МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ: "САЙЛАУШЫЛАРҒА БЕРГЕН УӘДЕ ОРЫНДАЛУЫ ТИІС"

Уақыты: 27.01.2021
Оқылды: 958
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Іле аудандық әкімдігінде жаңадан сайланған облыстық, аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен жиын өтті. Жиын барысында Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев облыстық мәслихаттың жаңа сайланған хатшысы Жанболат Жөргенбаевты таныстырды.

Жанболат Жөргенбаевтың кандидатурасын «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Амандық Баталов, партияның облыстық филиалының Саяси кеңес Бюросы ұсынған еді. Мәслихаттың VII шақырылым депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Жанболат Әкебайұлы 2019 жылдан бастап «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған. 

Қызметке тағайындала сала аудандарға жұмыс сапарын бастап кетті. Іле ауданынан бастау алған кездесуде Жанболат Әкебайұлы өткен сайлау науқанының қорытындыларын талдап, оның ерекшеліктерін атап өтті. Одан бөлек, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» жаңа Заңға және «Саяси партиялар туралы» Заңға сәйкес партия тізіміне әйелдер мен жастарды енгізуге байланысты 30 пайыздық квота қарастырылған. Партиялық тізім бойынша  өткен Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауында 5 партия саяси додаға түсті.

Атап айтқанда, «Nur Otan», «Ақ жол», Қазақстан Халық партиясы, «Ауыл», «Адал» партиясы. Аталмыш пропорциялық модель нәтижесінде облыстық мәслихат құрамы толықтай жаңарды. Соның нәтижесінде жергілікті мәслихат құрамының 70 пайыздан астамына «Nur Otan» партиясының депутаттары тағайындалғанын жеткізді. 

Жанболат Әкебайұлы ендігі кезекте депутаттар алдында үлкен міндет тұрғандығын, сайлаушыларға берілген барлық уәделерді орындап, мақсаттарды іске асыру керектігін айтты. Сондай-ақ, округтердегі әрбір сайланушының жұмысына мониторинг жүргізіліп, формализмге жол бермей, халық қажеттілігін орындауға, оның өмір сүру сапасын жақсартуға баса мән беру керектігі де сөз болды.

Кездесу барысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының стратегиялық даму және талдау бөлімінің бас маманы Арайлым Әлімбекова сөз алып, аймақтың 2016-2020 жылдардағы даму бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі бағыттарына тоқталды. Мысалы, белгіленген аралықта өндіріс көлемі 2 есеге артқан. Одан бөлек, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі де ұлғайды. Аграрлық секторда, орта және шағын бизнесте, инвестиция тартуда да алға жылжу байқалады. 

Жиын барысында облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы инфографика түрінде таныстырылды. Жаңа жобада негізгі үш бөлім көрсетілген.

Атап айтсақ, экономиканың өсуі; өмір сүруге қолайлы және қауіпсіз өңір; өмірдің жаңа сапасын қамтамасыз ету. Сонымен қоса 16 мақсат пен 25 индикатор анықталды. Олардың қатарында 690 млрд.теңгенің 37 жобасын жүзеге асырып, 4,5 мың жұмыс орнын құру жоспары тұр. Аталмыш жобалардың ішіндегі қомақтысы – қой түлігін азықтандыру, сою және терең өңдеу бойынша ет комбинатын салу. («ZHETYSU KOY» ЖШС), мал шаруашылығы өнімдерін және оны қайта өңдеу өнімдерін өндіру («Tyson FOODS» трансұлттық компаниясы). Сондай-ақ, вольфрам кенін өндіру зауыты мен жел электр стансысын салу жоспарлануда.

Еңлік АРЫҚБАЙ

Іле ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан