ҮЗДІК МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 30.11.2018
Оқылды: 1185
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ауылым – алтын бесігім» атты облыстық байқау мәресіне жетті. Ауылдық Мәдениет үйлері мен клубтары арасында өткен байқау жеңімпаздары І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында салтанатты жағдайда марапатталды.

Шараның шымылдығы облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың  сөзімен түрілді.

– Мәдениеттің өзегі, қайнар бұлағы ауылдан бастау алатыныны белгілі. Өнерді, салт-дәстүрді, рухани құндылықтарды қаймағы бұзылмаған ауылдан табамыз. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру бойынша облыста бірқатар жұмыстар атқарылуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Туған жерге туыңды тік» деген бағдары бәріміз үшін ел алдында үлкен жауапкершілік жүктейді. Халқымыздың мәдени әл-ауқатын арттырмай, толыққанды ел болу қиын екені белгілі. Барлық өнердің бастауына айналған ауыл мәдениетінің болашағы – қазақ елінің рухани кемелденуі. Сол себепті ауыл жұртшылығына деген көмегімізді аямай, қолдау таныту – біздің басты міндетіміз. Байқауға белсене қатысқан ауылдық Мәдениет үйлері мен клубтарға шын жүректен ризашылығымды білдіремін, – деді Л. Тұрлашов.

Одан кейінгі шара марапаттау рәсімімен жалғасты. Атап айтсақ, жоғары деңгейде мәдени шараларды өткізуде үздіктер қатарынан көрінген Еңбекшіқазақ ауданынан Бәйдібек би, Ескелді ауданынан Алдаберген, Жамбыл ауданынан Қарақыстақ, Ақсу ауданынан Сағабүйен, Панфилов ауданынан Кіші Шыған, Кербұлақ ауданынан Доланалы, Сарқан ауданынан Екіаша, Кеген ауданынан Жалаңаш ауылдық Мәдениет үйлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, жеңімпаз ұжымдарға дыбыс аппаратурасы және 300 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды. Сондай-ақ, жарысқа белсене қатысқан 9 Мәдениет үйіне дыбыс аппаратурасы, 17 Мәдениет үйіне компьютер сыйға тартылды.

Жиын соңы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Дәстүрлі әншілер қос ішектен күй төгіп, қоңыр дауыспен дәстүрлі ән шырқап, үкілі тақия мен бүрмелі көйлегін киіп, киелі сахна төрінің шырайын кіргізді.

Айдар ҚАЛИЕВ,

"Жетісу"