КЕГЕН АУДАНЫНДА БІРНЕШЕ ЕЛДІ МЕКЕННІҢ ІШКІ ЖОЛДАРЫ ЖАСАЛДЫ

Уақыты: 29.01.2021
Оқылды: 1538
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Кеген ауданында өткен жылы жол құрылысына және жөндеуге, ауылдардың ішкі көше жолдарын орташа жөндеуге, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 985 миллион теңге қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Кеген, Тоғызбұлақ, Жалаңаш, Саты, Шырғанақ, Ақсай ауылдарындағы ішкі жолдар жасалды. Мыңжылқы шағын елді мекеніне, жайлауына дейінгі жолды орташа жөндеуге 413 миллион теңге бөлініп, жұмыстары толығымен аяқталды. Аудандағы елді мекендердің жол белгілері жаңартылды. Тағы бір айта кетерлігі, Кеген ауылындағы үш көшеге 25 миллион теңге бөлініп, LED экран орнатылды. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жылысай, Қарқара, Жалаңаш, Кеген, Тоғызбұлақ, Тұйық, Тасашы ауылдарындағы ішкі көше жолдары орташа жөндеуден өткізіледі.

Өңірде туризм саласын дамыту мақсатында Мыңжылқы – Шарқұдық автокөлік жолын орташа жөндеуден өткізуге 200 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр. Одан бөлек, Саты көліне баратын жолды орташа жөндеуден өткізудің сметалық құжаттарын жасатуға 10 миллион теңге бөлініп отыр. 

Сонымен, Кеген ауданын­дағы ауылдардың ішкі жолдары асфальтталып, бір қалыпқа келетін шағы алыс емес. Қазірдің өзінде аудан орталығындағы Жалаңаш, Жылысай, Шырғанақ секілді бірсыпыра ауылдардың көше жолдарына асфальт төселіп, жергілікті тұрғындардың қуаныштарын тасыта түсті. 

Игілікті іс биыл да жалғасын таппақ. Одан бөлек, «ҚазАвтоЖол» мекемесі республикалық маңызы бар Алматы қаласынан бастау алатын күрежолды, Шарын шатқалына бұрылатын жерден бастап Кеген ауылына дейін жасап, асфальттап беруді жоспарлап отыр.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Алматы облысы