Бейбіт Исабаевтың төрағалығымен алқа отырысы өтті

Уақыты: 31.01.2024
Оқылды: 384
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысы өткен жылды жемісті қорытындылады деп ауыз толтыра айтуға болады. Еліміздің ертеңі жемісті болуы үшін әрбір сала жұмысының нәтижелі көрінуі аса маңызды. Облыстың әлеуметтікэкономикалық даму әлеуеті орасан зор. Оған ҚР Президенті ҚасымЖомарт ТОҚАЕВТЫҢ бастамасымен берілген тапсырманың басым көпшілігі жүзеге асуы дәлел. Бірақ орындалмаған жұмыстар да жоқ емес. Бұл турасында облыстың 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен 2024 жылғы кешенді жоспар-міндеттер туралы облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен алқа отырысында айтылды.

Күн тәртібі бойынша облыстың 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы жайлы баяндаманы облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов жасады. Ол экономиканың өсу қарқыны 117,4 пайызды құрағанын, бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш екенін айтты. Өткен жылы облысқа 350,8 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бірақ Талдықорған қаласы инвестиция бойынша екі көрсеткішті, Қаратал, Кербұлақ аудандары тұрғын үй және Сарқан қаласы жеке инвестициялар бойынша көрсеткішті талапқа сай орындамаған.

– Жалпы, облыс экономикасының әртараптандырылуы жеткіліксіз екенін мойындау керек. Өнеркәсіпті дамытуға баса назар аударып, жаңа өңдеу кәсіпорындары, тауарлы-сүт фермалар, жылыжайлар ашуға инвесторлар тарту жұмысын жандандыру аса қажет. Қолда бар әлеуетті ескере отырып, балық шаруашылығын дамытуды жоспарлаудамыз. Өткен жылы небәрі 540 басқа арналған 3 тауарлы-сүт фермасы және 400 басқа арналған 2 бордақылау алаңы құрылды. Алайда, инвестициялық жоба ретінде Ауылшаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігі арасындағы жол картасына енгізілген Қаратал ауданында «Бауырлар» шаруа қожалығы 400 бас және Ескелді ауданындағы «Тоғайбаев» шаруа қожалығы 100 бас мал бордақылау алаңдарын іске қоспады, – деді Әсет Серікұлы.

Биыл халықты тұрғын үймен қамту жұмысы өте қарқынды атқарылғаны мәлім. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 4,5 миллиард теңге бөлініп, 356 отбасы баспанамен қамтылды. Аудан әкімдері конкурстық рәсімдерді уақытылы орындамағандықтан республикаға 664,3 миллион теңге қайтарылды. Ал бұл қаражат тағы 57 отбасын баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін еді. Кестеден кешіктіру салдарынан Талдықорған қаласындағы 8, 9 шағынаудандағы 475 пәтерлі 15 тұрғын үй құрылысы мен инженерлік желілерге бөлінген 1,4 миллиард теңге игерілмей, кері қайтарылған. Бұл жауапты мамандардың үлкен қателігі. Алдағы уақытта аудан, қала әкімдері конкурстық рәсімдердің мерзімінде өткізіліп, жұмыстардың белгіленген кезеңде аяқталуына бақылауды күшейтуі қажет.

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жоспарланған 72 нысанның 4-і аяқталмаған. Ақсу, Алакөл аудандары мен Сарқан қаласындағы жұмыстар аяқсыз қалған.

Білім саласында да жетістікпен қатар кемшілік белең алуда. Әсіресе, кәмелетке толмаған балалардың істері асқынып тұр. Есепте тұрған 132 жасөспірімнің қатысуымен 25 қылмыс жасалған. Облыс бойынша жасөспірімдердің қылмысы көп Қаратал, Панфилов аудандары және Талдықорған қаласы көш бастап тұр. Өткен жылы 10 бала суицид жасаса, суицидтік әрекетке бет алғандар саны 6-ға жеткен.

Денсаулық сақтау саласына жергілікті бюджет есебінен өте мол қаржы бөлінді. Нәтижесінде 27 блокты-модульді медициналық кешен орнатылса, келер жылы дәл сондай 28 нысан халық игілігіне берілмек. Сонымен қатар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында 59 нысанның құрылысы басталады. Нәтижесінде бейімделген ғимараттар саны 166-дан 84-ке дейін қысқарады. Бұл дегеніміз, бұрын-соңды болмаған үлкен жетістік. Алайда заманауи техника түрлері сатып алынса да өлім-жітім саны кемімей тұр. Одан бөлек 3 ана өлімінің тіркелгені тіпті өкінішті. Облысқа 186 дәрігер жетіспейді. Бірақ бұл жұмыстың шешімін табу үшін сұранысқа ие профиль бойынша медицина мамандарын даярлау мақсатында 2023 жылы резидентураға дәрігерлерді даярлауға 93,4 миллион теңге бөлініп, 2023-2024 оқу жылына 45 резидент қабылданған.

Әр саланың жетістігі мен кемшілігі турасында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары сөз соңында жоспарланған қаражаттың игерілмеуіне жол бермеу үшін басшылар конкурстық рәсімдердің уақытылы жүргізілуіне, әзірленген жобалық-сметалық құжаттама бойынша оң қорытындының алынуына, құрылыс-монтаждау жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталуына, тауарлардың уақытылы жеткізілуіне бақылауды күшейтуі қажет екенін айтты.

Жалпы, 2023 жыл жемісті аяқталса да шешілмеген мәселелер мен жүзеге асырылатын жаңа жобалар, міндеттер көп екенін айтқан облыс басшысы ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаевтың, білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменовтің баяндамасын тыңдады. Қос саладағы жеткен жетістіктерді тыңдаған аймақ басшысы 2024 жылы атқарылатын жұмыстың қағаз жүзінде емес, іс жүзінде, санға емес, сапаға мән беріп орындалуы керектігін қатаң ескертті.

– Өткен жылы ауылшаруашылық саласындағы көрсеткіштері бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізілді. Дегенмен, жүгері дақылының жоспардан көп егілуінің және аудандарда дәнді дақылдарды себу жоспарын бақылауда ұстамау салдарынан шаруалар өздерінің өнімдерін әлі күнге дейін толық жинап өткізе алмауда. Бұл – үлкен мәселе. Келесі жылы мұндай қателікке бой алдырмау керек. Биыл қар аз. Судың тапшылығы болуы мүмкін, бұл тек биылғы жылғы мәселе емес, жаһандық проблема. Қазіргі уақыттың талабы су үнемдеу технологиясын, тамшылатып суаруды қолдану. Біздің облыста бұл тәжірибені жандандыру керек. Ал білім саласындағы маңызды мәселелерді шешу үшін нақты жұмыс істеу керек. Мәселен, білім саласына бөлінетін қаражат облыстық бюджеттің 40%-дан астамын құрайды. Осы қаржы тиімді игерілуін қатаң бақылауға алған жөн. Білім саласының басты мақсаты – сапалы білім мен саналы тәрбие беру болса, неге облыста білім сапасы 64,2% ғана көрсетеді? Білім сапасының деңгейі облыстық көрсеткіштен төмен Ескелді (61,7%), Алакөл (61,5%), Кербұлақ (60%) аудандары бойынша тексеру жұмыстары жүргізілсін. Шалғай аудан, ауылдарға барып мектеп директорларымен кездесіп, білім сапасын арттыруға нақты жоспар құрып, жұмыс істеу білім басқармасының жұмысы. Бүгінде бос тұрған 28 мектеп директорларын тағайындау мәселесі де әлі шешімін таппады. Колледж түлектерін жұмыспен қамту көрсеткіші төмендеп кетті. Оқу бітірген түлектердің мамандығы өңірдегі жұмыс беруші кәсіпорындар мен мекемелердің сұранысына сәйкес келмейді. 20-30 жыл бұрынғы мамандықтарды ауыстырып, заман талабына сай келетін мамандық қосу жұмысы қанша айтылса да нәтижесін көрген жоқпыз. Мемлекет басшысының Талдықорған қаласында ірі шетелдік технологиялық университеттің филиалын ашу жөніндегі тапсырмасы орындалмады. Айтылған мәселелер жақын арада шешілуі тиіс, – деді облыс әкімі.

Келесі кезекте «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын, «Халық қатысатын бюджет» жобасын, Ұлттық қор қаражатын, тұрғын үй сатып алуға республикадан бөлінген қаржыны тиімді пайдаланбаған, берген уәделерін уақытында орындамаған Алакөл, Ескелді аудандары әкімдеріне жүйелі жұмыс істеу керектігі тапсырылды.

Облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы экономикалық өсуді қамтамасыз ету және азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту мақсатында басты міндеттерді шешу үшін жауапты сала мамандарына нақты тапсырма берді.

2024 жылдың соңына дейін 2,0 пайыз өсім қамтамасыз ету жүктелді. Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жасап, «Ірі жобалар» шеңберінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражатты толық игеріп, жергілікті жерлерде тиімді іске асыруды жауапты мамандарға тапсырды. Барлық құрылыс, күрделі жөндеу объектілерін мерзімінде аяқтап, әсіресе тұрғын үй сатып алуға бөлінген қаражатты толық игеріп, өткен жылғы қателікті қайталамай, кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін республикадан бөлінген қаражатты тиімді пайдаланып, конкурстық рәсімдерді уақытылы өткізуді бұйырды.

Өнеркәсіпте облыстың жүйе құраушы және ірі кәсіпорындарында өндірістің төмендеуіне жол бермеу қажеттігі де назардан тыс қалған жоқ.

– Тағы бір маңызды міндет – инвестиция тарту. Біз бұл жұмысты айтарлықтай жандандыруға тиіспіз. Қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдей түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Біздің облыста «КөксайМұзбел» шоғырландырылған құрылыс тау-кен компаниясы металлургия комбинатын, ACWA Power компаниясы қуаты 1 ГВт-тық ірі жел электр стансысын салу және «Қазақстан – Қытай халықаралық өнеркәсіптік қаласы» индустриялық паркін құру сияқты ірі жобаларымыз бар. Аудан мен қалалардың әкімдері барлық жоспарланған инвестициялық жобаларды іске асыруды жеке бақылауға алып, экономика секторларына, өсу резервтеріне қосымша инвестициялар, әсіресе жеке инвестициялар тарту жөнінде шаралар қабылдаулары тиіс. Облыс жетістігінің жоғары болуы әр сала мамандарының жүйелі жұмыс істеуіне байланысты. Тапсырма – айқын, шешімдері талқыланды. Сондықтан да жоғарыда айтылған кемшіліктерді жойып, жұмысты ширату керек, – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Еңлік Кенебай
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай