Сегіз өңірде 42 мектеп жылыту маусымына дайын емес

Уақыты: 19.09.2023
Оқылды: 641
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Бірінші қыркүйекке дейінгі мерзімде білім нысандары жылыту маусымына толық дайын болуы қажет болатын. Әкімдіктер ұсынған ақпарат бойынша, бүгінгі таңда білім ғимараттарының дайындығы 99,6% болып тұр. Сегіз өңірде 42 объект бойынша әлі де жұмыс жүріп жатыр. Оның ішінде 24 нысан бойынша күрделі жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Қалған нысандар бойынша жылу жүйесінде жөндеу жұмыстары аяқталмаған», - деді министр.

Ал денсаулық сақтау нысандары бойынша дайындық - 98,9%. 

«Тоғыз өңірде 62 нысан бойынша дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Дайын емес мекемелердің ең көбі - Абай (28), Ақтөбе (12), Атырау (6) облыстарында», - деді Қанат Шарлапаев.