ТӨРТІНШІ СЫНЫПҚА ДЕЙІН ӘЖЕМНІҢ ҚАСЫНДА ЖАТТЫМ

Уақыты: 07.03.2019
Оқылды: 1176
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Осы жұмыс істеп жүргеніңе жылдан асты. Мен туралы мақала қашан жазасың? Қанша ғұмырым қалды дейсің? Әлде әжеңді Құдайға бермейін деп пе едің, сен бала?!». Бұл апамның ауылға барған сайын айтатын әзілі. «Жетісу» газетін басына жастап оқитын ғасыр жасаған қарияның бар ермегі - немересінің жазған мақалалары. Оқыған сайын марқайып қалады. «Ой, әже, қайда асығасыз?Әлі шөбереңізді бағуыңыз керек» деп көңілін көтеріп, алдап қоямын. Балаша мәз болып, маңдайымнан иіскейді. Міне, бүгін апамның бір арманын ақиқатқа айналдырар сәт туғандай. Көктемнің алғашқы мерекесіндегі өзіңе арнаған ең үлкен сыйлығым болғалы тұр.

 

Бұл бір ұзақ әңгіме. Көңіл күбісінде піскен балалық шақтың тәтті саумалы секілді дәмі тіл үйіреді. Сыр сандығында сақталған есті естеліктердің жаңғырығындай көркем. Бал татыған балдәурен сәттің боямасыз бейнесіндей ыстық. Содан ба екен, әр басқан қадамыма сәуле төгіп, қиялыма қанат байлайды. Менің титтей жеңісіме таудай баспалдақ болуымен де асқақ. Неге дейсіз ғой?! Себебі, себебі ол – менің әжем туралы. Мына өмірдегі ең асыл қасиеттерді бойыма дарытқан абзал жан. Әжіміне ай жасырынған, жанары мейірімділіктің тұнбасындай мөлдір. Сондықтан ол кісіні ерекше жақсы көремін. 

Жұмыстан қолым қалт босаса еш ойланбастан бірден ауылға тартамын. Сағыныштың сар самалы желіп ала жөнеледі. Аңсарына айналған ақшуақ күндер алыстан қол бұлғап шақырып тұрғандай күйге бөленемін. Көлік ішінде әртүрлі ойдың иіріміне түсіп, кеудемде қарапайымдылық пен ізгілік гүлі бүр жарады. Бара сала алдымен әжеммен амандасамын. Әйтпесе өкпелеп қалатын әдеті бар. Алда-жалда әкеме не анама бірінші сәлемдессем, «өз туғандарына қарай жүгіруін қарашы» деп балаша бұртиып, көңілі түсіп қалады. Бетімнен кезек-кезек сүйіп, сандықтың бұрышына тыққан тас кәмпиттерді береді. Сосын бұзылып кеткен жеміс-жидектерді қалтама тоғытады. Онысы үй маңын торыған кішкентай бұзықтардан тыққан түрі. Анам тоңазытқышқа салмаса иістеніп кететінін айтса да, баяғы әдетінше сенімді жерде ұстағанды жөн көреді. Еріксіз күлесің де қоясың. Алмай қойсаң ренжиді келіп. Амалсыз бәрін сөмкеме салып қалаға алып кететінімді ескертемін. Содан кейін барып көңілі жай табады. Екеуміз үстел үстінен самаурындағы қайнаған шай таусылғанша тұрмаймыз. Тот басқан көне әңгімелерін жанып жаңартып, жалт-жұлт еткізеді. Қарттық ырқын билеп көзі дұрыс көрмесе де барлық жарықты көңілі мен құлағына жинаған кейуана, ескі күндерді тымақтай бұлғап, төңкеріп-төңкеріп алады. Келместің кемесіне ерте мінген шалының кеңшілігін еске алып, көсіле сөйлейді. Сондағы бар айтатыны – атамның бір уыс жомарттығы.

Мен әжемнің қасына төртінші сынып оқығанға дейін жаттым. Немерелерінің ішінде менің беделім биік. Қалғандарының бәрі төсек маңайына үйдегі орындықтарды жалғап ұйықтайды. Бізді еліктіретіні - ертегісі. Аңыз-әпсаналардан таған тартқанда таң-тамаша боласың. Құдды бәрін біліп туған адамдай ақылы теңіз. Әйтсе де апамның төрт-ақ сыныптық білімі бар. Өзі өмірден үлкен мектеп жоқ деп есептейді. Тәлімді тәрбиемен ошақ басында ауызданған бала тағдырынан таяқ жей жүре сабақ алуы тиіс. Сонда дүниенің қадірін біледі. Бізге ата-анамызды құрметтеуді, алдынан кесе өтпеуімізді үйретеді. Бұл күндегі айтатын мәйекті мәтелі. Ұйықтар алдында тілімізді кәлимаға келтіріп, патшадан бастап қараша халықтың денсаулығы жақсы болуын Тәңірден сұратады. Алыстағы ағайынның бәрінің аты-жөнін атап тұрып Құдайдың назарында болуын тілетеді. Соның бәрін айтып барып тәтті ұйқының шырмауына түсеміз. Сөйтсек онысы бір-бірімізге деген бауырмалдықты арттырудың айласы екен ғой. Кейін бұл шарғы бойымызға сіңіп кетті.

Әжем өте еңбекқор адам. Аузында Алласы, күндіз-түні бір тыңбайды. Кенже ұлының үлкені болған соң ба, әйтеуір мен дегенде шығарда жаны бөлек. Алты айлығымда емшектен шығарып алып, өзі бағыпты. Анамның айтуынша арқасына мінгізіп, сиыр сауады екен. Оның үстіне ауыл сыртынан тезек теріп қайтатын көрінеді. Мұрыны бір құрғамайтын жылауыққа шаң жуытпапты. Мойнына мені қондырып, қалтасына құрт толтырып көрші-қолаңды аралап, жаңалық теріп қайтатынын ауыл келіндері әлі де сөз етіп отырады. Сонда бір ретте болса да белінің ауырғанын айтпапты данагөй. Жотасына бүргедей жабысқан мені Құдайдың берген сыйы көрсе керек. Дала мәдениеті мен баба салтын бесікте жатқанымда-ақ көкейіме құйған әжем тәрбиенің бұлағына тілім шықпай жатып шомылдырыпты ғой. Бәлкім содан ба екен, ауылдағы ағайынға бүйрегім бұрып тұрады. 

Әліппені әжем мектеп табалдырығын аттамай тұрып жаттатқызып қойды. Есеп амалдарын еркін меңгердім. Енді үздік оқушы болмау, күнә. Оқудан келгенде міндетті түрде бетімнен сүйеді. Қанша бес алып келсем, сонша рет айналып толғанады. Бұл маған үлкен қолдау болды. Әжемнің неғұрлым көп еркелеткенін қалап, күнделігімді беске толтыруға тырысатынмын. Қызық, қазір осының бәрін ойлап отырып ішімнен күліп аламын. Апамның философиясы не деген мықты еді? Қарап отырсаңыз әрбір әрекетінен жақсылықтың иісі аңқып тұрады.

Осыдан екі жыл бұрын туған күніне орай ұялы телефон сатып алып бердім. Қуанғанын көрсеңіз! Қолдана алмаса да қолынан тастамайды. Іні-қарындастарым ойнауға сұраса, бұзасыңдар деп тыйып тастайды. Мен хабарласқанда жасыл батырманы басатынын көрсеткенмін. Соны ұмытқан емес. Қасында тұрмаса шырылын естімей қалатындай ешкімге бермейді тегі. «Өзімнің балам әкеп берген» деп бағасын асырады марқайып. Ғажабы да сол ғой. Кейінгі кезде үйдің еркетотайлары білдірмей құрыққа түсіріп, тығылып ойын ойнайтынды шығарыпты. Оны сезіп қойған әжем енді кірпіш телефонын байпағына тығып ұстап жүр. Анда-санда өзі хабарласып қояды. Менің дауысымды бір күн естімей қалса, жаны жадырамайды. Бар лебізі аман-есен жүргенім. Сосын шамаң келгенше садақаны молырақ беруімді ескертеді. Пәле-жаладан, тіл-көзден сақтайтын құралдың ең ғазизі сол екенін айтудан жалыққан емес. Бүгінде уақытты байпағына жасырған телефонынан бағдарлап отыратынды шығарыпты. Апам да заманның ығына жығылайын деген-ау, сірә!

Хош. Әжем жайлы әңгіме таусылмайтын қазына секілді. Айтқан сайын жүрегіңе жылылық ұялайды. Сөзі де, сүйегі де асыл кісілер ғой. Қарттық келіп жанына түстенсе де көңілі әлі  көктемдей. Құдайдан күдерін үзбейді. Бар арманы – бала-шағасының бақыты. Ұрпағының тілеуін тілеп отырады дәйім. Айтпақшы, апам менің үйленгенімді күтіп жүр. «Отау құрсаң сенің қолыңа барып тұрамын», – дейді әкемді алдап.  Иә, бұйырса, ол күннің де ауылы алыс емес. Әже, шаңырақтың ұйытқысы болып ортамызда отыра беріңізші. Сіз барда біздің де көңіліміз жай.

Немересі - Мұхтар КҮМІСБЕК