103 ЖАСТАҒЫ ӘЖЕ ТІЛЕК БІЛДІРДІ

Уақыты: 11.03.2019
Оқылды: 2360
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев 5 баланы дүниеге әкеліп, бүгінде 16 немере, 48 шөбере, 8 шөпшек өрбітіп отырған тыл еңбеккері, 103 жастағы Мәкіш Асаубайқызын төл мерекесімен құттықтап қайтты.

 

Аудан әкімі Ә. Жақанбаев: «Ана болу – асыл қасиет, абыройлы парыз. Сәбиінің сәл ыстығы көтерілсе де жүрек дүрсілі жиілеп, жанын қоярға жер таппайтын шешелеріміздің перзентіне деген кіршіксіз махаббатынан асып түсер дүние кемде-кем. Жақсылыққа жаны құмар аналарымыздың арқасында қаншама шаңырақтың ынтымағына сызат түспей отыр. Түзде жүріп, тірлік қамын ойлаған, ерінің жоқтығын білдірмей үйдегі бала-шағаны тәлімді тәрбиемен сусындататындар да сіздерсіздер», – деді.

Ғасыр жасаған әз-әжеге арнайы дайындаған сыйлықтарын табыстап, ақ батасын алды.

Жүзден асса да жүзінен өмірлік нәрі тарқамаған Мәкіш апа тәуелсіз еліміздің берік іргесі сөгілмесе екен деген тілегін білдірді.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы