АЙТЫЛҒАН МӘСЕЛЕ АЯҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Уақыты: 30.01.2019
Оқылды: 1036
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Текелідегі Мәдениет сарайында қала әкімі Бақтияр Өнербаев халық алдында атқарылған жұмыстар жайында есеп беріп, алдағы міндеттерді саралады. Есепті тыңдауға облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ арнайы қатысты.

 

   Алдымен аймақ басшысының бірінші орынбасары Текелідегі «Green Hause – Жасыл үй» жылыжайын, аурухана мен "Текелі кенді қайта өңдеу кешені" ЖШС-ін аралап, жұмыстың жай-жапсарын білді. 
Есептік кездесуде қала әкімі Бақтияр Әлтайұлы өткен жылдың жетістіктерін жұртшылыққа тарқатып берді. Иә, қай саланы алып қарасақ та қарыштап дамып, өңір жылдан-жылға өркендеп келеді. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсы болуы үшін барлық жұмыс атқарылуда. Қала тұрғындарының көңіліне нық сенім, болашағына зор үміт артатын шойын өндіру зауыты іске қосылып, мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, былтыр ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 3,6 млрд. теңгені құрады. Қалада елуден астам шаруа қожалығы бар. «Каженов» шаруа қожалығына 8,73 гектар жерге жеміс-жидек дақылдарының және жүзімнің көпжылдық көшетін отырғызу және өсіру үшін 15,5 млн. теңге, «Аян» шаруа қожалығына асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін 13,5 млн. теңге субсидия берілді. «Алма-Дария» шаруа қожалығына сүтті қайта өңдеу бойынша шағын цех қосылып, жаңа технологиялық жабдықтар сатып алынды. 
   Әлеуметтік саланы жетілдіру бағытында 1274 адам жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік аз қамтылған 1302 адамға 50,0 млн. теңгеге мемлекеттік көмек көрсетілді. Үш жүзден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Әлеуметтік ортаны дамытудың басым бағыттарының бірі – білім беру саласын дамытуға 1 млрд. 400 млн. теңге бөлінді. Жыл сайын түлектердің білім сапасының динамикасы да өсіп келеді. Мектепке дейінгі балалар тәрбие және оқытумен толықтай қамтылған. 
   Шағын және орта бизнестің қазір барлық мүмкіндігі бойынша тиімді несие бөлінуде. Ауылға жастарды тартудың бірден-бір жолы – жұмыс орнымен қамтамасыз ету. Сол үшін де Қазақстанда «Даму» бағдарламасы жұмыс істейді. Өз ісін ашып, шағын немесе орта бизнеспен айналысамын деген азаматтарды мамандар арнайы оқытып, бизнес-жоспарын құрып, төмен бағамен несие алып береді. 
Текелі туризмін дамыту жұмыстары атқарылуда. Қалада 12 туристік инфрақұрылым объектілері бар және туризмді дамыту үшін арнайы туристік карта жасалды.
   «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында 199 шара ұйымдастырылып, 26 мыңнан астам адам қамтылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыттары бойынша 23, «Туған жер» арнайы жобасы бойынша жеті жоба жүзеге асырылды. Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған «Текелі Асар» жобасы аясында «Солнышко», «Светлячок» дүкендері, «Компот» дәмханасы, «Кәусар», «Ділдә» шағын маркеттеріндегі қайырымдылық сөрелері арқылы қаржылай және азық-түлік көмегі көрсетілді. Жеке кәсіпкер Е. Дүйсебаев қаладағы «Сұңқар» балалар футбол командасына 8 млн. теңге қаржылай қолдау көрсетті. Қора өзенінің жағалауында кәсіпкерлер балалар алаңы, Алтыбақан және «STREET WORKOUT» алаңын орнатты. «Достық» шағынауданында жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен балалар алаңы мен алтыбақан орнатылды. 
Елбасы Жолдауының негізгі басымдықтары, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары, Үкімет бағдарламалары басшылыққа алынып, қала халқының игілігі үшін жүйелі жүзеге асырылуда. 
Жиын барысында тұрғындар көкейінде жүрген сауалдарды қойды. Өлкетану орталығына автобус жүргізу, № 6 мектепті күрделі жөндеу, орталық мешіт, балалар ойнайтын алаң салу, экология мәселелері айтылды. Бұл өзекті мәселелерді өңір әкімі жоспарда тұрғанын, бұйырса келесі жылы шешімін табатындығын айтты. 
   Лаззат Махатұлы: «Есептік кездесуде қаралған мәселелер бақылауға алынады, соған орай жұмыс сапалы орындалуы тиіс», – дей келе, қала басшысының алдағы уақытта атқаратын істеріне сәттілік тіледі.

Айдар ҚАЛИЕВ.