Соңына ізгілікті із қалдырған

Уақыты: 21.01.2024
Оқылды: 1679
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Тасқынның  екпіні күшті. Табиғаттың дүлей күшіне қарсы тұра алар кім бар?! Жауынның көп болуынан Қызылағаш су қоймасы арнасынан асып, бар екпінмен алдындағыны түгел жайпап өтті.  Тасқынмен келген үлкен мұз сынықтары үйлерді тас-талқан етті.  Аудан атқамінерлері табиғаттың дүлей күшіне қарсы тұра алмай абдырады.  Су тасқыны адамзатқа дес бермеді. Аман қалғандарға жылдам көмек көрсеткеннен басқа айла қалмады.

Мақсат –  босып кеткен, малды ауылда қалған тұрғындарды тез тауып, құтқару. Көктемнің түні ызғарлы. Жылдам көмек көрсетпесе кеш болады.  Босқан халықтың арасында қарттар мен жүкті әйелдер  бар.  Нақты шешім қабылдамаса «әттеген-ай» деп қалуы мүмкін.  Абырой болғанда біразы су келе бастағанда-ақ қашып,  басқа елді мекендерге кетіп үлгерді.  Кейбіреулері тауды бетке алған.  

Қызылағаш... Жан-жүрек езіліп барады.  Өкініш кеудені кернеп, тамаққа өксік тығылды. Адамзат, мал-мүлік қас пен көздің арасында тып-типыл болды.  Аудан әкімі Әскербек Дүйсембаев бастап, мәслихаттың төрағасы Серік Серпербаев,   орынбасарлары Сәбит Қорғанбаев пен  Берік Тынышбаев, аппарат басшысы Амандос Сабырбаев жылдам жоспар құрды.  Бұл түні төтенше жағдай өкілдері, мемлекеттік мекеменің басшылары түгел атқа қонды. 

Бірі тауға қашқан тұрғындарды тауып, Сағабүйен ауылының мектебіне жеткізуге тапсырма алды. Енді бірі өзеннің ортасындағы құрғақ төбеде қалған елді жағаға шығаруға кірісті. Бәріне тапсырма беріп,  дүрліккен жұртты жинаудың қамына кіріскен аудан әкімі Әскербек Дүйсембаев қыстауларда  қалған адамдарға, Егінсу, Ақтоған елді мекендеріне бір мезгілде көмек көрсетуге кірісіп кетті. Бұл – сынақ. Қанша ауыр болса да есті тез жинап, қауіп-қатерге қарамай, елді құтқару керектігін ұқтырды.  Таң атқанша  босқан жұрт жылы орынға жеткізілді. Шалғайдағыларға көмек кетті. Ол таң ата Қызылағаштың жұртына келді. Жанары жасқа толды. Тал басында ілініп қалған бесікті көргенде  тамағына тығылған өксік жас болып бетін жуды. Тұрғындар  тізім бойынша түгенделді.  Айы-күні жеткен бір әйел  Сағабүйенде, екеуі Талдықорғанның перзентханасында босанды. Сол күні босанған әйел баласының есімін Тасқын деп атады. Тасқын бүгінде талдырмаш жасөспірім. Орнында бардың оңалатынын дәлелдеп, ержетіп келеді. 

Бұдан арғы шаруа көптің есінде. Көп ұзамай  Қызылағашты қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті.  Малдың өлекселерін тездетіп жинап, залалсыздандырмаса ауру  тарауы мүмкін.  Бұл іс те  жылдам орындалды. Жан-жақтан келген көмектерді үйсіз-күйсіз қалғандарға қылдай бөліп тарату жауапкершілікті талап етті. Көп ұзамай  шатырда жатқандарға баспана тұрғызу ісі қолға алынды. Осындай сынаққа нағыз ер жігіт қана шыдай алатын еді. Біз, журналистер жиі барып тұрғандықтан қиын-қыстау кезде Әскербек Тұрарбекұлының жанкештілікпен еңбек еткенін көзіміз көрді. Ол бел жазып жатуға уақыт бөлмей көлікте ұйықтап жүретін. Қалай да Қызыл- ағашты  жылдам қалпына келтіріп,   кемтігін толтыру керек болды.  

Намысы бардың – нар күші бар.  Аз уақытта жаңа ауыл бой көтерді. Облыс басшылығы  Ақсу ауданына Әскербек Дүйсембаевты әкім етіп тағайындағанда шатаспаған екен. Сын сағатта   осалдық танытпады.  Сынаққа төтеп берді. Өзін аямады, елін аялады. Жазылмас дертін емес, елдің жайын бірінші орынға қойды. Жұмыс барысын облыс әкімі Серік Үмбетов қадағалап отырды. Сол кездегі облыс әкімінің құрылысқа жауапты  орынбасары Амандық Баталов жоспарды жүйелі ұйымдастырды.  Бұл жыл Әскербек Тұрарбекұлына ауыр тиді. Күн мен түнді алмастырып, жауын мен желге қарамай, елді мекенді көгалдандыру шарасы да жүргізілді.  Атпал азаматтың бұрынғы дерті сыр бере бастады. Аудандық аурухананың басшысы Әшімғали Жұмагелдин: «Әсет,  жүдеп бара жатырсың. Ауруханаға жатып, ем алып алсаңшы», – деген еді. Әскербек Тұрарбекұлы: «Ауырсам, мен ауырамын ғой. Мынадай кезде қалай емделіп жатамын?! Қызылағашты қалпына келтіріп, үйсіз-күйсіз қалғандарды баспанамен қамтамасыз ету керек.  Денсаулыққа қарайтын уақыт жоқ», – деп қысқа қайырды. Сонымен сырқатына сырқат жамады...  

Ақсу ауданында дағдарысқа қарсы бағытталған «Жол картасы» бағдарламасы көптеген саланың дамуына  серпін берді. Соңғы 3 жыл ішінде аудан бойынша 16 орта және негізгі мектептер күрделі жөндеуден өткізіліп, 18 елді мекенде мектепке дейінгі балаларға арналған шағын орталықтар ашылды.  Мәншүк Мәметова атындағы орта мектеп жаңадан салынған 180 орынды ғимаратқа көшірілді. 2010 жылы Жансүгіров поселкесіндегі мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсететін коррекциялық орталық күрделі жөндеуден өткен жаңа ғимаратқа орналасып, жұмысқа қажет жаңа үлгідегі барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Аудан бойынша бұрын жекешелендіріліп кеткен балабақша ғимараттары мемлекет иелігіне қайтарылды.  «Балапан» бағдарламасы бойынша Жансүгіров, Матай поселкелеріндегі, Егінсу, Қызылағаш ауылдарындағы балабақшалар күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Ақсу ауданы қазақтың маңдайына біткен ақындар мен біртуар қоғам қайраткерлерін дүниеге әкелген қасиетті жер.  Құлагер ақын Ілияс Жансүгіров, қазақтың тұңғыш Конституциясын жазған  Барлыбек  Сырттанов,  тұңғыш теміржолшы Мұхаметжан Тынышпаев,   қазақтың романына бәйге жариялаған Есенқұл Маманов,  ақын Сара, композитор Мұқан Төлебаевтардың туған өлкесі. 

Денсаулық сақтау саласы бойынша 2008-2010 жылдары мемлекеттік «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасына сәйкес Матай ауылдық ауруханасы, Суықсай ауылдық емханасы, Қазақстан, Сағакүрес, Ақтоған, Егінсу ауылдарында жаңадан медициналық ғимараттар салынды. Орталық аудандық аурухана күрделі жөндеуден өткізіліп, Сағабүйен, Арасан, Қопа, Еңбек, Ащыбұлақ ауылдарында медициналық мекемелер іске қосылып, заман талабына сай жаңа үлгідегі медициналық кұрал-жабдықтар, «Жедел жәрдем» көліктерімен  камтамасыз етілді. Жансүгіров поселкесінде жалпы ұзындығы 15,4 шақырым болатын 26 көше толығымен жөндеуден өткізіліп, жаңадан асфальт  салынды. Матай, Ойтоған, Қаракөз, Есеболатов, Қызылағаш, Сағабүйен, Қапал, Алтынарық, Ақсу елді мекендерінің көшелері жөндеуден өткізілді.  Бағдаршам орнатылды. Жансүгіров – Арасан, Сағабүйен – Қызылту, Кеңжыра – Ақын Сара, Егінсу ауылдарының кірме жолдары  жөнделді.  Жансүгіров поселкесінің ауызсу жүйелерін жаңғырту арқылы тозығы жеткен құбырлар ауыстырылып, кәріз жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сол сияқты Қызылағаш, Егінсу ауылдарына да  таза ауызсу берілді.

Аудан әкімі Әскербек Дүйсембаевтың  басшылығы тұсында  мәдениет саласында айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Оңтайландыру кезінде жабылып калған Мәдениет үйлері мен кітапханалар қайта ашылып, халыққа мәдени-рухани қызмет көрсету  бағытында ауылдық округтерде 22 Мәдениет, клуб үйлері мен 21 кітапхана, 2 мұражай  іске қосылды. Қапалдағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, халық көңілінен шықса, аудан орталығындағы «Ақын Сара» клубы  кайта жаңғыртылып, ауданның «Жастар орталығына» айналды. Өңірдің тарихында ерекше орын алатын Ақсу халық театры қайта ашылды. Жансүгіров поселкесіндегі Е. Сиқымов атындағы орталық стадион бүгінгі күн талабына сай күрделі жөндеуден өткізіліп, жабдықталды. Ол өзі туған Ақсу ауданын бар ынтасымен басқарды.  Ауылшаруашылық саласының маманы болғандықтан істің тетігін тез тапты. Оның үстіне  көпшіл. Бюрократтық мінез табиғатына жат. Кез келген адаммен арқа-жарқа  тіл табысып кетеді. Жақсыға әлем өз үйі. «Қарлығаштың баласы ұясына тасып жейді, қарақұстың баласы бауырына басып жейді, Ақсұңқардың  баласы  жан-жағына шашып жейді» демекші, Әскербек Тұрарбекұлы барлық жақсылық елге болсын деген адам еді. Ішкі мәдениеті жоғары, жан дүниесі таза, аңқылдаған азаматты ел-жұрты тек жақсы естеліктермен еске алады. Бүгінде Әскербек Дүйсембаев  басқарған ауданға  өзі  тәрбиелеген  Берік Тынышбаев сайланған.  Ол да ауылшаруашылығы дақылдарын өсіру, мал басын көбейту, инвестиция тарту, қант қызылшасы алқабын кеңейту барысында тынымсыз еңбек етуде. 

Әскербек Тұрарбекұлының сүйген жары Айман тәте отбасының отын лаулатып, ісін жалғастырып,  бала-шағаның тәрбиесімен қатар кәсібін де дөңгелентіп отыр. Балалары да есейіп, ержетті. Құлын қазанат болмай ма, бала азамат болмай ма?! Үлкен баласы Серік «Баян- ауыл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы. Шаруасын шалқытып, анасының  бір жағына шығысып, кәсібінен нәсібін тауып отыр. Қызы Мөлдір қоғамдық тамақтандыру саласында жұмыс жасайды. Кіші қызы Меруерт жеке кәсіпкер. Бәрі өмірден өз орындарын тапты. Байлық берсе семірмейтін, қайғы берсе жеңілмейтін ұрпақ қалдырды. 

Мәңгі өмір болмайды, мәнді өмір болады. Әскербек Тұрарбек- ұлы мәнді-мағыналы ғұмыр кешті. Соңына жақсы ат қалдырды. Ел-жұрты айта жүрер игілікті іс атқарды. Сол ісін жалғастырар іні-қарындастары бүгінде білікті мамандарға айналды. Өмірінің соңы өнегелі  іспен  өрнектеліп жатыр. 

Гүлжан ТҰРСЫН