АНАДАН АРТЫҚ ЖАН БАР МА? (жылататын жүрек сөзі)

Уақыты: 08.03.2019
Оқылды: 3304
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Дүрия көйлек киінген, шымқай көк жібек жамылған, жауқазындай жанына шуағы мол жалғанның сәулесі барша табынған, омырауына көктемнің гүл дестесін тағынған анадан артық жан бар ма?!

 

Шырылдаған сәби деп үмітін жалғап таңдарға, бесіктегі өренім өскіндей қаулап өссін деп, бақыттың нұрын кешсін деп, ұмтылсын деп заңғарға, тас емшегін жібітіп, тар құрсағын кеңітіп, бары мен нарын да бөпесіне арнаған ғазиз-жүрек анадан артық туған жан бар ма?!

Мейірімі телегей, перзенті кетсе сүрініп дауыл соққан кемедей, шайқалатын жүрегі, таразыда тым ауыр ананың жалғыз тілегі. Ол жаннан артық ешкім жоқ, біле білсек, зеңгірдің күні де жалғыз ананың жанарында күледі.

Ақ тотыдай түрленген, келбетіне қарасаң, сал сәуірдің гүліндей жазира белде бүрленген. Шаңырағыңды шат қылып, көрсетпей ешбір жат қылық, көкірегіңе нұр берген жарыңнан қымбат жан бар ма?

Затыңды ертең өсіріп, қара орманға бастайтын, қамыққанда сүйеу боп, бір жастықты жастайтын жар дегенің – жүрегің, лүпілдеп бірге соғатын, бірге сүрер өмірдің алтыннан қымбат сағатын, бір өзіңе арнаған ғұмырын, төзім, тағатын.

«Сыңар қанат сынық құс болған екен жалғанда, бір-біріне жабысып алады екен самғарда» деген ұлы дастандай, өзің үшін қуанар, жақсылығыңды әспеттеп, жомарттығыңа жұбанар әпке деген ардақты. Одан асқан қамқоршы сақи дүние сорабында айтшы кім артық туа алар?

Ағатайлап еркелер, маңдайынан бір өпсең, шаттанып сол сәт өртенер, тілеуші болған қарындас, қамалың болар алынбас, қорғаның да сол емес пе өмірде екі салынбас?! Мейірім күтер сөзіңнен, ұлылық күтер өзіңнен, лала гүліндей даланың тек қана өсер сезімнен, өрісіңді кеңейтер, абыройыңды арттырар, қызыңнан артық кімің бар?! Әкетайлап әрқашан алдыңда сенің нақ тұрар, дарқандығыңды дәріптеп, жомарттығыңды жұп қылып, мерейіңді өсіріп, көңіліңді шат қылар.

Ана – қымбат ардағың, одан соң сүйеу жан жарың, әпке деген – қамқоршың, абыройың, салмағың, қарындасың қырмызы – өмірден сыйың алғаның, ал аяулы дүр қызың – өмірдегі бар мәнің! Осының бәрі жалғанда алмастыра алмас арманға азаматтың байлығы һәм бақыты деп білген, намыстанса, нардың да белін бүгіп, шөктірген қайсар ердің қорғаны! Құрметтеу керек әрбір ер осы айтылған олжаны.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ