АҒАЛАР САЛҒАН САРА ЖОЛ

Уақыты: 26.11.2018
Оқылды: 1677
Бөлім: ТҮПСАНА

   Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде «Бабалар жолымен, ағалар ізімен» атты рухани кездесу өтті. «Ұрпақтар сабақтастығы» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шарада аға буын өкілдері мен жастар емен-жарқын жүздесіп, тағылымды әңгіме өрбітті.

 

   Кезінде осы ауданның жастар ұйымында қызмет істеген, бүгінде дені зейнеткерлік жастағы ағалар, ата-апалар кездесуге құрметті қонақ ретінде келді. Олар алдымен Мәдениет үйінің кіреберісінде аудандық «Жас Ұлан» оқушылар үйі мен Жамбыл атындағы кәсіптік-техникалық колледж ұйымдастырған көрмені тамашалады. Онда оқушылардың өз қолымен жасаған түрлі роботтарына назар аударып, оқу орындарының жаңа заманға сай жетістіктеріне шынайы ризашылықтарын білдірді. Кездесуді аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Балжан Досалы жүргізді. 
  Сахна төріне аудан әкімі Бағдат Әлиев бастаған мәртебелі меймандар қошеметпен шақырылып, жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Өзі де кезінде жастар ұйымына жетекшілік еткендіктен Бағдат Байшалұлы алғашқы еңбек жолын қалай бастағаны, жастар ұйымындағы қызметі туралы тұшымды әңгіме айтты. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары аудандық жастар ұйымын басқарған Шәмшәдин Төлемісов сол кездегі жастар одағының қазақ жастарына ықпалы қандай болды деген сұрақ төңірегінде ой өрбітті. Сексенінші жыл жастары көшбасшыларының бірі Қайрат Карбозовқа өмірде өзіне үлгі тұтқан ұстазы кім болғаны және оның қандай жақсы қасиеттерін бойына дарыта алғаны жайлы сұрақ қойылды. Сол сияқты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырхан Меңдібаевтан қазіргі жастарға көңілі тола ма, жастар бойынан қандай қасиеттерді көргісі келетіні сұралды. Ауданға еңбек сіңірген ел ағасы Әскербек Абаев өрісті ойларымен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңесін берді. Тәуелсіз еліміздің бүгіні үшін еңбек еткен аға буын өкілдері мен жастар арасындағы әңгіме-сұхбат арасында өткен күндер өрнегінен әзірленген бейнебаян көрсетіліп, қызықты естеліктер айтылды.
   Жиында Елбасының келер жылды Жастар жылы деп жариялағаны, өз Жолдауында тәуелсіз елімізді  Мәңгілік Ел етуді мұрат қылып, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі екендігі, жастардың ел мен жерге еңбек сіңірген тұлғаларды құрметтеуі керектігі баса айтылды. Үлкендер салып кеткен сара жолды лайықты жалғастыруы үшін жастар қандай болуы қажет? Бойына қандай қасиеттерді дарытуымыз керек, қалай қалыптасқанда алға қойған мақсаттарға жете аламыз де-ген сынды сұрақтарға толымды жауап берілді.
Кездесу соңында озат оқушылар сахнада ант беріп, «Жас Ұлан» ұйымының қатарына салтанатты жағдайда қабылданды. Соңынан көрермен қазақ эстрадасының жұлдызды жұбы Мирас пен Құралайдың «Сенемін» атты ән кешін тамашалады.

Серік САТЫБАЛДИЕВ.