"300 ПӘТЕР БОЛАДЫ": ҰЗЫНАҒАШ АУЫЛЫНДА КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР САЛЫНАДЫ

Уақыты: 28.04.2020
Оқылды: 2800
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мемлекет қаржысы есебінен жүзеге асырылатын құрылыс жұмыстарының ауқымы биыл Жамбыл ауданында да едәуір артады. Мұнда әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер салуға, елді мекендердің инфрақұрылымдарын жан-жақты дамытуға бюджеттен қомақты қаржы көзделіп отыр.

Халықтың өмір сүру сапасын одан әрі жақсартуға сеп болатын бұл жұмыстарға аудан бойынша барлығы 3 млрд.теңгеден астам қаражат қарастырылды.

Осынша көлемдегі қаржының бөлінуі аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына жаңаша серпін бермек. Қаржының басым бөлігі – 2 млрд.теңгеден астамы білім беру нысандарын дамытуға арналған. Қасымбек және Жайсаң ауылдарындағы орта мектептерге әрқайсысына жаңадан 300 орынды мәжіліс залы, спортзал және асхана тұрғызылмақ. Қызыләскер ауылындағы мектеп күрделі жөндеуден өткізіледі. Бірқатар құрылыс «Өңірлерді дамыту», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары шеңберінде іске асырылады. Ауылдардың экономикалық дамуына жәрдемдесу жөніндегі шараларға сәйкес Қарғалы ауылындағы мамандандырылған №2 арнайы мектеп-гимназиясына, Бесмойнақ ауылындағы Жангелді атындағы орта мектепке спорт алаңдары салынады. Мыңбаев ауылында балабақша жаңғыртылып, тұрғын аймағы электрмен жабдықталады.

Осы жылы атқарылатын ірі жобаның бірі - 287 миллион теңгеге аудан орталығында бой көтеретін 20 жалгерлік үйдің құрылысы. Бұл үйлер Ұзынағаштың шетіндегі жаңа шағынауданнан салынады. Оның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жайластыруға 198 миллион теңге жұмсалмақ. Ал алдағы жылдары аудан орталығында көпқабатты тұрғын үйлер салу жоспарда бар.

Нақтылай түссек, бес қабатқа дейінгі бес үйдің әрқайсысы 60 пәтерлі етіп салынбақ. Яғни, бес үйде бәрі 300 пәтер болады деп күтілуде. Оның жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға осы жылы қаржы қарастырылды. Жоба алдағы жылдары толық жүзеге асырылса, отбасы мүшелерін қоса алғанда шамамен мыңнан аса адам жаңа қонысқа ие болмақ.

Тұрғындарға қолайлы жағдай туғызатын игіліктерден Самсы, Үлгілі, Жайсаң, Қопа сияқты шалғайдағы шағын елді мекендер де шет қалмайды. Аталған ауылдардың ауызсумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту мен құрылысына биылға 562 миллион теңге көзделді. Сондай-ақ, Қараарша, Қайназар ауылдарының көшелеріне орта жөндеу жасалады. Жалпы аудан елді мекендерінің көшелері 276 миллион теңгеге орташа жөндеуден өткізілмек.

Құрылыс жұмыстарының қарқын алуына байланысты ауданда жаңадан 691 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Жоспарланған жұмыстар аяқталғаннан кейін де оның біразы тұрақты жұмыста қалады. 

Серік ӘШІМБЕКҰЛЫ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы