Жоғарғы Сот кеңесінің мүшесі кездесу өткізді

Уақыты: 24.10.2023
Оқылды: 509
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

ҚР Жоғарғы Сот кеңесінің мүшесі, Қостанай облысы Рудный қалалық сотының судьясы Жеңісбек Мырзалиев арнайы іссапармен Жетісу жеріне келіп, заңгерлер қоғамдастығының өкілдерімен және судьялар корпусымен кездесті. Шараның мақсаты – заңгерлер қоғамдастығының өкілдеріне Жоғарғы Сот кеңесінің құзыретіне кіретін қызмет туралы ақпараттық-түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу.

Облыстық сотта өткен жиында алдымен Жеңісбек Саветбек­ұлы судья болғысы ке­ле­тін азаматтарды жеке қабыл­дады. Онда қатысушылар білік­тілік емтиханына қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Осыдан кейін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың заңгерлері, жеке сот орындаушылар палатасы мен  адвокаттар алқасының өкілдері, сот төрағалары мен судьялары, судья лауазымына кандидаттар қатысқан жиын өтті. Басқосуда Жеңісбек Мырзалиев сот жүйесіне білікті кадрларды тарту, судьялар лауазымына кандидаттарды даярлау, конкурстық іріктеуден және мансаптық жоғарылау мен өз құзыреті шегінде судья лауазымына кандидаттарға қойылатын талаптар бойынша Жоғарғы Сот кеңесінің қызметі туралы айтып берді.  Сондай-ақ, 2024 жылғы 15 шілдеден бастап ҚР Жоғарғы сотының жанындағы сот төрелігі академиясы Жоғары Сот кеңесіне берілетініне тоқталды. Оқуды аяқтағаннан кейін кандидат 4 жыл ішінде біліктілік емтиханын тапсырудан және тағылымдамадан өтуден босатылады.

Жиын соңында Жоғарғы Сот кеңесінің мүшесі қатысушылардың қойған сұрақтарына жауап берді. 

"Жетісу-Ақпарат"