"ЖЫРЫМДЫ ОҚИЫН СЫРЫМДЫ ТЫҢДАСАҢ": ЖАҢЫЛХАН АСЫЛБЕКОВАНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ

Уақыты: 12.11.2019
Оқылды: 3985
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

ЖАПЫРАҒЫҢДЫ ҮЗБЕЙМІН

Күз келіп, сыр айтып тербейді назымен,
Күншуақ іздеген өткенге не шара?!
О, көктем,
сен жайлы талай жыр жазып ем,
Әр сәтке қуанып, әр гүлге тамсана!

Бұлттардан нені ұғам аспанды торлаған,
Өзгертіп болдың ба ақ қайың бишіні.
Ғаламат күй кешіп бұрын-соң болмаған,
Тылсымға орайды алтыншы түйсігім.

Күз күні құстарын қия алмай ұшырып,
Көк жүзін сағыныш жырына толтырды.
Жапырақ құбылып көңілдей түсі мың,
Қаз-тырна сәндене аспаннан жол тілді.

Күз келіп қалыпты,
оңаша сырласам,
Өзінен көктемнің шуағын іздеймін.
Жырымды оқиын сырымды тыңдасаң,
Жапырағыңды үзбеймін.

СӘТТЕР

Өміріңнің нәркес, тәтті күйін ұқ,
Сол сәттердің болғанына сүйініп.
Түсіне біл, құм жиылып тау болмас,
Тау сияқты жатқанымен үйіліп.

Көлшіктерде болмайды еш тереңдік,
Мұхиттардың қойнауындай көлемді.
Қанша жақсы тірлігінде сорлады,
Өлгеннен соң еленді.

Қанша тұлпар тағдырына көнбеген,
Қанша тағдыр өтеріне сенбеген.
Қаншама жан күн кешуде тірі өлік,
Қаншама аруақ тірілерді емдеген.

Күндеріме қимай қарап көктеген,
Көшке ілестім көппенен.
Қимайтыным – қиындықта құтқарған,
Қиянатқа ұрынбасын текке өлең.

ҚАРА ШАҢЫРАҚ

Ауылда бір үй бар ат басын тірейтін,
Еркелеп төрінде еркін бір түнейтін.
Сол үйде балалық өткен ед біздердің,
Үңіліп қараймын қалған сол іздерге.

Сол үйде бой жетіп, сол үйден ұшқанбыз,
Ұясын қалдырған қанатты құстармыз.
Оралған сәттерде сәби шақ қарсы алар,
Күйімнен айығам күйбеңнен шаршаған.

Ауылда бір үй бар түсімде шақырған,
Кітапты оқушы ем етпеттеп жатып ап.
Армандап қараушы ем аспанға, жұлдызға,
Сұлу ай сыр айтқан қиялшыл бір қызға.

Ауылда бір үй бар сағынтқан әрдайым,
Өзіңді бетке алсам зулаймын, самғаймын.
Ол – қара шаңырақ қасиет дарыған,
Қара орман өзіңді аңсаймын,
сағынам.

Ауылда бір үй бар көп келер 
кісілер,
Жайыңды жасайтын жаныңды түсінер.
Ол – қара шаңырақ
әр жанды ұшырған,
Тілеуші-қолдаушың, 
жақсысын ұсынған.

Ол – қара шаңырақ 
үлкеннен бата алған,
Қалқиған қалпында 
киелі үй атанған.
Әкем де, анам да сол 
үйде тербеген,
Сол үшін асығыс 
аттанам елге мен.
Ол – қара шаңырақ.

СЫРЛАСУ

Таңғы шық, анамды көрдің бе?
Ол сендей тұп-тұнық болатын.
Асқан бақ аңсамай ол мүлде,
Барына қуанып, көңілі толатын.

Балаша мәз болып таза еді күлгені,
Үлкеннің алдынан кесіп еш өтпейтін.
Өмірді біз деді, өзі үшін сүрмеді,
Ұрпағым өскенде деуші еді көктеймін.

Кең дала, сен оны білесің,
Өзіңдей жазира, дарқан ед пейілі.
Ұл-қызын өсіріп, қалдырып үлесін,
Соларға қуанып тасыды мейірі.

Күн нұры, сен оны танисың,
Ол сендей қуатын тірлікке сыйлаған.
Кейісе айғайсыз үндемей налитын,
Кешіріп әркімді жаманға қимаған.

Қос өзен толқындап тынбастан ағасың,
Еске сап анамның толқынды бұрымын.
Жаулық пен қос бұрым тауып ап жарасым,
Салмағын арттырды ғасырлық құнының.

Мың жұлдыз сен оны байқадың,
Мың сан күй кешуші ед жарықтық.
Сол кезге болмайды еш қайтарым,
Жоқ іздеп жүргенде жоғалтып алыптық.

Күн өтті, ай өтті, жылдарға тоналдық,
Сәт сайын күтеміз жан қамын.
Өзгерткіш өмірде өзгергіш боп алдық,
Анашым,
Өзіңдей бола алмай қалам деп қорқамын.

ДОСТЫҚ ЖЫРЫ

Адал достық, неткен көзсіз батыр ең,
Дара болмыс жақындардан жақын ең.
Тау басынан іздеп жүрсем  қанатымды 
күн қақтап,
Сен ып-ыстық боп ақ шағылда жатыр ма ең?!

Сусымалы сұлу құмға достық жырын шерттің бе,
Дос үмітін, дос сенімін  көлдей көсір еттің бе.
Жүрегіңнің түбіндегі жан ұқпаған жаһанға, 
Күй атаның төкпе күйін төгіп-төгіп өттің бе?!

О, құдірет, қай күшіңмен жолықтырдың біздерді, 
Сол күшіңмен арадағы достық жібін 
үзбе енді.
Ғұмырымның алуан-алуан кезі өтті қаншама
Сол алуанға сабыр сыйлар, алтын арай 
күз келді.

Бақытыңның бір бөлшегі кең пейілді дос екен.
Жаны жайсаң жақсыларды жанға серік 
дос етем.
Бұл өмірде бәрі жалған, бәрі өткінші 
десек те,
Аяулы сәт – шын дос табу, сырын ұғу 
осы екен!

***

Сұлулық – іздегенім, аңсағаным,
Мен оны сезінуден шаршамадым.
Сен барсың, әлем сенің жанарыңда,
Соны ұқпай өтер ғаріп қаншама мың.

Аялап тәтті сәтін тұнық күннің,
Тазалық таусылмайтын күй ұқтырдың.
Ғаламат сенің шексіз биігіңнен,
Мына көркем дүниені сүйіп тұрмын! 

Кірлемей, тозаң қонбай сенгеніме,
Сұлулық ұя салсын өрмегіме.
Өкінбей өтсем болды бұл жалғаннан,
Пенде емес, адам болып келгеніме!

***

Сертім жоқ саған, сенім бар,
Басқасы бізге керек пе?
Еркіңді алар ерін бал,
Қиялды құшқан желөкпе.
Ашыла қоймас ойым бар,
Көңілдің қалған сәті көп.
Тереңді ғана мойындар,
Жүрек түбінде жатыр от.
Өзгеріп көрдім, болмады,
Қолымнан келер бар ма екен.
Түйіспейтұғын жолдарым,
Түйісіп қалай қалды екен?
Сенім бар және сезім бар,
Көп жоқтың басын құраған.
Қимаған қиын кезім бар,
Жүрсең болғаны дін аман.

КӨПІРДЕ

Өзен суы сарқырайды тынбастан,
Беймәлім бір сыр түйеді түнгі аспан.
Қанша жұлдыз ағып түсті ізі жоқ,
Қанша тағдыр ғайып болды сырласқан.

Бұрқ-сарқ мінез, ағып жатыр тоқтамай,
Кім жағада, кім көпірде жоқтамай.
Қорқыныштың бәрін суға лақтырып,
Бір құлаштап жүзер ме еді, әттең-ай.

Көктем күннің жанарынан күз көрем,
Жылылық пен даналығын үзбеген.
Аққан су мен өткен күнге куә боп,
Мына көпір кімнен нені іздеген?..

***

Оқылмай қалған кітаптарымдай,
Қалайша маған кез болдың?
Өзіңсіз еш сыр бір ақтарылмай,
Өзімнен өзім өзгердім...

Жазылмай қалған дәптерлерімдей,
Қай жерден маған жолықтың?
Жүректен ұшқан кептер үніндей,
Дір етті сезім, соны ұқты.

Жүріп көрмеген көшелер барын,
Көзіммен көріп таңғалдым.
Айта алмай жүрген бір әннің мәнін,
Тек бүгін ғана аңғардым...

Кез болдың қайдан кезім өткенде,
Арасын өзің салмақта.
Адасқан ойым көктеммен жеткен бе,
Тынышымды алма бейуақта.

Жаңылхан АСЫЛБЕКОВА,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

филология ғылымдарының кандидаты