Билік сарапшылар таратқан ақпаратты теріске шығарды

Уақыты: 14.12.2023
Оқылды: 508
Бөлім: МІНБЕР

Қазақстан билігі қар барысының саны күрт азайып кеткені туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Stan.kz ақпарат агенттігі дерегіне сүйеніп. 

Бұған дейін Energyprom сарапшылары Ұлттық статистика басқармасына сілтеме жасап қар барысының саны соңғы бірнеше жылда рекордтық деңгейге дейін төмендегенін мәлімдеген.

Мәлімет бойынша, 2021 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстандағы қар барысының саны 170-тен 99-ға дейін азайған. Қазақстанның тау жоталарында 223 барыс болған, 2018 жылмен салыстырғанда олардың саны екі есеге кеміген.

Бірақ Қазақстан билігі бұл ақпаратты жоққа шығарады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті елімізде қар барысының саны көбірек екенін айтады.

"Зоология институтының есебі бойынша бүгінде Қазақстандағы барыстардың саны 180-ден асады”, – делінген ведомство өкілдерінің мәліметінде.

Сондай-ақ олар Қазақстанда 10 барысқа спутниктік таратқыштармен таңба қойылғанын атап өткен.

Естеріңізге сала кетейік, қар барысы – мысықтар тұқымдасының ең ірі өкілі және республикамыздың Қызыл кітабына енгізілген ең сирек жануар.

WWF (World Wildlife Fund) Орталық Азия бағдарламасына сәйкес, Қазақстанның үлесіне барыс популяциясының небәрі 3 пайызы ғана тиесілі. Біздің ел тарихта қар барысы үшін экологиялық дәліз қызметін атқарды. Бұл жануардың таралу аймағын ел бойынша ғана бөлуге болмайды. Жалпы, барыстың таралу аймағы 12 елдің аумағын қамтиды. Осы мемлекеттерде қар барысы Қызыл кітапқа енгізілген.

Фото: elements.envato.com