АЛАКӨЛ АУДАНЫНДА ЖОЛ АПАТЫНАН 26 АДАМ КӨЗ ЖҰМҒАН - ПОЛИЦИЯ

Уақыты: 06.10.2022
Оқылды: 1332
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазіргі таңда қала көшелерінде көлік көбейіп, апат деңгейі жиілеген. Бұл өз кезегінде жаяу жүргіншілер үшін қауіпті. Жылдамдықты жөнсіз асырып, жол ережелерін сақтамайтын жүргізушілердің кесірінен қаншама адамның өмірі қиылды.

Бұл ретте Алакөл аудандық прокуратурасы «Менің таңдауым – қауіпсіздік» акциясын ұйымдастырып, өңір тұрғындарына насихат жұмыстарын жүргізуде. Прокуратура, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жол апатына тап болған көлік құралдарын тиеп, Үшарал қаласынының бас көшелерімен арнайы жүріп, тұрғындарға барынша абай болуды, талап-ережелерді сақтауды ескертті.

Жыл басынан ауданда 30 жол-көлік апаты орын алып, 26 адам қайтыс болған.

– Жол ережелерін сақтау – әр азаматтың міндеті. Жаяу жүргінші де, көлік тізгіндегендер де көңілін басқа дүниеге бұрмай, барынша абай болғаны абзал. Ең бірінші кезекте көлік жүргізушілері ережені сақтағаны жөн. Жылдамдықты асырмай, мас күйінде көлікті басқармай, өзінің де, өзгенің де өмірін ойлауы қажет, – дейді Алакөл ауданының прокуроры Ерлан Қасымбаев. Бұдан бөлек, аудан прокуратурасымен жол ережесін бұзудың алдын алу бойынша тұрақты негізде түрлі іс-шаралар жүргізілуде. Ағымдағы жылы барлық уәкілетті органдардың қатысуымен ведомствоаралық кеңес өткізіліп, нақты тапсырмалар берілген. Сонымен қатар, полициямен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізілді, жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтау бойынша жұмыс жандандырылды.

Бұл ретте жылдамдық режимі мен мас күйінде көлік құралын басқару мәселелеріне ерекше назар аударылды. Әр жүргізушімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп арнайы әзірленген брошюралар таратылды.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы,

Жетісу облысы