Алаяқтардың арбауынан аулақ болыңыз!

Уақыты: 24.10.2023
Оқылды: 534
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазір елімізде алаяқтық қылмысы өршіп тұр. Олардың да айла-шарғысы уақыт өткен сайын күрделенуде. Алаяқтар банктік ақпаратқа қол жеткізуге тырысады.

Мәселен, полиция қызметкерінің атын жамылып, WhatsApp мессенджері арқылы жалған қолдан жасалған құжаттар ұсынады. Сол арқылы деректерге қол жеткізеді. Болмаса жалған банктік мөрленген куәліктер ұсынып, банк қызметкері атынан түрлі уәждер айту арқылы арам пиғылын жүзеге асырады. Мысалы, Талдықорған қалалық полиция басқармасы Б. есімді азаматтың арызы бойынша тергеп-тексеру жүргізуде. Аталған іс бойынша белгісіз тұлға оның атынан онлайн несие рәсімдеген. 

Әдетте алаяқтар несие рәсімделгені жайында жалған хабар береді. Сол арқылы жеке банктік ақпараттарды (карта мәліметтерін, банк картасының CV кодын және карта нөмірін) алуға тырысады. Әдетте алаяқтар WhatsApp мессенджерінің қоңырауын жиі пайдаланады. Себебі мұндағы қоңырауды бақылау қиын әрі байланысқа шыққан кісі шетелден хабарласуы бек мүмкін. Естеріңізге сала кетейік, банк ақпараттарын кез келген адамға таратуға болмайды. 

Соңғы уақытта алаяқтар «Колеса», «Крыша», «OLX» интернет-сайттарын да пайдаланып келеді. Сонымен қатар, «Инстаграмм», «Телеграмм», «Фейсбук», «ВКонтакте» әлеуметтік желілері арқылы жарияланған жарнамалар арқылы да пайда табуды көздейді. 

Қазіргі уақытта алаяқтықтың жандануына байланысты ішкі істер органдары қылмыстың осы түрін жасауға жол бермеуге бағытталған шаралар қабылдауда. ІІМ қылмыскерлердің алаяқтық әрекеттері туралы ескерту сипатындағы SMS хабарламалар жібере бастады. Ішкі істер органдары азаматтарды сақ болуға және негізгі сақтық шараларын ұстануға шақырады.

Айдын ТӨРЕБЕКОВ, 
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің
Жетісу облысы бойынша департамент бастығы, аға әділет кеңесшісі

Фото: ғаламтордан алынды