Балалардың суретін әлеуметтік желіге жүктеу қаншалықты қауіпті?

Уақыты: 13.11.2023
Оқылды: 663
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгінде әлеуметтік желіге балаларының суретін жүктеп, жиі бөлісіп отыратын ата-аналарды жиі кездестіруге болады. Алайда олар бұл іс-әрекетімен өз баласына қауіп төндіретінін ескермейді. Психолог маман балалардың суретін не себепті әлеуметтік желіге жариялауға болмайтынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі gazeta.ru порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Психологтың айтуынша, желіге баланың жалаңаш немесе жартылай жалаңаш суреттерін жүктеуге болмайды. Себебі денсаулығында, психикасында ауытқуы бар адам суреттерді түрлі мақсатта пайдалануы мүмкін. Балаңыздың кішкентай кезінде желіге жариялаған суреттерін сіз ұмытқаныңызбен, ғаламтор уақыт өте еске салып тұрады. Оны есейіп келе жатқан бала көріп, ұялып, өзін ыңғайсыз сезінуі де ғажап емес.

Сондай-ақ суретті желіге салғанда геолокацияны белгілемеңіз. Балаңыздың қайда және қашан, не істеп жүргенін көпшілікке жариялап қажеті жоқ. Себебі жоғарыда аталған адамдар құйтырқы ойларын іске асыру үшін, сурет арқылы баланың қайда жүргенін еш қиындықсыз анықтап алады. 

Осы тұста психолог Олеся Васильева ата-аналардың желіге жүктеген суреттері арқылы залым адамдардың балалардың ізіне түсіп, ұрлап әкеткен жағдайларды еске салды. Оның айтуынша, суреттерді желіге жүктегенін қалайтынын не қаламайтынын баланың өзінен сұрап, білген дұрыс. Өйткені көп жағдайда бұл ата-ананың қалауы. 

Сондай-ақ суреттердің астындағы түрлі пікірлер де баланы бейжай қалдырмасы анық. Желі қолданушыларының жазған сын-пікірлері балаға кері әсер етіп, психикасының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін. 

Фото: pixabay