ҚАЗАҚСТАНДА КӨЛІК АПАТЫНАН ҚАЗА ТАПҚАНДАРДЫҢ САНЫ 18 ПАЙЫЗҒА ӨСКЕН

Уақыты: 05.10.2022
Оқылды: 1281
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жыл сайын елімізде орын алатын 13 мыңнан астам жол-көлік апатынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мыңы түрлі жарақат алады. Мұндай мәлімет ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Шараға Жетісу облысының атынан аймақ басшысы Бейбіт Исабаев өзі қатысты.

Селекторлық жиында баяндама жасаған Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов елдегі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жолдарын таныстырып, әр аймаққа тиесілі көрсеткіштерді жайып салды. Оның айтуынша, жол-көлік апаттары Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында көп орын алады. Осы аймақтарға бүкіл Қазақстандағы жол-көлік апатының 56%-ы тиесілі болса, қаза тапқандардың көлемі 41%, жарақат алғандардың үлесі 55%-ды құрайды. Осындай көрсеткіштердің себеп-салдарына тоқталған ІІМ басшысы: «Жол апатының негізгі себептерінің бірі – транспорттық тәртіпті сақтамау», – деп атап өтті.

Биыл жыл басынан бері полиция қызметкерлері 4,5 миллионнан астам жол жүру ережесі бұзылғанын анықтаған. Көлікті мас күйінде жүргізген 17,5 мыңнан астам жүргізуші ұсталса, 20 мың жүргізуші куәлігінен айырылған. Әкімшілік қамауға 16 мың адам алынса, 188 мыңнан астам жаяу жүргіншіге айыппұл салынған.

– Мұндай жағдайға автомектептер мен жүргізуші дайындау ісіне деген талаптың төмендігі әсер етіп отыр. Дәл қазір жүргізушілерді 747 оқу орталығы оқытады. 2018 жылдан бастап оқыту орталығын ашу қажетті түрлі лицензиялар мен келісімдер алынып тасталса, 2020 жылы ондай орталықтардың жұмысын қадағалайтын мемлекеттік бақылау тоқтатылды. Соның кесірінен сапасыз оқытуға салынатын әкімшілік жауапкершілік жойылды. Міне, соның ықпалымен кейде оқыту кезеңді шартты түрде ғана жүргізіле салады, – деген Марат Ахметжановтың сөзінен кейін сөз алған Премьер-Министр Қазақстан – жолдағы қауіпсіздік туралы әлемдік рейтингте 107 орын алатынын, жол апатынан қаза табу мүмкіндігі дамушы елдермен салыстырғанда 11 есеге артық екенін атап өтті.

Қысқасы бізде барлық көрсеткіш бойынша өсім бар. Өткен 8 айдың ішінде жолдағы көлік апаты 14%-ға, қаза тапқандардың саны 18%-ға өскен. Яғни, тәулігіне 5-6 адам жол бойында өлім құшып жатыр деген сөз. Мұндай масқара жағдайды жеделдетіп түзету керек, – деген Әлихан Смайылов жүргізушілердің арасында көлік жүргізу мәдениеті төмендеп кеткенін, жол ережесін бұзғандардың 71 мыңға жуығы анықталғанын, олардың кейбірі биылдың өзінде 150 бұзушылық жасап үлгергенін атап өтті.

Селекторлық жиында мемлекеттік қалақұрылысы кадастры жүйесін іске қосудың мәселесі де талқыланды. Тақырыпқа байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Цифрлық даму және аэроғарыштық өндіріс министрі Бағдат Мусин баяндама жасап, мәселенің өзекті әрі қажетті екендігін түсіндірді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Жетісу облысы