ҮШТӨБЕ МАҢЫНДА ПОЛИЦЕЙДЕН ҚАШҚАН "ЛЕКСУС-470" АВТОКӨЛІГІ АУДАРЫЛДЫ

Уақыты: 28.04.2020
Оқылды: 936
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында карантин бекетін елемеген жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасады.

Алматы облысының Қаратал ауданында санитарлық бекетке тоқтаудан бас тартқан жүргізуші тәртіп сақшыларынан қашамын деп көлігін аударып алды. 27 жастағы тұрғын «Лексус-470» автокөлігін масаң күйде басқарып, Талдықорған-Үштөбе автожолының 25-нші шақырымында орналасқан №1 санитарлық бекеттен өту кезінде полицейдің заңды талабын орындамай, тоқтамастан өте шыққан.

Ізіне түскен тәртіп сақшыларын көрген жүргізуші Қаратал ауданына қарасты Ескелді ауылына бұрылған. Ауылдан шыға ол облыс орталығына бет алған. Дегенмен, 27-нші шақырымға жеткенде көлігіне ие бола алмай, жол жиегіне аударылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші мен оның қызы әртүрлі дене жарақаттарын алып, ауруханаға жеткізілді. Ал, оның автокөлігі арнайы тұраққа қойылды.

Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі сотқа дейінгі тергеу барысында жүргізушінің 2020 жылдың 15 қаңтарынан іздеуде жүргенін мәлімдеді. Жоғалып кеткеніне қатысты жүргізушінің әйелі бұған дейін шағым түсірген. Денсаулығы қалпына келген соң, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы бойынша шешім қабылданатын болады.

Билік өкіліне бағынбау дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 379-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Билік өкілінің заңды талабын орындамағаны үшін көзделетін қылмыстық жауапкершілікпен қатар күдікті масаң күйде көлік құралын басқару, төтенше жағдай тәртібін бұзу және денсаулыққа зиян келтірген жол-көлік оқиғасын жасау деректері бойынша қолданыстағы әкімшілік заңнамаға сәйкес жауап береді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"