Хантәңірідей тау тұлға

Уақыты: 19.09.2023
Оқылды: 719
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Аспантаулар аясындағы бұрынғы Нарынқол ауданының «Үшінші бесжылдық» ұжымшарында  1940 жылдың 9 желтоқсанында қарапайым отбасында дүниеге келген атам Бекен Көкішұлы біз үшін Хантәңірідей тау тұлға. Соғысқа аттанған әкесінен небәрі 3 жасында қалып, кейінірек қиын-қыстау кезеңде бала-шағасын жалғыз асырауға мәжбүр болған анасы да жыраққа еңбек етуге кетеді. Жалғыз қалған атам туған-туыстың қарауына беріледі. Өмір атты мұхитқа кіп-кішкентай баланың жападан-жалғыз аттануы – үлкен ерлік еді. Дайын ас, таза төсек, әке-шешенің ыстық құшағы – мұның бәрі тек арман болды да қалды. 

Тағдырдың тар жол, тайғақ кешуін бастан өткерсе де атам еш мойымады. Мұны шыдамдылық пен батылдық, қайтпас қайсар мінез деп білемін. Алыс-жақын туыстың үйінде жүріп, 10 жылдық мектепті «өте жақсы» деген көрсеткішпен тамамдайды. Ары қарай Талғар ауылшаруашылығы техникумының зоотехника бөлімін қызыл дипломмен бітіреді. Оқуға деген ынтасының жоғарылығы ма, әлде  халқының алдындағы беделді, сыйлауға тұрарлықтай үлкен тұлға болуды армандағаны ма, жас бала соғыста қайтыс болған әкесінің ақшасын жол қаражатына жұмсап жоғары оқуға түсіпті. 

Білімді де зерек өскен атам ешбір таныссыз өз күшімен 21 жасында Ленин атындағы ұжымшарда үйлестіруші зоотехник әрі №1 асыл тұқымды қой фермасының зоотехнигі секілді жауапкершілігі мол қызметтің тізгінін ұстайды. Осылайша ұжымның қиын да қызығы көп жұмысына араласуы атамның ерте есеюіне ықпал етті. Еті тірі, пысық баланың тәжірибелі маман болуы, партия қатарына өтуі, жер мен ел көруі, дос-жаранның көбеюі, бір сөзбен айтқанда, сыйлы азаматқа айналуы –  еңбекқорлығы мен табандылығының жемісі. Білімін жоғарылату мақсатында Алматы қаласына келіп, аспирантураға түсіп, 23 ғалым қатысқан арнайы кеңесте диссертациясын қорғап,  «Экономика ғылымдарының кандидаты» дәрежесін алады. 

Еңбек жолын қарапайым ұжымшарда зоотехниктен бастаған атам Ауылшаруашылығы министрлігіндегі жауапты қызметке дейін көтеріліп,  абыройлы еңбек етті. Нәтижесінде «Ауылшаруашылығына еңбегі сіңген маман», «Еңбек ардагері» сынды бірнеше марапатты кеудесіне тақты. Алматы қаласы Әуезов аудандық кеңесіне екі рет депутат болып сайланған атам өкімет тарап, жаңа қоғам басталған аумалы-төкпелі кезеңде де тәуелсіз елдің көшінің түзеліп кетуі жолында тік тұрып қызмет етті. Қазіргі таңда зейнеткерлікке шықса да Алматы қаласының әкімдігінде қаржы сарапшысы болып жүр. Ол кісі талай алдыңғы қатарлы ел басшыларымен, жоғары лауазымды мемлекет қайраткерлерімен араласқан. Күні бүгінге дейін қандай жағдай болса да бір-бірінің жанынан табылады, іздеп тұрады. Қызмет етіп жүргенде алыс-жақын шетелді аралап, көргенін көңіліне түйіп, кәдесіне жаратқан жан. Мүмкін, бұл жайттар атам үшін өмірінің қарапайым ғана тарауы болар, бірақ біз үшін зор мақтаныш. Атамның өмір керуені өзінің қаламынан туындаған «Өмір жолым – сырларым» атты еңбегінде жан-жақты терең зерделеніп жазылған. 

Жүрегі мейірімге толы, жаны жомарт атам алыс-жақын, жақсы-жаманына қарамай, көмек сұрап келген талай кісіге қолынан келгенше пайдасын тигізген. Тіпті, жетім-жесірді панасыз қалудан сақтап, талай отбасыға материалдық көмек көрсеткен, одан да маңызды мәселелерді шешуде орасан зор еңбек еткен. 

Атамның тұлға болып қалыптасуына әсер еткен бірі данышпан Абай бабамыз, екіншісі қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев ақсақал. Абай атамыздан рухани күш алса, Димаш атамыздың көзін көріп, сөзін тыңдап, қолдауы мен қамқорлығын көп көрген. Дінмұхамед ата туралы ой-толғамдарын жиі естимін. Мүмкін, атамның сол кісінің қарамағында жұмыс істеп, ойына көп нәрсені түйгендігі болар, жүріс-тұрысы мен турашылдығы, адалдығы сол кісіден аумай қалғандай. Атам қара бастың қамын ойлаған, кеудемсоқ пенделерге ұқсамаған адам. Жалтылдағанның бәрі алтын емес, жалпақтағанның бәрі жанашыр емес екенін ажыратып, басқаларға үлгі бола білді. «Арзан күлкіден, бойкүйез ұйқыдан, жеңіл олжадан бойыңды аулақ ұста» деген Димаш атаның 3 қағидасын берік ұстанып, өмір сүріп келе жатыр. 

Адам баласы алдымен жаман ойға, жағымсыз іс-әрекетке жүйрік келеді ғой. Әсіресе ел алдында жүрген, қоғамның бетке ұстар азаматтарына ту сыртынан сөзбен шабуыл жасайтындардың көп екені ащы да болса шындық. Атамның керемет қасиеті – таспен атқанды аспен атуы. Бізді де соған баулыды. «Қызым, кішіпейіл бол, көмек сұрағанды қолда» деп ақылын айтып отырады. Мектеп қабырғасында жүргенімде маған арнап  20 насихатын жазып берген. Әрдайым соған сәйкес өмір сүр деп менен уәде де алған. Соның бірінде, «Адамның көңілі бәрінен де қымбат, ешқашан қалдырма, жақыныңа әрдайым қарайласып жүр» деген. Сол сөздердің мәнін енді түсініп келемін. Өмір атты арпалыста зымыраған уақытпен жарыса жүріп, кейде жақындарыма аз көңіл бөлгендей боламын. Сөйтіп атамның көңіліне қаяу түсіріп алатын уақыттарымды енді ұғынып отырғандаймын.

Негізі ол кісінің әрбір айтылған сөзінің түбінде насихат, әрбір жасаған қадамының астарында үлкен бір іс жатады. Менімен ой таластырып, алдағы болашаққа деген көзқарасым мен мақсаттарыма көз жүгіртіп, өз бағасын бергенде атама жететін жан жоқтай көрінеді. Сол үшін Хантәңіріндей тау тұлғаға теңегенім де артық болмас. Бұл кісі келер уақытты алдын ала ойлап, әр қадамын егжей-тегжейлі жоспарлап қояды. Алматыда отырып, жырақтағы туған-туысты ойлайды. Бір сөзбен айтқанда, атамнан үйренерім, ойыма тоқитыным әлі де көп. Жаратқаннан көптің алғысын жаудырып, өмір жасын ұзақ қыла көрсін деп сұраймын. Мұндай дария кеуде қария жалғыз отбасына ғана емес, бүкіл қазақ еліне қажет. 

Атамның дене мен ой тазалығын сақтауы, әрбір қадамын бүге-шүгесіне дейін жоспарлауы, туған-туыс пен елдегі жағдайдан әрдайым хабардар болуы, көмегі керек жерде лезде араласа кетуі екінің бірінде бола бермейтін қасиет. Құдай қосқан қосағы ақсамай апама деген құрметі де ерекше. Қос бәйтерегіміз жұбын жазбай, әлі де ғұмыр кеше берсе екен. Атам жайлы перзенттік сөзімді өзінің «Өмір жолым – сырларым» кітабындағы айтылған бірер ой-тұжырыммен түйіндегенді жөн көрдім.  

«Өмір – бақыт» дейміз. Менің түсінгенімде еш жерде бос жатқан бақыт жоқ. Адал еңбек істеп, қоғамға пайдаңды тигізіп, отбасыңды қанатыңның астына алып, қамқоршы болып, қиыншылықты жеңсең – бақыт сол. Адам баласы жеңбейтін қиыншылық жоқ екенін ұмытпаған жөн, ағайын!.. 

Тегінде «жігіттің сөзі өлгенше, өзі өлсін» дейтін дәрежеге көтерілмейінше істе береке, сөзде пәтуа болмайды. Біз жұмыс істеп жүрген кезде жалған ұрлау, алдамшы ақпарлар болған емес. Онда еңбек адамдарының маңдай тері, ақыл-ойы, жүріп өткен іздері жатыр...

Адамның бойында сенім деген ерекше күш болады. Сенім күші басым кісі ойына нені алса, соны жүзеге асырмай қоймайды. Егер сенбесе, есіл уақытымды қор қылмайын деп ол істен бас тартады. Арықтан аттау үшін де адамның бойында сенім күші болуы керек. Арғы бетке секіріп өтеріне сенген адам қарғиды. Осы пікірімді жаза келе өз-өзіме мынандай сұрақ қойдым: «Мен кім едім? Жауабым: әкесіз, шешесіз жетім қалып, ана туыстың, мына туыстың үйінде жүріп, әйтеуір,  10 жылдықты бітіріп ем. Тек ширақтылығыммен, көргенді көкейге түйе білгендігіммен ел қатарлы өмір сүрдім...

Менің істеген қызметтерімнен қысқаша ғана еске алып,  жасаған қорытындым: адам баласының ойлаған ойына бағыт беріп, мұратына жеткізетін бір-ақ жол ол – ерінбей адал еңбек ету екенін білгізіп, жұмыс істетіп, қартайған шаққа жеткізген Аллаға ризамын. Шүкір, бұл тіршіліктің қуаныш-қызығын да, реніш-қиындығын да бастан өткердік. Өмірге өкпе жоқ. Бірақ асарымды асап, жасарымды жасадым деп  салды суға жіберуге болмайды. Қария қартайғанын мойындаса, жігіттің ері мойнына кетеді. Бойда қуат барда, жүрек соғып тұрғанда адам көңілі кәрілікті мойындағысы келмейді. Қайта өмір ыстық бола бастайды. Өмір сүргің келіп, құштарлана түсесің, қол қусырып қарап отыра алмайсың. Қазақ аруақ аттамаған. Тіршілігінде ата-анасын ардақтай білген халық солардың ең ізгі қасиеттерін ертеңгі ұрпақ бойына сіңіре білген. Біздің ұлылығымыз да осында...

Айнұр МИРЛАНҚЫЗЫ
Алматы қаласы