МЕКТЕПТЕР ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫН БА? ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ НЕ ДЕЙДІ?

Уақыты: 13.08.2021
Оқылды: 1177
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысында үшауысымды мектептерді азайту мақсатында әр ауданда білім ошақтары салынуда. Осыған орай Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан БАЙЖҰМАНОВ Ескелді ауданындағы екі мектептің құрылыс жұмысын көріп қайтты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Батыржан Құлаймергенұлы бастаған арнайы комиссия мүшелері әуелі М. Байысов ауылындағы Темірғали Байсейітов атындағы орта мектепке ат басын бұрды. 1976 жылы салынған білім ордасы бүгінде «Ауыл – ел бесігі»  бағдарламасымен күрделі жөндеуден өтуде. Мамандардың айтуынша, 624 орынға лайықталған мектеп құрылысының жұмысы 95 пайызға  аяқталған. Мұнда жалпы 264 бала оқиды. Биыл  17 бала мектеп табалдырығын аттамақ. Заманауи үлгіде жөнделіп жатқан мектепте  42 мұғалім сабақ береді.

Сапар барысында Т.Рүстембеков атындағы орта мектеп директоры Нұрсұлтан Мұхасанов:

– Интернет жүйесі бұрын бізде бір ғана жерде болған. Биылғы оқу жылында интернетіміз жоғары жылдамдыққа қосылды. Керекті оқу құрылғылары толық алынды. Оқушылардың білім алуына барлық жағдай жасалған, – деп қыркүйекте оқушылар су жаңа мектепте білім алатынын қуанышпен жеткізді.

Осыдан кейін Абай ауылындағы 180 орынды жаңа салынып жатқан Абай орта мектебіне бас сұқтық. Мұнда мердігер «Талас-Құрылыс» ЖШС-нің 50-ге жуық жұмысшысы қызу жұмыс жасап жүр. Облыс әкімінің орынбасары мектептің ішін толық аралап шыққан соң бірқатар сын-ескертпелер айтты.

– Құрылыста ең әуелі сапа жақсы болу керек. Содан кейін уақытында аяқтау керек. Бірақ мектептің кейбір кабинеттері аяқталмаған. Тіпті, құрылғылар да қойылмаған. 10 күннің ішінде бәрін реттеңіздер. Тамыздың соңында қайта келіп тексеремін, – деді Батыржан Байжұманов.

Мамандар тапсырылған жұмысты уақытылы атқаратынын жеткізді. Жалпы, Ескелді ауданында 30 мектеп бар. Жаңа оқу жылына дейін олардың барлығын «Ашық» жүйесіне қосу жоспарланған.

Айдар ҚАЛИЕВ

Ескелді ауданы

Алматы облысы