АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ АУМАҒЫНДА "СЕРГЕК" КАМЕРАЛАРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 07.11.2022
Оқылды: 1110
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы аумағында жол қозғалысы ережелеріне қатысты құқықбұзушылықты анықтайтын автоматты тіркеу жүйелері орнатылды. Атап айтқанда, "Сергек" бейнекамералары қараша айының 7-нен бастап толыққанды іске қосылды.

Бұл жүйелерді орнатудағы негізгі мақсат - жол қозғалысы ережелеріне қатысты құқықбұзушылықтардың, атап айтқанда, жылдамдық режимін шамадан тыс арттырудың, арақашықтықты сақтамаудың және жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Осыған орай, тәртіп сақшылары жол қозғалысы кезінде жүргізушілерді автожолдарда мұқият болуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Алматы облысында "Сергек" камералары Алматы-Бішкек автожолының 27-нші шақырымында (шығыс бағытта Қаскелең қаласының маңы), Алматы-Көкпек-Көктал жолының 26-ншы шақырымында ("Құлжа" жанармай құю бекеті), Алматы-Жетіген жолының 34-нші шақырымында (Әли ауылы), Талғар-Бәйдібек би ауылы аралығында (12-нші шақырым) және Алматы-Өскемен жолының 109-ншы шақырымында (Шеңгелді ауылының бойы) орнатылған.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"