ЛАТЫН ӘЛІПБИІ: АСЫҚПАЙЫҚ, АПТЫҚПАЙЫҚ

Уақыты: 02.12.2018
Оқылды: 1373
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қазақ тілін таңбалауды кирилл жазуынан латыннегізді қазақ әліпбиіне ауыстырамыз деген күннен бастап әліпбидің үш нұсқасы ұсынылды. Айтылған Жарлық негізінде көптеген мекеме маңдайшаларындағы сөздер бірінші, екінші, үшінші нұсқамен де жазыла бастады. Солардың біразын көрсете кетсек.

Алғашқылардың бірі болып, Павлодар облысында латынша маңдайша Ақтоғай аудандық ішкі істер бөлімінде ілінді Бұл туралы https://twitter.com сайтында 2017 жылдың 14 қарашасында жазылды.

2017 жылғы 30 қазанда https://kaz.tengrinews.kz сайтында «Маңғыстау облысындағы мемлекеттік мекемелерінің атауы жазылған маңдайшалар латын әліпбиіне көшірілді» атты мақала жарық көрді. Ол мақалада: «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ағымдағы жылдың 26 қазандағы "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" №569 Жарлығына қолдау көрсету мақсатында бүгін Ақтау, Жаңаөзен қаласы, облыс пен 5 аудан әкімдігі және Ақтау қалалық мәслихатының маңдайшалары кириллицадан латын жазуына ауыстырылды» - деген ақпарат берілген еді. Мақала соңында қалдырылған пікірлердің көбісі қолдау танытқан.

Бұл халықтың латыннегізді әліпбиді қабылдауға дайын екендігін білдіреді. Бір-екі мысал келтіре кетелік. Болат атты желі қолданушысы: «Керемет жаңалық екен, ерте күнді кеш қылмай осылай ауыстырып тастаған дұрыс», Ереке: «Батыстықтар керемет үлгі көрсетіп жатыр, осыған орай көршілес облыстар да жақсы қадамдар жасайды деген ойдамын», Каторка: «Президенттің бұл бастамасын жарыса орындау керек деп білемін» деген ойларын білдірген.

https://www.nur.kz сайтында 2017 жылдың 25 қыркүйегінде «Вывески на «русской латинице» появились в Шымкенте» атты мақала шықты. «Аbay parki» мен «detskii razvlekatelnyi kompleks» кешендерін асығыстықпен латыннегізді қазақ әліпбиінде бермек болған. Қазақша нұсқасында «Абай саябағы» деп кирилше беріліп, латын әлібиінде «Аbay parki» деп беруі мүлде дұрыс емес. Осы екі маңдайшаны жазған кезде Қазақстандағы кириллнегізді қазақ әліпбиін ендігі кезекте латыннегізді қазақ әліпбиіне ауыстырамыз дегенді дұрыс түсінбеген сияқты. Себебі, латыннегізді қазақ әліпбиіне тек қана кириллнегізді қазақ әліпбиі ғана ауысады. Ал кириллнегізді орыс әліпбиі сол күйінде қала береді.

https://www.nur.kz сайтында 2017 жылдың 27 қазанында «Новая латиница: Какие казахстанские названия уже никогда не будут прежними» атты мақала шықты. Ал «Цесна» комнапиясын жаңа латыннегізді қазақ әліпбиінде «Tsesnabank» деп көрсетіпті. Бұнда берілген атаудың қалай жазылуы керектігін емле-ережелер шыққан соң нақты айта аламыз. Себебі, әліпбиімізден алынған «Ц» әріпін қандай таңбамен көрсететініміз әлі де басы ашылмаған мәселе болып тұр. Сонымен қатар, «Баян сұлу» дегендегі «я» әріпін екі таңбамен береміз.

Осы тәрізді көптеген түйткілді мәселелерді шешу үшін мемлекет тарапынан төрт топ құрылғаны белгілі Олар: орфографиялық (орфография мен орфоэпия ережелерін дайындау үшін), әдістемелік (латын әліпбиін үйрету және оқыту әдістемесін жасау үшін), терминжасам (терминологиялық базасын жүйелеу үшін), техникалық (ІТ-технологияға латыннегізді қазақ әліпбиін ыңғайлау үшін).

Жұмыс топтарына әр саланың кәсіби мамандары тартылып, көптеген жұмыстар атқарылып отыр. Осы жыл соңында тілші-ғалымдар орфографиялық емле-ережелерді шығарған соң, сауатты түрде маңдайша атауларын өзгерте беруге болары анық.

Бірақ қазіргі таңда акутты әліпби қабылданғаны белгілі. Кейбір орындарда әлі де ескі екі нұсқамен маңдайша атауларын күні бүгін ауыстырып жатқандар да бар. Ал кей орындарда асығыс жазылған маңдайшалар алынып, акутты әліпбиде қайта жазылу барысында. Бұл екі немесе үш еселік шығын болып отыр. Оның үстіне көптеген қателіктер те табылып отыр.

«Төл жазуымыз латын графикасына көшкенде жер-су атауларының аударылатын, аударылмайтын, транслитерацияланатын, транскрипцияланатын жағдайларға қатысты қалыптасқан халықаралық ережелер мен стандарттарды ескере отырып, ереже жасалуы тиіс. Болашақ ережеде шетелдік атауларды мүмкіндігінше аударып, өз тілімізге икемдеп жазуымыз керек. Шетелдік атауларды жазу дәстүрі тілімізде орыс тілі арқылы қалыптасқан, болашақта сол үрдістен арыла бастауымыз керек» екендігін ономаст-ғалым Қ. Рысберген айтып кеткен болатын. Сондықтан, атауларды ауыстыруға асықпайық, емле-ереже шыққан соң түбегейлі, сауатты жазылған нұсқаны қойған жөн. Себебі, халық маңдайша атауларын, жарнамаларды көптеп оқиды. Ал оның сауаттылыққа әсері мол.

Дана ПАШАН