Қиын жағдайға тап болған әйел-аналарға көмек береді

Уақыты: 16.05.2023
Оқылды: 838
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде Халықаралық Отбасы күніне орай «Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Жанар Нұрмұханова баспасөз  мәслихатын өткізді. 

Жанар Болатқызы аталмыш мерекеге орай көптеген мекемеге барып, кездесу, лекция оқылатынын айтып өтті. Онда құқықтық  білім беру мақсатында «Көші-қонның бүкіл әлемдегі  әсері», «Аз қамтылған отбасылар мен әлеуметтік оқшаулау мәселелерін шешу» «Отбасы және инклюзивті  қоғам» деген тақырыптарда баяндама жасалады.  

Бірлестік басшысының  айтуынша, әйелдерді қолдау орталығы 25 жылдан бері жұмыс істейді. Жылына бірнеше жүздеген адам орталыққа әртүрлі сұрақ-сауал қойып, көмек сұрап баратын көрінеді. 

Орталық қиын жағдайға тап болған әйел-аналарға көмек береді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандарға жан-жақты жәрдемдеседі. Кейбір нәзік жандыларға  оңалту, медициналық көмектер көрсетіледі. Баратын, тұратын жері жоқтарға уақытша орын беріледі. Балалы аналарға да әлеуметтік көмек жасалады. Адам саудасы және қауіпсіз көші-қон мәселесі бойынша да кешенді көмек көрсету қарастырылған. 

Жас сәбиімен қамқорлықсыз қалған аналарға арналған «Жанұя» әлеуметтік орталығы жұмыс істейді. Ол орталықтың қызметіне құқықтық көмек, заңгерлік кеңес, отбасылардың құқықтық сауаттылығын ашу, психологиялық кеңес, отбасы зорлықшыларымен жұмыс, балаларға медициналық, әлеуметтік қолдаулар көрсету кіреді.  

Баспасөз мәслихатында Жанар Болатқызы соңғы жылдары құқықтық көмек сұраушылардың көбейгендігін айтты. Бұл орайда заңгер, құқық қорғаушылар, әкімдік бірігіп,  аналардың мәселесін жан-жақты зерделеп, кеңес беріп, тығырықтан шығуына бас-көз болуда.

 Гүлжан Мұқашқызы 
Сурет: ашық дереккөзден