ӨРТ СӨНДІРУ - ЖҮРЕКТІЛЕРДІҢ ІСІ: ЕҢ ҚАУІПТІ МАМАНДЫҚ ИЕСІМЕН СҰХБАТ

Уақыты: 15.08.2021
Оқылды: 1563
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әлемдегі ең қауіпті мамандықтың бірі – өрт сөндіру қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Осыған орай біз аталмыш сала төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысу мақсатында Қаскелең қаласы №9 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Омар Сапарбекұлымен  аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Омар Сапарбекұлы, жауапты қызметке қалай келдіңіз және осы мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды?

– Менің ағам өрт сөндіру бөлімінде талай жыл қызмет істеген. Қазір зейнеткер. Сол кісінің қызметін жастайымнан көріп өсіп, қызығып бақылайтынмын.  Көңілімнен шықты, қалауым осы болды. Сондықтан, өрт сөндіруші мамандығын таңдадым.

– Өрт сөндіруші мамандығын таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?

– Жоқ. Ешуақытта өкінген емеспін. Адамдарға көмектесу, оларды құтқару керемет емес пе?! Ел алғысын алу біз үшін бақыт. Былтыр Қарасай ауданында құрылыс базары өртке оранып, шамамен 700 шаршы метр құрылыс заттары жанған еді. Негізінде базардың көлемі 1 гектар. Сол гектар аралығында құрылыс заттары сақталады. Қаншама құрылыс заттарын аман сақтап қалдық. Кереметі, елдің ыстық ықыласына бөлендік. Көп адамдар бізді сусыз келеді деп ойлайды. Бірақ ол қате пікір. Себебі, өрт сөндіру техникалары секундына 40 литр су береді. Ал 1 минутта 2 тонна 400 литр су кетеді. Біздің бөлімде өрт сөндіру көліктері 5 және 8 тонналық болып келеді. Сонда 5 тонналық өрт сөндіру көлігінің суы 2 минутта, ал 8 тонналық көліктің суы 3,5 минутта таусылады екен. Сол себепті біз суды үнемдеп пайдаланамыз.

– Өрт сөндіруге аттанып бара жатқанда қорқыныш сезімі бола ма?

– Әрине, қорқыныш сезімі әрқашан болады. Барлық уақытта бірдеңеден қауіптенесің. Өйткені, өрт кезінде түрлі жағдай болып қалуы мүмкін. Кезекшілікке түскен кезде 8 адамға жауап беремін. Өрт сөндіруге аттанып бара жатқанда өзім үшін емес, қарамағымдағы 8 адамға жауапты болған соң, солардың бірінен айырылып қаламын ба деген қорқыныш сезімі болады. Өртті сөндіру барысын қадағалау, барлық жағдайды бақылап отыру және де сол хабарды орталыққа жеткізіп отыруым керек. Сондықтан бір нәрсе жасардың алдында барлық тәуекелді шұғыл арада ой елегінен өткізіп, әр әрекетіңнен қандай қатер төнуі мүмкін екенін бағамдап алған жөн.

– Қаскелең қаласындағы №9 өрт сөндіру бөлімінің қандай жетістігі бар?

– Жетістігіміз көп. Солардың бірі – былтыр осы №9 өрт сөндіру бөлімі облыс бойынша «Ең үздік өрт сөндіру бөлімі» марапатына ие болды.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан - Мархабат ЖАНСЕЙІТОВА

Қарасай ауданы

Алматы облысы