ӨЛКЕ ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 19.11.2018
Оқылды: 1214
Бөлім: ТҮПСАНА

   М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері елуге жуық ең құнды да қызықты жәдігерін арқалап, Балпық би ауылына саяхат жасап қайтты.

 

   Б. Құндақбаев атындағы №1 мектепте «Туған өлке – тұнған тарих» атты арнайы көрме ұйымдастырылып, оған еліміздің мақтанышы, елдігіміздің символы «Алтын Адам» көшірмесінің нұсқасы, жерлесіміз, қазақ ғарышкері А. Айымбетовтың киген киімі, ғарышкерлердің ұшу кезінде пайдаланатын тағамдары және атақты білгір әрі би, өз кезеңінде қолбасшы болған Балпық би атамыздың шайқастарда басына киген түпнұсқа дулығасы қойылды.

Тарихи мәліметтер оқушыларды қызықтырды. Музей қорында сақтаулы, жерлестеріміздің сыйға тартылған жәдігерлерінің ішінде соғыс жылдарында қолданған, Волгоград қаласынан арнайы алдырған кеңес әскерлерінің және фашистердің киген каскалары, сондай-ақ, ақпараттар мен жаңалықтарды тыңдау үшін пайдаланған патефон құрылғысына аса қызығушылықпен қарады. Бір қызығы, осы сымсыз «патефон» құрылғысының пластинкалары тек қана каучук пен пластмассадан ғана емес, кәдімгі жейтін шоколадтан да жасалғаны туралы ақпарат оқушыларды қатты таңдандырды. Орыс халқының қарағайдан жасалатын киімдердің қыртысын кетіру үшін пайдаланған «рубель» деп аталатын құралы практикалық тұрғыда көрсетілген болса, ең алғашқы көмірмен қызатын шойын үтіктің тарихы жайлы қызықты мәлімет оқушылармен қатар ұстаздардың да назарын аудартты. Көмірмен қызатын шойын үтікті XVII-XIX ғасырларда кез келген үйден кездестіру мүмкін болмаған. Өйткені үтіктің бағасы өте қымбат және жоғары бағаланған. Сол уақытта үтік арқылы үй иесінің материалдық жағдайын анықтауға болған. Шойын үтігі бар үй иесін ауқатты деп білген. Сондай ақ, 1985 жылдары қанттан жасалынған герб, яғни, КСРО елтаңбасы барша оқушыларды таңдай қақтырды.
   Міне, осындай музейлік маңызы бар жәдігерлер, ұлттық рухани қазынамыз жас жеткіншектерге әдемі әсер сыйлады деген ойдамыз.

Жазира Тауетова,
М. Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі