СОҒЫС АРДАГЕРЛЕРІНЕ БІР МИЛЛИОН ТЕҢГЕДЕН СЫЙАҚЫ БЕРІЛДІ

Уақыты: 29.04.2020
Оқылды: 954
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 64 қарт жауынгер бар. Көзі тірі ардагерлерге Жеңістің 75 жылдығына орай 1 миллион теңгеден сыйақы беріліп жатыр.

Жетісудағы майдангерлер мен тыл ардагерлері және оларға теңестірілгендердің дені Талдықорған қаласында тұрады. Қазір облыс орталығында қан майданнан аман оралған 10 қарт жауынгер, 1452 тыл ардагері, 65 майдангердің жесірі және фашистік концлагер тұтқыны болған 1 адам бар.

- Жеңістің 75 жылдығына орай соғыс ардагерлері назардан тыс қалмайды. Қаһармандардың бәріне бірдей әлеуметтік, материалдық көмек көрсетіледі. Облыстық бюджеттен Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушыларына, мүгедектеріне, жалпы 10163 адамға бір реттік материалдық көмек беріледі. Осы мақсатқа облыстық қазынадан 386 миллион теңге қарастырылған. Ал Талдықорған қаласында тұратын 10 ардагерге лайықты құрмет көрсетуді бастап кеттік, - дейді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова.

"Egemen Qazaqstan"