ЛОНДОНДЫҚТАР ДИМАШПЕН БІРГЕ ӘН ШЫРҚАДЫ

Уақыты: 20.11.2018
Оқылды: 1220
Бөлім: ТҮПСАНА

Лондонда Димаш Құдайбергеннің концерті өтті. Мәдени шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырлды. Аталған министрліктің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай концерттен видео үзінділермен бөлісті.

Концертте Димаш Құрманғазының күйі «Адайды» шебер орындаған әрі өз репертуарындағы және әйгілі француздың «S.O.S» әнін шырқады. Айта кетерлігі, дәл осы «S.O.S» әні орындалған кезде сахнаның алып экранынан мәнерлеп сырғанаушы, марқұм Денис Теннің мұз айдынында өнер көрсеткен бейнесі көрсетілді.

Димаш орындаған «Дайдидау» әнін Лондондағы көрермендердің үлкен шоғыры бірге орындап, қосылып отырды. «Indigo at the O2» залы көрермендерге лық толды. Қазақстан, Чехия, Бельгия, Ұлыбритания, Қытай, Канада, Германия, Ресей, Финляндия, Чехия секілді әлемнің 45 елінен келген әншінің жанкүйерлері концерт басталмай тұрып-ақ «Димаш» деп дауыстап, шоудың басталуын асыға күтті. Екі сағатқа созылған концерт көпшілік күткеннен артық деңгейде өтті. Әнші әрбір нөмірінде әртүрлі киіммен шықты және тек жанды дауыста ән шырқады.

Осыдан төрт күн бұрын Димаш Құдайберген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездесіп, Лондонда орындалатын әндердің 60 пайызы қазақ тілінде болатынын айтқан еді. Одан бөлек, әншіні Британ астанасындағы әуежайда әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлері үлкен қошеметпен күтіп алған.

"ҚАЗАҚПАРАТ"