ӨРКЕНДІ ӨҢІР ӨРНЕГІ

ӨРКЕНДІ ӨҢІР ӨРНЕГІ

Өткен жылдың еншісіне бұйырған «Өркенді өңір» деп аталатын бағалы туынды Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Жетісу» газетінің ардагер журналисі Мырзағали Нұрсейіттің толымды кітабы. Облыс әкімі Амандық Баталовтың тікелей қолдауымен 23,4 баспа табақ көлемінде жарық көрген бұл кітаптың оқырманға берер тағылымы мол.

 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жетісу кітапханасы» сериясымен шығарылған бұл кітап қаламы жүрдек журналистің тұңғыш әрі толымды туындысы. Шығарма Жаркент өңірінің бүгінгі таңдағы жасампаз жылнамасы десек артық айтпағанымыз. 

«Жері байдың – елі бай» деген кіріспемен басталатын тағылымы мол туынды «Берекелі берендер», «Ағалар жолы айшықты», «Замандастар – заңғар жандар», «Қыздары біздің жақтың...», «Қаламдастар қасидасы» атты бес бөлімнен тұрады. Кіріспенің өзі-ақ ауданымыздың кешегісі мен бүгіні және нұрлы ертеңі туралы дәйекті деректер арқылы толымды мәлімет береді. Әр бөлімдегі алуан түрлі сыр толғайтын эсселік толғаулардың көтерер жүгі салмақты.

Айталық, «Берекелі берендер» тарауында Жаркент өңіріндегі дала академиктері атанған төрт алып – Николай Головацкий, Ыбырайымжан Қожахметов, Нүсіпбек Сауранбаев, Имәр Белалов жайлы сыр толғаса, «Ағалар жолы айшықты» тарауында Әбілхан Қастеев, Дәнеш Рақышев, Бексұлтан Нұржекеұлы сияқты біртуар тарландар қатарында Ғалым Тұрғанбаев, Әділшайық Ыбыраймолдаев, Сүлеймен Көшкінов сияқты еліне еңбегі сіңген елеулі азаматтар жайында әсерлі түрде әңгіме өрбітеді.

Кітаптың үшінші тарауы тұтасымен өзінің замандас қатарластарына арналған екен. Ал, «Қыздары біздің жақтың...» деген тарау Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күлғайша Бердіғұлова, кәсіпкер келіншектер Гүлнәр Ақсубаева мен Суриям Изимова бастаған нәзік жандылардың бүгінгі таңдағы ерен еңбектері жөнінде сыр толғайды. 

Сыр толғайды дегеніміз журналистік жоралғымыз бойынша қарадүрсінді пайымымыз ғана, болмаса осы кітаптағы қай эссе, қай толғам да Мырзағали сынды қаламгердің таудай талғамы мен орамды ойының, парасатты пайымы мен қанатты қиялының жемісі. Бұл толымды туындыдағы дүниелердің бәрі ой ашықтығымен, деректердің дәйектілігімен, жазу мәнеріндегі өзіндік үлпетті үлгісімен оқырманның жүрегіне жол таба білетін жарияланымдар санатында.
Жаңа кітаптың бесінші тарауы – жоғарыда жазғанымыздай, «Қаламдастар қасидасы» деп аталады. Қасида десе, қасида. Қаламдас достары кітап авторы Мырзакең жайында жарасымды әңгіме қозғайды: бірі толымды толғанысын білдірсе, енді бірі  жүректен шыққан шынайы өлеңін өрбітеді. Қай-қайсы да жампоз журналист Мырзағали Манапұлы туралы теңіздей тебіренісін білдіріп, көлдей көңілінің көкжиегін жайып салды.
Қаламы жүрдек құрдасым,
Тұғыры биік тұлғасың.
Туған жерін кім-кім де,  
Сен сияқты жырласын, –
деген жүректе жатқан жырды жариялай келе, қаламгерге ойлы оқырманың көп, оларға берер қазынаң телегей болсын деген ізгі ниетті де білдіре кеткіміз келеді.

Құдайберді ҚҰСАЙЫН,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
 Панфилов ауданы

Оқи отырыңыз