Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ШАПАҒАТ НҰРЫН ШАШҚАН

Уақыты: 02.03.2019
Оқылды: 241
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Сырбаз мінез, ақылман ағаларымды көргенде менің де көңіліме қанат бітіп, көкжиегім кеңіп, адамдарға деген ілтипатым өсіп, арман асуымның биіктей түсетінін байқаймын. Жүріс-тұрысынан, киген киімінен, сөйлеген сөзінен айналасына шапағат нұрын шашып тұрған ел ағалары өмірдің мәнін тереңдетіп, тіршіліктің сәні сары алтындай сабырда ма деп қаламын. Олар сол байсалды, байыпты қалпымен-ақ тілдескенін аузына қаратып, ақпейілді ақылына жүгіндіреді.

Осындай ағалармен 2010 жылдың мамыражай мамыр айының бір күнінде жаркенттік кәсіпкер бауырым Серік Ақсубаевтың үйінде жолығып, етене таныстым. Бала кезден жақсы білетін жерлесіміз, қоғам қайраткері, Қазақстан Парламенті мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов ағамыз туған жеріне досы Темірхан Досмұханбетовты ерте келіпті. Өңірдегі ел-жұртпен жүздесіп, жергілікті халықтың жағдайымен танысқан кездесулерден кейін Қуаныш аға інісінің қолқалауымен жолдастарын ертіп Серіктің шаңырағына бас сұққан екен. Аста-төк дастарқан басында ел қалаулыларымен дәмдес болудың сәті түскеніне мен де қуандым.
Алғашқы таныстықтан-ақ Темірхан Мыңайдарұлымен шүйіркелесіп, әңгімеміз жарасып жүре берді. Бұрынғы спортшы, өмірінің басым бөлігін еліміздің спорт саласын алға сүйреуге арнаған Қазақстанның спорт және туризм министрінің ауылшаруашылығына деген қызығушылығы мен оны дамытуға деген құлшынысы мені таңғалдырды. Ауылшаруашылығы өндірісінің академигі атанған даланың данагөйі екі мәрте Еңбек Ері Николай Головацкийдің кеңес кезеңіндегі жетістіктерін талдап айтып, нарық қатынасына өтпелі кезеңде жүгері өсірудің кенжелеп қалған салдарын сұрастыруы оның өмірде жан-жақты жан екенін байқатқан. Тек арналы істен хабардар екенін аңғартумен шектелген жоқ, жүгері тұқымын өсіру жөніндегі ойлары мен бұл орайдағы біліктілігі мені баурап алды. Көз ашқаннан «дала аруын» баптауды даңғайыр диқандардан, Николай Головацкийдің бас бригадирі атанған әкем Тұрғанғазыдан үйренген, бүгінде соны негізгі кәсібім еткен маған осы өндіріс жайлы тың жаңалық айтқаны тәнті етті. Жүгері дақылын жаңа технологиямен өсірудің үрдістерін жіліктеп, жіктеп шыққанына қарап оның бұл өндірісті ғылыми тұрғыда зерттеп жүргеніне көзім жетті. 
Бірер жыл оздырып барып Жаркент өңіріндегі ауылшаруашылық өндірісімен жете танысу үшін Қазақстан Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Бақытжан Жұмағұлов, Темірхан Досмұханбетов, ғалым Абай Сағитов ағаларымыз келіп, біздің «Ернар» ЖШҚ және жүгері дәнін ұқсататын Закир Кузиевтің «Крахмал-сірне зауытының» жұмысымен танысты. Сол жолы депутаттар жаркенттік жүгерішілердің тілектерін тыңдап, «дала аруын» өсірушілерге Үкіметтің субсидия бөлуіне ықпал жасады. Мұның игілігін бүкіл еліміздегі, облыстағы жүгері өсірушілер көрді.
Осындай кездесулер барысында жақын таныса, сырласа келе Темірхан ағамыздың Николай қарттан кейінгі екінші ұстазыма айналғанын мойындадым. Ол құрған «Байсерке Агро» холдингіндегі малдың да, егіннің де еліміздегі ең алдыңғы қатарлы технологияларды тиянақты қолдану нәтижесінде өсірілетіндігі таңдандырды. 
«Байсерке Агроның» егінжайында өсірілген жүгерінің биіктігі бес метрге жетіп, оның әр гектарынан 1500 центнерден өнім жиналды. Ал холдинг қарауындағы голландтық қараала сиыр тұқымынан күн сайын 72 литрден сүт сауылатыны кезінде мамандар тарапынан сенімсіздік туындатып, арнайы комиссия тексергенде бір сиырдан 77 литр сүт сауылғанын журналистердің жарыса жазғанын жұрт біледі.
Панфилов ауданында «Байсерке Агроның» шет­­елдік озық технологиямен жасалған жы­­­л­ы­­­жайы бар. Осы 4,5 гектар жерге орналасқан жы­­лыжайдан өткен жылы 800 тонна томат өнімдері өн­­дірі­ліпті. Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауындағы Қазақстанның агрокешенін әлем­нің озық технологияларымен жарақтандыру жө­нін­­дегі тапсырмаларына орай атқарылып жатқан жұмыстарды осы «Байсерке Агро» холдингінің қарымды қарекеттерінен көруге болады. Еңбекпен, ізде­ніспен келген осы жетістіктерді облыс әкі­мі Амандық Баталов аймақ диқандарымен кездескен сайын мысал етіп айтудан жалыққан емес.
                                   * * *
Жаңылмасам, 2013 жылғы жазда Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов ағамызбен бірге Жаркентке Темірхан Мыңайдарұлы келді. Бұл тұста Жаркент қаласының тұрғындары спорт орталығына зар болып жүрген. Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен депутаттармен кездесуде өңірдің құрметті қариялары Қуаныш ағамызға қаратып бірқатар проблемасын айтты. Сол шешімін күткен мәселелердің қатарында аудан орталығына Спорт сарайын салу жөніндегі тілектері де бар болатын. Бұл өтінішті Қуаныш аға әріптесі Темірхан Мыңайдарұлына табыстау жөн екенін әзілдеп жеткізді.
Сол сәтте жаркенттіктер өз тілектерінің орындала қоятынына онша сене де қоймаған болар. Алайда мойнына аманат арқалап кеткен азамат өзінің уәдеге беріктігін, іскерлігін көп ұзамай-ақ танытты. Сол жылдың қыс маусымында-ақ Жаркент қаласының шығыс жақ шетінен үш гектарға жуық жер бөлініп, Спорт сарайы салына бастады. Содан былай Темекеңнің есімі ел ішінде үлкен құрметпен аталатын болды. Келесі 2015 жылдың қараша айында жалпы аумағы 2 гектар 800 шаршы метрді қамтитын Спорт кешенінің жабық сарайында көлемі  984 шаршы метрлік ойын, 218 шаршы метрлік бокс, 35 шаршы метрлік тренажер залдары және басқа да мақсатқа арналған бөлмелері бар Спорт кешенінің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына Астанадан арнайы келген Темірхан Мыңайдарұлы Жаркент өңірі халқының риясыз Алғысына бөленді.
Бүгінде №2 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі атанған бұл кешенде мыңға жуық жасөспірім спорттың 8 түрінен жаттығады. Өткен 2-3 жылда спорт мектебінің түлектері аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық додаларда ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге жетті. Атап айтсақ, 3 оқушы бокстан облыс чемпионы, 5 түлек облыстың күміс жүлдегері атанды. Волейболдан үш дүркін облыс чемпионы атанған 5 волейболшы облыстың құрама командасында өнер көрсетіп жүр. Баскетболдан да, грек-рим күресінен де осындай жетістіктер бар. Айнұр Әркінова есімді спорт мектебінің оқушысы джиу-джитсудан Астана қаласында өткен әлем біріншілігінде 48 келе салмақта сынға түсіп, әлем чемпионы атанды.
Әрине, бұл Темірхан Мыңайдарұлының Қазақ­стан спортына сіңірген ұлан-ғайыр еңбегінің бір парасы ғана. Кезінде еңбек жолын қатардағы жат­тықтырушыдан бастаған даңғайыр спортшы ҚР Парламентінің депутаты, Спорт туризм министрі, Жастар, спорт және туризм министрі, ҚР Президентінің Іс басқарушысы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің президенті, тағы басқа да мемлекеттік деңгейдегі жауапты қызметтерді абыроймен атқарды.
Қазақстан спортын ол басқарған жылдарда еліміздің жампоз спортшыларының әлемдік деңгейдегі барлық жарыстарда  биік нәтижелермен жеңістерге жетіп, тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқанын жақсы білеміз. Оның II дәрежелі «Барыс», «Ресей Федерациясы халықтарының достығы» ордендерімен және «КСРО еңбегі сіңген жаттықтырушы», «ҚазКСР еңбегі сіңген жаттықтырушысы», «Қазақстанның еңбегі сіңген қай­раткері» атақтарымен марапатталуы қажымас ең­бегінің лайықты нәтижесі. Қайда жүрсе де айналасына шарапат нұрын шашып жүретін қадірлі ұстазым әрі сыйлас ағам жайлы осындай ойларымды ортаға салуды жөн санадым.

Тасқын Жапарқұл,
«Құрмет» орденінің иегері, Панфилов ауданының Құрметті азаматы, 
«Ернар» ЖШҚ төрағасы