұрынғы орынбасары Айтмұхамбет Ерасылов басқарса, кітаптың жалпы идеясын Әли Ысқабаев жүйелеген. Ал кітапты құрастыру, әдеби негізде өңдеп, баспаға ұсынған - Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, жазушы, халықаралық «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің иегері Айдын Кәлімхан.

Қалалық ардагерлер кеңесінің өткені мен бүгінін, қаладан түлеп ұшқан тұлғалардың, қаламыздың кешегі және бүгінгі шұғылалы тарихын сөз ететін кітаптың басым бөлігі соғыс ардагерлерінің елдік пен ерлікке толы ғұмырнамасымен өріледі. Осындай төрт тағанын тең басқан кітаптың тұсаукесер рәсіміне қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтан бөлек, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт бастаған тау тұлғалы ақсақалдар, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков бастаған ардагерлер қауымы қатысып, жылы лебізін білдірді. Қала басшысы Ғалымжан Райылұлы:

­ - Бұл кітап – тұнып тұрған тарих. Мұндағы соғыс ардагерлерінің ерлігі, аға буын өкілдерінің ел игілігі жолында атқарған елеулі еңбектері кейінгі ұрпағымызға үлгі болатынына сенімдімін, - дей келіп, Әли Ысқабай ағамыздың иығына шапан жапса, кітапты жазудың ыстығына күйіп, суығына тоңып, көптің көңілінен шығатын көркем туындыны жазып, құрастырып шыққан Айдын Кәлімханға Құрмет грамотасын табыстады.

Келесі кезекте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, қалалық ардагерлер кеңесінің бұрынғы төрағасы, аталған ұйымның жұмысын бір бағытқа түсіруге барынша еңбек еткен Мұрат Халықов жүрекжарды лебіздерін білдірді. Өз кезегінде Ақшабай Дүйсенбекұлы:

- Талдықорған тарихы туралы жазатын дүниеміз мұнымен бітпейді. Бұл тек бастамасы деп білген жөн. Осындай еңбекті шығаруға қолдау танытқан қала әкіміне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қала өміріне үлесі сіңген ардагерлерге ескерткіш тақта орнатуға бастамашы болып, қала тұрғындарының алғысына бөленіп жатқаны да әкімнің көрегендігі деп білемін. Қалалық ардагерлер ұйымының алдағы уақытқа жоспарлаған талай игілікті жоспары бар. Қала әкімі қолдау танытса, оны да абыроймен атқарып, көптің көңілінен шығамыз, - деп сөзін түйіндеді.

Кітап – білім азығы. Сондай-ақ, ол болашақтың алтын қазығы. Болашақ ұрпаққа азық болатын, қала тарихына алтын қазық болатын тың дүние осылай өмірге келіп, болашаққа жол алды.

Қажет АНДАС

Алматы облысы