Жетісу облысында ірі көлемдегі контрафактілік алкоголь өнімдері әшкереленді

Уақыты: 01.02.2024
Оқылды: 470
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облыстық Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері былтыр қаржы пирамидаларына ақша салған жетісулықтардың 230 миллион теңгеге жуық қаражаттарынан айрылғанын жария етті.

Сондай-ақ аймақта жалған кәсіпкерлікпен айналысушы алаяқтардың да саны көбейген. Жыл басынан бері департамент тек контрафактілік өнім бойынша 4 қылмыстық іс қозғады.

Экономикалық тергеу департаменті кәсіпкерлік қызметті тіркеусіз және міндетті лицензиясыз жүзеге асырған адамдар тобын әшкерелеген. Тергеу барысында 48,5 мыңға жуық қорап темекі, құрамында спирт сұйықтығы бар 34 канистр, 6 мыңнан астам бөтелке алкоголь өнімі тәркіленіп, жойылды.

- Департамент акцизделетін өнімнің көлеңкелі айналымына қарсы күрес шеңберінде алкоголь өнімін өндіру бойынша жерасты цехтарының қызметін тоқтатылды. Бұл цехтар Алматы облысының маңында орналасқан, ал өнімдерін жеткізу тек Жетісу облысының аумағында жүзеге асырылған. Сондай-ақ, экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Жетісу облысында өткен жылы 230 миллион теңгеге жуық қаржы салған үш қаржылық пирамиданы анықтады, - дейді Жетісу облысы Экономикалық тергеу департаментінің маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Ербол Құрманбаев.

Алдағы уақытта қаржылық қылмыстар бойынша ҚР заңдарының бұзылуын анықтау жұмыстары күшейтілмек.

Дереккөз: KAZINFORM
Фото: freepik.com