Данышпандар айдынындағы дана қайраткер

Уақыты: 11.01.2024
Оқылды: 864
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жарты ғасыр ел тізгінін ұстаған Дінмұхамед Қонаев төңірегінде түрлі мазмұндағы әңгіме мен тартымды естеліктер ұшан-теңіз. Бұл кісі турасында кеңестік дәуірдегі, коммунистік партия өмірімен байланысты тарихи ақиқаттарға кім қалай деп пікір айтса да  шын мағынасында еліміздің іргесін мықтап, Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдырған дана қайраткер ретінде танылды. Дінмұхамед Ахметұлы билік тізгінін қолға алғанда Қазақстан экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштен одақ бойынша 13-орында болса, соңында республика Ресей мен Украинадан кейінгі 3-орыннан көрінді. Осыдан-ақ дара қайраткердің саяси һәм тұлғалық болмысын айшықтауға болады. 

Дінмұхамед Қонаевтың әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы 1886 жылы туып, 1976 жылы тоқсан жасында дүние салған екен. Оқу оқып, білім алмағанымен алғырлығы мен зеректігі арқасында білгенін жетілдіріп, қазақша да, орысша да сауатты оқып, жаза білген. Жарықтық үйінің маңайындағы мешітке жиі барып, жұма намазын қаза етпепті. Оң жақ бетінде алақандай меңі болған соң есімін соған сәйкес қойған. Ал ардақты анасы Зәуре Байырқызы Шелек ауылының кедей шаруасының қызы екен. Анасы 1973 жылы 86 жасында дүние салыпты. Саналы ғұмырында Меңліахмет атамыз бен Зәуре анамыз 11 бала өсірген үлкен шаңырақ құрған. Өкініштісі,  дара тұлғамен қатар туған Гүлжанат пен Едіге нәресте кезінде шетінеп кетсе, Әмина, Маймуна, Димаш, Асқар, Фазила, Ләйлә, Гаухар, Сара, Роза ержетіп, азамат болған. Осы жеті қыздың екеуі – Ләйлә мен Фазила Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Димекең әрдайым бауырларына қамқорлық танытып, үнемі ағалығын көрсетіп жүріпті. Мұны қарындасы Роза Қонаева бір әңгімесінде былай еске алады:

– Ағамыз институт бітіргенімізше көмектесті. Институтты тамамдап, қызметке орналасқан соң әрқайсымыз тіршілігімізді жалғастырдық. Ешқайсымызды жоғары билікке тартқан жоқ.

Дінмұхамед Ахметұлы өзінің ата-бабасы, арғы тегі туралы жете біліп, оны ағайын арасындағы береке-бірліктің темірқазығына балаған. Бұл жайлы өз кітабында баяндайды. Айтуынша, ата-бабасы ел-жұртқа сыйлы, құрметті болған. Қонай мен Жұмабай батырлар қазақтың мақтанышы ретінде танылған. Әрі қарай жалғастырсаң  ұлы жүздің үйсінінен Ақсақал (Абақ), одан Қараша би, одан Бәйдібек туады. Сол Бәйдібектің екінші әйелі Зеріптен Жалманбет Ысты тарайды. Үлкен кісінің  жеті атасы: Жолын, Нұрманбет, Азынабай, Қонай, Жетібай, Жұмабай, Меңліахмет, Дінмұхамед. Текті әулет Қапшағайдан Күрті өзенінің оң жағалауын, негізінен  Іленің сол қапталымен Құйғанға дейінгі жерді мекендеген.

Данадан қалған дара сөз

Мен қанша биікке көтерілсем де халықтан төмен екенімді ұмытқан жоқпын.
* * *
Адамгершілік деген асыл қасиетті аласартып алмасақ екен. Адамдық қалыпты биік ұстау кімге де болса да үлкен сын. Өмір өзегі де осы, азаматтың жолы да осы.
* * *
Түсінбеген кісіге кешіріммен қарауға болар. Бірақ түсініп тұрып түсінбейтін, біле тұрып  жорта білмейтін бастардан құдай сақтасын деп тілейміз.
* * *
Бітімі қисық ағаштың көлеңкесі де өзіндей болады

Қазақта: «Алып алты, жеп жеті болмайды» деген бар. Ол ел үстінен ішіп-жеп жүрсең оңбайсың деген сөз.
* * *
Бүгінгі күн – кешегі күнің шәкірті.
* * *
Өмірдің екі тірегі: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау.
* * *
Орынды сын ойландырмай қоймайды.
* * *
Қараң қалған билік қайтып оңалмайды.
* * *
Ақиқаттан аттап кету – арға сын.

Елу жыл ел тағдырына араласып, жауапты қызметтерді абыройлы атқарған Дінмұхамед Ахметұлы Мәскеудің еліміздің тағдырына байланысты әрбір іс-әрекетін алдын ала сезіп, біліп отырды. Оны өз пайдасына шешуге күш салды және көздеген мақсатына жете білді. Мұны Олжас Сүлейменов тілінде айтсақ, дамудың мұндай қарқыны басқа бірде-бір республикада болған жоқ.

Өкінішке қарай, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен басталып, тоқсаныншы жылдарға дейін жалғасқан негізсіз жала мен  байбаламдар Дінмұхамед Ахметұлының ұзақ жылғы еңбегіне көлеңке түсіргені рас. Бірақ, қоғам және мемлекет қайраткері өзіне ғана тән сабыр мен ақылды мінез арқасында бәрін көтерді. Өз арының таза, кіршіксіз екеніне сенімді болды. Ұлы тұлға әділеттің соңы толық салтанат құратынын білді.

Биыл дара тұлға Дінмұхамед Қонаев туғанына 112 жыл. Оның 3 Алтын Жұлдызы, 8 Ленин ордені, 1 Еңбек Қызыл Ту ордені және 1936 жылғы тұңғыш марапаты – «Үздік еңбегі үшін» медалі Қазақстанды даму мен өрлеу даңғылына шығару жолындағы еңбегінің айнасы іспетті. Бүгінде Дінмұхамед Қонаев әділетті Қазақстан рухындағы елімен кең-байтақ дала төсінде асықпай жүріп келе жатқандай көрінеді кейде. 

Болат Бисұлтанұлы,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
«Дінмұхамед Қонаев – 110 жыл» мерекелік медалінің иегері