Баршаға бірдей мүмкіндік қашан орнайды?

Уақыты: 17.09.2023
Оқылды: 875
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қазіргі уақыт талабы – жанталас және кем қалмау. Бұрын да солай болған. Мынасының келбеті тым қатты. Тұрмыс дегеніңіз үзеңгімен қос бүйірден тепкілеген шабармандай. Кейде тепкісі қатты тиіп жатады. Осындай талабы бар қоғамда әртүрлі тіршілік бар. Кей кісі тұрмысын түзеуге жанталасса, кейбірі екі қолға бір күрек табылса да желкеге мінген масылдықтың себінен дымсыз жүр.

Кей замандас отызға, қырыққа келсе де сұрақ белгідей болған әке мен шешенің иініне асылған. Дені сау, он екі мүшесі бүтін. Бірақ, сол жанталастан мақұрым. Осындай жандарға «Қазақстанның саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Талдықорған оқу-өндірістік кәсіпорнында» еңбек ететіндер үлгі. Тілі күрмеу, құлақ керең болса да кемшін қап жатқан жоқ мұндағылар. Маңдай терді сылып, отбасын асырап жүр.

«Шектеулі» деген шектеу болмауы тиіс

Бір жайға екіншісі сеп. Физикалық заңнамасыз-ақ айқын дүние. Тұрмыс болғасын сұраныссыз болмайды. Отбасылық қажеттілікке орай Талдықорған қаласындағы темірден түйін түйген кәсіпкерлік нысандарды аралай шыққанбыз. Облыстың бас шаһарында осындай қарекеті бар кәсіпорын барын сонда аңғардық. Былайғы жұрт бұрыннан білер, ал біз сонда ғана байқадық. Іргесі 1935 жылы қаланған атаулы мекеме өнеркәсіптік бағыттағы жұмысын 1966 жылы бастаған. Уақытында «үнсіздер» ұйымының жұмысы дүркіреп, атағы алысқа шапқан. 80-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жұмыс істеген. (Мүмкіндігі шектеулі демейік, өз мүмкіндігін қолдан шектеп, қамсыз жүргендердің жанында олардың қарекеті артықшылық). Айта кететін жайт, жалпы, көзі көрмейтін, құлағы мен тілі мүкіс жандарға қатысты кеңес заманынан қалыптасқан стереотип бар. Мұндай қатардағы ерлер етікші, әйелдер тігінші болу керек деген. Бірақ, «Қазақстанның саңыраулар қоғамы, қоғамдық бірлестігінің Талдықорған оқу-өндірістік кәсіпорнында» тер төгіп жүргендер сол стереотипті бұзған. Құдай берген кемшілікке қарамастан олар темірден түйін түйеді, ағаштың иін иеді.

Бүгінде аталмыш кәсіпорында 42 кісі еңбек етеді. Олардың ішінде 29-ы «үнсіздік» пен «тыныштық» әлеміне бойлағандар. Құлағы естімесе де, тілі күрмеулі болса да аяқ-қолы сау. Солардың қатарында Тарас Сабазов та бар. Алты баласын мұратына жеткізсем деген азаматтың қарекеті талайға үлгі. Бұлай деуге себеп, он екі мүшесі сау болса да отбасын асырауға, бала-шағасының ұяда қанатын қамдауға құлқы жоқтар көп қазір. Мекеме басшысы Нұрбек Несіпбеков мұндай азаматтарды қоғамға үлгі ету керегін алға тартады.

– Қазір құлағы не тілі мүкіс адамды құрылыс басына, басқа да өндіріс орнына жұмысқа орналастыру аса қиын. Басты кедергі – тілдесу. Құрылыс алаңында түсіністік болмаса қиынның қиыны. Бізде, «Қазақстанның саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Талдықорған оқу-өндірістік кәсіпорнында» олардың өз әлемі бар. Олар өзара «тілдеседі». Сол арқылы жұмысты жүйелі істейді. Мемлекет басшысы қолға алып отырған саясат халықтың әл-ауқатын арттыруға және баршаға тең мүмкіндік беруге бағытталған. Қоғамда ешкім кем қалмауы тиіс. Талдықорған қаласында 260 тіл мүкістігімен тіркелген тұрғын бар. Оларды қоғам өміріне бейімдеу, «шектеулі» деген шектеу болмауын қамтамасыз ету әкімдіктің де, қоғамның да, біздің де басым міндетіміз, – деді мекеме басшысы.

Үнсіздердің «айқайын» билік жоқ па байқайтын?

«Қазақстанның саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Талдықорған оқу-өндірістік кәсіпорнында» қазір жұмыс қауырт. Мұнда тігін цехы, жиһаз және темір цехы бар. 67 сотық жерде орналасқан нысанның аумағынан жуырда ағаш цехы іске қосылмақ. Ақжолтай жаңалығымен бөліскен мекеме басшысы қынжылысын да жасырмады. Өзіміз де көзбен көргендей, үлкен аумақта орналасқан нысанның ғимараттары тозған. Шатыр дегеніңіз жөндеуге сұранып тұр. Мекеменің бас ғимаратының да хәлі оңып тұрған жоқ. Бірінші қабатының терезесі заманауиланған. Яғни, пластик терезе орнатылған. Екінші қабаты сол атам заманда қойылған ағаш тереземен тұр. Едені де сол кезеңнің сарынын суреттейді. «Ай-қап!» деген осы болар. Тігіншілер сол бас ғимаратта талай бұйымды жасауда. Мекеме басшысы Нұрбек Несіпбеков тігіншілер қолынан шыққан талай дүниені таныстырып шықты. Мұнда киім-кешек (арнайы құрылымдарға арналған киімдер), көрпе-төсек сынды бұйымдар тігіледі. Ең қызығы, былтыр Астана қаласындағы бір мекеменің тапсырысымен қысқы киімдер тігіпті. Кәдуілгі куртка. Базардағыдан кем емес. Шикізатты Еуропа елдерінен алдырып, тапсырыс дайын болғанда әлгі мекеме межелі уақыт өттіге басып, қабылдамапты. Қазір сол киімді мекеме қызметкерлері киіп жүр екен. Дегенмен, тауы шағылмаған «үнсіз әлемнің» өкілдері талай бұйымды қолданушыға жеткізіп келеді. Мекеме басшысы тігіншілер қыста ағаш терезеден соққан салқынға қарамастан өз тірліктеріне адал екенін алға тартты.

Жалпы, жұмысшыларға қолайлы жағдай жасау қай құрылымның да міндеті. Құрылымның қазіргі миссиясы да сол. Тендерге қатысып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыс алу. Осы уақытқа дейін «Қазақстанның саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Талдықорған оқу-өндірістік кәсіпорны» даярлаған өнімдер Қызылорда, Қарағанды, Өскемен, Алматы облысы мен Алматы қаласында қолданыста. Құрылымның табалдырығын аттағанымызда жұмысшылар Алматы қаласындағы мектепке парта мен үстел даярлап жатыр екен. Бір қызығы, «үнсіздікті» серік еткендер құр шатыр астындағы цехта жұмыс істеуде. Түсіндіре кетсек, құрылым бірер жыл бұрын жұмысшылар күн астында жұмыс істемесін деген ниетпен темір конструкциядан шатыр жасапты. Бірақ, қабырғасын мығымдауға шама келмеген. Қазір сол қабырғаның орнында керілген мата тұр. Жай мата емес, полиамидті шүберек. Желден қамсау болуы үшін жасалған болуы керек. Сондай жағдайда кемтар жандар парта даярлауда, үстел жасақтауда. Тіпті, сол жерде дайын өнім боялуда. Мекеме басшысы Нұрбек Несіпбеков қолдан келгенше, қаржының қамына орай қызметкерлерге осындай жағдай жасалғанын алға тартты. Жергілікті әкімдікке көмек сұрап барыпты. Одан қайыр болмапты.

 – Республикалық қоғамдық бірлестік деген атымыз болған соң жергілікті билік тарапынан айтарлықтай көмек берілмейді. Былайғы тілде айтқанда, өз күнімізді өзіміз көреміз. Жыл сайын ақшаның шамасына қарай ғимараттарымызды жамап-жасқап келеміз. Көп жабдығымыз құр шатырдың астында. Цехтардың шатырлары әбден ескірген. Бұл жайында жергілікті атқамінерлерге айтып, көмек беруін өтіндік. Жасаған бұйымдарымызды көрсетіп, облыстың қалталыларын да жағаладық. Әзірге көмек қолын созар ешкім болмай отыр. Әйтпесе, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай осынша мүгедек жанды жұмыспен қамтып отырған облысымызда мекеме жоқ, – деді Н. Несіпбеков.

Қолдау кімді де қанаттандырады

Құрылымның меншігіндегі нысандарды аралап шықтық. Хәл мүшкіл, жағдай төмен. Соған қарамастан кәсіпорын 42 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тігіншілерге 150 мың теңгеге жуық, қалған цех жұмысшыларын 200 мың теңге төңірегінде жалақымен қамтып отыр. Мамандардың қажеттілігіне орай арнайы оқытып та алады екен.

Жоғарыда кәсіпорынның негізгі нәпақасы тендерге байлаулы. Мекеме басшысы тендерден қалта қомпайып, жағдай оңтайлы болып кете қоймайтынын алға тартады. Мемлекеттік сатып алуда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеңілдіктер бар екен. Бірақ, еліміздің әр өңірінде мұндай құрылым жұмыс істейді. Оған жеке қоғамдық бірлестік ашып алу үрдісін қосыңыз. Қазір үш-төрт кісі біріге сап, қоғамдық бірлестік құра алатынын ескерген де абзал.

Нұрбек Несіпбеков мемлекеттік сатып алуда құнның төмен қойылатынын да алға тартты. Қазір Жетісу облысындағы және Алматы қаласындағы шикізаттың арасында едәуір алшақтық бар. Қарапайым мысал, жиһаз жасайтын тақталар (ЛДСП немесе меламиндік тақта) Талдықорған қаласында 17500 теңгеден бағаланса, оның құны Алматыда 12500 теңге, Өскемен қаласында 11000 теңгеден. Егер мемлекеттік сатып алу платформасына Өскемен мен Талдықорғандағы кәсіпорын ұсыныс берсе, Өскемен қаласындағылар төмен баға қойып, жеңіске жетуі мүмкін. Өйткені ол жақта шикізат арзан. Осындай кемшін дүниелер жергілікті кәсіпорындардың да жергілікті өнімге емес, басқа облысқа мойын бұруы себеп. Мәселен, Талдықорғанда жасалған бұйымнан Алматыда жасалғаны арзандау. Нәтижесінде өңірдегі кәсіпорындар қажеттіні Алматы қаласынан алады.

– Қазір ұртымыз майланып отырғаны шамалы. Қыс айларында тапсырыс таппай қаламыз. Соған қарамастан қызметкерлерімізге жалақы төлеуіміз керек. Табысымыз азғантай жабдық алуға, кем-кетігімізді жөндеуге және жалақы төлеуге кетеді. Ескірген ғимаратымызды толық жөндеуге, жаңа ғимарат салуға шамамыз жетпейді. Қазақ қайырымдылықты жоғары қояды ғой. Жергілікті әкімдік, қайырымды азаматтар тілі және құлағы мүкіс жандарға көмек берсе, болысса деген тілегіміз бар. Сонда өңірдегі мүгедек жандарға жаңадан жұмыс тауып беруге мүмкіндік молаяр еді, – деді Н. Несіпбеков.

P.S. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев өз сөзінде «Баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты», – деген еді. Жұмысшылардың құлағы мен тілінің мүкістігіне қарамастан қоғамның әрбір мүшесінен кем қалдырмауға тырысқан «Қазақстанның саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Талдықорған оқу-өндірістік кәсіпорны» бастысы Мемлекет басшысының саясатына үн қосып отыр. Ал Президенттің ұстанымын ту еткен жандарды қолдау – жергілікті әкімдіктің де, елім деген азаматтардың да міндеті. Тоқетері, «Ай-қап!» дүниені байқамай жүргендерге құлаққағыс болсын!

Дастанбек САДЫҚ
Фото: ғаламтордан алынды