Мұражайдағы түн

Уақыты: 01.02.2024
Оқылды: 428
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласында Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығына арналған «Мұражайдағы түн» атты әдеби кеш өтті. Жас ақындар мен студенттердің қатысуымен өткен шара  «Jetisy jastary» мемлекеттік мекемесінің бастамасымен ұйымдастырылды.

Көрнекті ақынның өмірі мен шығармашылығы баяндалған мұражайда қазақ әдебиетінің классикасы, қолжазбалары, кітаптары, баспа машинкасы және жеке заттардан тұратын 6 мыңнан астам жәдігері сақталған. Мұның барлығы ақынның балалары мен туыстарының, жерлестерінің күш-жігерінің арқасында жиналыпты. Экспонаттардың бір бөлігі бүкіл ел бойынша әртүрлі мұрағаттардан, сондай-ақ, Қазақстан Ұлттық музей қорынан алынған.

Аталмыш кеш үш кезеңде өтті. Алдымен студенттер мен ақындар Ілияс Жансүгіровке арналған дәріске қатысып, оның өмірі мен шығармашылық жолымен танысты. Өнерпаздар өлең оқып, ақындар домбырада ойнап, әуелетіп ән шырқады. Музей директоры Нұргүл Жауынбаева келушілерге құнды жәдігерлердің маңыздылығы туралы айтып өтті. Екінші кезең мұражай бойынша экскурсия болды. Ал үшінші кезең викториналық сұрақтардан тұрды. Студенттер ақын шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап бере отырып, білімдерін шыңдады. Сайыста белсенділік танытқан қатысушыларға сыйлықтар табысталды.

– Бүгінгі шара бізді ерекше сезімге бөлегені рас. Мұндағы студенттер көзбен көруге болатын ерекше атмосфераны сезініп, «Мұражайдағы түн» фильмімен ұқсастықтар бар екенін байқады. Сондай-ақ, көпшілік барлық жанрда қалам тербеген ақынның шығармашылығымен жақын танысып, білім көкжиегін кеңейтті, – дейді Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті «Құқықтану» мамандығының білімгері Шыңғыс Ахметаев.

А. ӘБІЛТАЙҚЫЗЫ