Литва Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы келді

Уақыты: 24.06.2023
Оқылды: 1090
Бөлім: САЯСАТ

Литва Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Гвидас Керушаускасты қабылдаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев құрметті қонаққа Жетісу жерінің жетістігі мен табиғи ерекшелігін таныстырды.

Емен-жарқын әңгіме ауанында өткен кездесуде консул Балқаш көлінен балық аулауға жиі шыққанымен Талдықорған өңірін алғаш рет көргеніне тоқталып, тұмса табиғаттың сұлулығын ұнататынын тілге тиек етті. Оған облыстың көрсеткіштері – 8 аудан мен 2 қаладағы халықтың саны 700 мыңға жуық екенін, жер көлемі 118,5 мың шаршы шақырымға тең келетінін жеткізген Бейбіт Өксікбайұлы Балтық теңізінің жағасындағы мемлекетпен ертеден таныстығын алға тартып, екі арадағы экономикалық байланыстар нығая түсетініне сенім білдірді.

Алматы, Жетісу, Абай, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе облыстары мен Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сынды мемлекеттерге жауапты екенін атап өткен бас консул Гвидас Керушаускас Литва мен Қазақстан арасындағы тауар айналымына тоқталды. Оның айтуынша, еліміз Еуропаның қақ ортасындағы мемлекетке мұнай, ауылшаруашылық өнімдерін импорттайды. Соған сәйкес 2 елдің арасындағы қарым-қатынас берік орнаған. Осыған орай облыстардың жай-күйімен танысуға шыққан Литва Республикасының Алматыдағы бас консулы Жетісу жерінің жетістігі мен мүмкіндігін көзімен көріп қайтуды мақсат еткенін жеткізді.
Кездесуге облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Бақытнұр Бақытұлы мен облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Диас Серіков қатысты.

М. Әсетұлы