СУ, ГАЗ, ЖЫЛУ ҚЫЗМЕТТЕРІ БОЙЫНША БІРНЕШЕ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 20.08.2021
Оқылды: 1294
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті 2020 жылғы тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы есепті талдау қорытындысы бойынша табиғи монополиялар субъектілерінің жылдық есебін қарады. Барлығы 198 есеп назарға алынды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

«Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес монополист субъектілер бекітілген тарифтік сметаның негізінде инвестициялық бағдарламаларда көзделген іс-шаралардың толық кешенін жүзеге асыруға және уәкілетті органға есептер беруге міндетті.

Мәселен, өткен 2020 жылға арналған тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын талдау барысында тарифтік сметалар бойынша шығын баптарының орындалмауына, амортизациялық аударымдар қаражатының мақсатсыз пайдаланылуына, шикізат материалдары, ЖЖМ, электр энергиясы және басқа да ресурстар бойынша шығыстар нормативтерінің сақталмауына байланысты көптеген заң бұзушылықтар анықталды.

Осыған орай, заңбұзушылықтарға жол берген 53 монополист-субъектіге қатысты аталған департаменттің №51 бұйрығымен 1 343 100 000 млрд.теңге мөлшерінде негізсіз табыстың жалпы сомасына уақытша өтемдік тарифтер енгізілді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері саласында да заңбұзушылықтар орын алды: сумен қамтамасыз ету – 253,496 млн.теңге (31 субъект); су бұру – 106,701 млн.теңге (10 субъект); жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және (немесе) жабдықтау – 972,743 млн.теңге (10 субъект); газбен жабдықтау– 1,59 млн.теңге (1 субъект); кірме жолдарды ұсыну - 8,57 млн.теңге (1 субъект).

Мысалы, Кербұлақ ауданының тұтынушылары үшін департамент ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап сумен жабдықтау қызметіне тарифін төмендетті. Атап айтқанда, «Күреңбел су» МКК-ның су қызметіне 39 866 095 теңге сомасына 1 жылға уақытша өтемдік тариф енгізді, яғни, қолданыстағы орташа тариф 80,00 теңге/м3 мөлшерінен 21,75 теңге/м3 дейін төмендеді немесе төмендеу 72,81 пайызды құрады. Енгізілген уақытша өтемдік тарифтердің нәтижесінде тұтынушыларға келтірілген залал толық өтелетін болады. Бірақ бұл қолма-қол ақшаны тікелей қайтару емес, тарифтерді төмендету жағынан қайта есептеледі. Бұдан басқа, монополист-субъектілерге қатысты енгізілген уақытша өтемдік тарифтердің нәтижесі бойынша жалпы сомасы 45 616 880 теңге көлемінде өз міндеттерін орындамау бойынша әкімшілік істер қозғалды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан