Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АҚЫЛМАН АПА АҚЫЛИЯ

Уақыты: 17.08.2019
Оқылды: 458
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

– Саған әңгіме айтайын ба?
– Айтыңыз.
– Естігенімді ме, көргенімді  ме?
– Әрине, көргеніңізді.
– Есті қыз екенсің. Онда  кешке табиғат аясында көргенімді айтып беремін.   Саябаққа кел,– деді жанары отты, түр-тұлғасы келісті, ақсары, өткір жігіт  18 жасар мұғалім қызға.  Ол кезде 27 жасар жігіт мектеп директоры еді. 
«Жақсымен дос болсаң, басыңды сыйлай-сыйлай  сұлтан етеді» дегендей, екеуінің жан жарастығы сол күннен басталған еді.  Әбен Мұқашұлы  бала күнгі қиын да қайталанбас тәтті күндерін жүрегінен өткізе әңгімелеп, шынайы болмысымен бойжеткенді  тәнті етті.  Қиын кез дейтініміз әкеден  екі жасында қалып, анасы Рақиманың жазықсыз жала жабылып, ұсталып кеткен жарын ойлап, сағыныштан ішқұса болған күндерін көріп жабырқап, әке иісін аңсағаны. Апасы Құлпының ұлының өлгенін келініне білдіртпеймін деп ешкім жоқта зарланып, басын тасқа да, тауға да  соққанын көріп, шарасыздықтан апатайлап еңірегені. Орындалмас арман. Басқаның әкесіне қарап қызыққан өксікке толы күндері. Қанша қиындықты бастан өткізсе де жігерлі ана баласынан қалған «біржапырақ етті» адам қатарына қосамын, жасытпаймын деп жігерін жанып, арқалап жүріп ержеткізді.
Әбен Мұқаш баласы, ақын Қасым Аманжоловтың сөзімен айтқанда, өзін  кей кезде біреудің асылындай, енді  бірде біреудің жасығындай  сезінетін.  Осы ойын өзімен бірге ержеткізді.  Баба әулеттің отын өшірмеу туралы ойын санасында жетілдірді. Қиналған сәтін досқа да, дұшпанға да білдіртпеді.  Еңсең түссе албастының да төбеңе шығып, басып алатынын түйсігімен сезді.
Тәңірдің қалауымен  Ақылия      қызға пейілі ауды.  Жас та болса бойжеткеннің жанарында жалын, алысқа көз тастай алатын ақылы барын сезді. «Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын» деп Мұқағали ақын жырлағандай,  Әбен бозбала Ақылияға ағынан жарылды.   Жалғыздың жары – Құдай екен.   Құлпы әжейдің бір үміт, бір күдікпен ұстаған шаңырағы шайқалған жоқ.  Тамырдан заулаған қан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасты. Ақылына көркі сай Ақылия сенімін ақтады. Әбен Мұқашұлына жар да, жолдас та болды. Ұл-қызының анасы, немерелері мен шөберелерінің ақ әжесі атанды. 
Әже қайратты болса, бала ғибратты. Осыны түйсінген  алтын құрсақ ана жақсы істерге ұмтылды. Парасат пен иманды бойына мол жинады.  Ақылия ана Мұқаш атаның жары Рақима кейуана аманаттап кеткен,  атадан балаға мұра болып келе жатқан қайрақты қайрат етті. 
Бай мен би тұқымдарына ата жауындай шүйліккен қызылдар 1934 жылы  Өмірәлінің 28 жасар ұлы  Мұқаштың қол-аяғын кісендеп, «Халық жауы» деп ұстап әкетті. Сондағы жазығы –  дәулетті отбасынан шыққандығы. Өмірәлі бидің тұяғы болғандығы.  Мұқаш Өмірәліұлы тектінің ұрпағы. 
Өмірәлі би  Мұқашын латынша, орысша, арабша оқытты. Елдің алды болды.  Арманы – халқына қызмет ету еді.  Бірақ,  сүт бетіндегі қаймақ са-налған, жеті атасынан билік  үзілмеген  зерделі-бекзат  тұқымның ұрпағын құртып, шаш ал десе бас алатындарды   айтқанына көндіріп, айдауына  жүргізу ол кездегі өкіметтің қитұрқы саясаты еді. Тұлпардан тұғыр озған қанқұйлы заманда қазақ жеріне көз тіккендер өз заманының беделді азаматы Мұқашты да қанды құрықтарына іліндірді. Ол айдалып кеткен соң НКВД мүшелері үйге қайта келіп, тінту жүргізді. «Халық жауына» жала жабу үшін айғақ зат іздеді. Төрдегі сандықты ашып, шаңырақтың иесінен келген хатты, суреттерді алып кетті.  Құлпы ана сол кезде атадан балаға мирас болып келе жатқан қара қайрақты табанымен басып, көрсетпей алып қалды.
Сол қайрақтай  қайратты келін Ақылия шаңырақтың отын лаулатып, балаларының озық ойлы азамат болып өсуіне демеу болып келеді.  Мұрағат құжаттарына қарағанда 1937 жылы  7 ақпанда  КСРО Ішкі істер Халық комиссариатының ерекше комиссиясының қаулысымен Мұқаш Өмірәліұлы  «Заңсыз, дәлелденбеген, жала жабылған» деген тұжырыммен ақталады. Амал не, бұл кезде бәрі кеш еді. Бұл  кезде Мұқаш аға сызды жер, қараңғы қапаста аш отырғандықтан айықпас дертке шалдыққан болатын.  Қауіпсіздік комитетінде сақталған құжаттарға қарағанда Мұқаш Өмірәліұлы Карлагта қамауда болған.   Өкімет байдың тұқымы жақтастарымен бірігіп, қайтадан бас көтеруі мүмкін деген қорқынышпен Мәскеу маңындағы Дмитриев қаласына жіберген.  Сол жерде ауыр дерт ағзасын меңдеп, туған жер топырағы бұйырмай, есіл ер көз жұмады. 
Мұқаш ата көз жұмарда жалғызыма Алла қуат берсе екен, Әбентайым апасының көз жасын құрғатар қуанышы болса екен, жарым Рақима ұлының ержеткенін көріп, тәубесін айтса екен деп тілек тілеген еді. Тілеуі орындалды. Орнында бар оңалды.  Шаңырақты шаттыққа бөлеу үшін  Тәңір Мұқаштан қалған жалғыз тұяққа Ақылиядай жаратылысы бөлек жар берді. 
 Қазақ жалғыз деген сөзден қашқан. Дария кеуде, тау мүсін аталарымыз жалғыз баланы жалғыз демей, бір тал бала дейді екен. Бір тал күндердің күнінде ата-ананың тілеуімен он талға айналмақ. Ендеше,  алтын құрсақ Ақылия ана да  Мұқаштың бір тал ұлының санын арттырып, немере, шөберенің қарасын көбейтті. Бүгінде  Өмірәліден тараған ұрпақ бір рулы елге айналды. Ақылия Бекбайқызы өсірген саналы ұрпақ арманда  кеткен ата-әже рухын аспандатып, атын шығарды. 

БАҒАЛАЙ БІЛГЕНГЕ БАҚ ҚОНАДЫ

Бір күні Әбен аға мен Ақылия ана қос ұлы Талғат пен Болатты, қы-зы Гүлмираны  қасына шақырып, жазықсыз жапа шегіп,  азап шеккен аталары жайлы кеңінен әңгіме айтып, қорытындысында аталарына арнап, ас бермекші ойын білдірді. Сонымен, отыз рулы ел шақырылып, Өмірәлі шаңырағында ата-апаларға арналып, рухты аспандатқан ас берілді. «Өлі риза болмай, тірі байымайды».  «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады», – дейді дана Абай. Ақылия ана да жақсыларға жақын жүрді.  Кез келген істе мың ойланып барып шешім шығаруды үйренді. Бағалай білгенге бақ, қуана білгенге құт қонатынын естен шығармады. Басқаның қамын ойласаң өзіңнің қамың соның ішіне кіретінін ескере жүріп, жан-жағына шуағын шашты. 
 Жеті атасынан би, болыс болған, дәулеті тасыған әулетке инабатты келін түсті. Ол әлі күнге  өзін осы шаңырақтың келінімін деп санайды. Сексенге келсе де табалдырықты аттаған қонаққа ас-суын тосып, қазанын асып, қою қара шайын құйып, жүгіріп жүргені. 
 – Мен осы әулеттің келінімін ғой. Ал шөберем Айдар осы  шаңырақтың отағасы. 
 Ақылия жары Әбенге «сен менің пірімсің» деген сөзді жиі айтатын. Одан артық қандай құрмет болуы мүмкін. 
– Маған Әбекеңнің жүрегінде махаббаттың ұясы бардай көрінетін,–дейді Ақылия ана жары туралы айтып тауыса алмағанда, ойын бір сөзбен тұжырымдап. 
Ол жары  Әбеннен байлық берсе семірмеуді, қайғы берсе жеңілмеуді үйренді.  Ақылия Бекбайқызы барлық жанға ана бақытын сыйлағысы келеді. Өзі анасын көрмегендіктен  ананың аялы алақаны мен мейірімін аңсағандарға  бар пейілімен мейірленеді. Мұндайда адамзатқа ай мен  күн сияқты жақсының да ортақ екеніне тағы бір көз жеткізесің.  Жұматай Оспанұлы ақын айтқандай, «Сендер аман болыңдар, жақсы адамдар, жақсы адамдар, бұзылмас тас қамалдар» деп өлеңдеткің келеді. 
Ақылия  Бекбайқызы өз анасын көрмеді. Нұрбала анасы бұл туғаннан кейін  суық тиіп қайтыс болыпты. Анасы қайтыс болған соң Күләмдан деген тәтесі бауырына басқан. Бірақ, өмірде қиналғанда, ауырып-сырқағанда түсіне Нұрбала анасы  кіреді. Аппақ киім киген нәзік жүректі жан Ақылияны құшағына қысып, маңдайынан иіскейді. Рухы қызының қасында екенін сездіреді. Бірақ, қызы анасының жүзін көре алмайды. Қанша көрейін десе де бейнесі анық көрінбейді. Тек жан жылуының  сарқылмайтыны байқалады.   «Сенің атың Ақылия. Өзім қойғанмын атыңды. Сен ақылдысың ғой.  Сырқатыңнан сауығып кетесің» деп күш-қуат береді. Сол кезден бастап Ақылия  ширығып, өзіне де, балаларына да  жігер сыйлайды. 
Әбен екеуі үйленеміз деп сөз байласып Семейге барғанда әкесі Бекбай. «Әбен, бір ғана өтінішім бар. Бақ – ұзатылған қыз, байлық – еріп кететін мұз, бала – артта қалған із. Өмірдің ең жарастығы сыйласқан сіз бен біз, – деген екен бұрынғылар.   Жеті ұлым жер астында. Ұл орнына ұстаған қызым еді.  Осы қызымның  фамилиясы өз атымда, соны сақтасаң болды, балам! Алла жар болсын», – деп батасын берген еді.  Жас жұбайлар әке өсиетін  жерде қалдырмады.  Ақылия Бекбайқызы аты-жөнін өзгертпеді. Бүгінде Бекбайдың қызының есімі ел арасында ілтипатпен аталады.  Ақылия әже – қазыналы, баталы қарт. Әдемі қартайған.  Өзі де, сөзі де көз қуантарлық.  Үш мәрте қажылыққа барды. Имандылықты бойына жиған.  Нағыз байлық – дүниенің ағыл-тегіл көптігі емес. Нағыз байлық –  жан-дүниенің байлығы. Апамыздың рухы мықты, көршінің баласын да мәпелегісі келіп тұрады.

ӘЖЕСІМЕН АТТАС НЕМЕРЕ

Жақында Қарасай ауданында билер алқасы құрылыпты. Замандастары билік айтуға Ақылия Бекбайқызы лайық, аналар кеңесінің ішінен биге осы кісіні сайлайық дейді. Оған Бекбайдың қызы өзінің жолының  жіңішке  екенін, биді  ер адамнан қою керектігін айтып, жолын азаматтарға ұсынады. Бірақ, көпшілік  Тұмар ханшайым, Домалақ ана, Қарашаш, Зере, Ұмай ана сынды  аналарымызды халықтың құрмет тұтқанын айтып, айтқандарынан қайтпайды.   Олардың айтқан сөзін заң санаған. Кейінгі ұрпаққа ұлағат еткен.  Ақылия ана да барлық дәрежеге лайық. 
Тобықты руынан тараған ұрпақтың бір гүлі  Ақылия Бекбайқызы Абайдың сөздерін өміріне өзек еткен.  «Иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екенін» Абайдан үйренді. Бағытынан қайтқан емес.
Ананы қадірлеуді  Әбен ағаның балаларынан үйрену керек. Шуақты бір күні  Өмірәлі әулетіне іңгәләп  немере келеді.  «Бар баланың атын өзім қойдым, енді осы  кестетігерге өзің есім бер», дейді Ақылия ана Талғат ұлына. Талғат көп ойланады.  Кішкентай  сәбиге еш есім тең келмейтіндей. Бір ерекше ат қойғысы келеді.  Біраз есімді  тізіп жазып, тоңазытқыштың есігіне іліп қояды. Анда-санда барып қарайды. Ешқайсысы аспандағы айға теңеген немересіне  лайық еместей көрінеді.  Бала  перзентханадан үйге келеді. Әлі есімі қойылмаған. «Балапан», «Ботақан» аталып жүр. Сонымен баланы қырқынан шығаратын күн келеді. Таңертең Ақылия ана Талғат баласына наз айтады.  «Балам-ау,  бүгін шілде суға түсірем, қызымның құлағына азан шақырып  атын айтуымыз керек. Түске дейін айт есімін», – дейді.   Жұмысқа бара жатқанда, барған соң да  Тәкеңнің бар ойы бүлдіршінге ат қоюға ауа береді. Көлікке отырады да мешітке барады. Имамнан жаңа туған қыз балаға анамның атын қойсам бола ма деп сұрайды.  Мұндай ойды естігенде таң қалар деген  имам сөзді мұқият тыңдап, қабыл алғандай сыңай танытады. «Алдымен бұл дүниеден өткендерге арнап Құран оқиық, содан кейін ойымды айтармын» – дейді. Бет сипағаннан кейін имам: «Елге еңбегі сіңген талай адамға арналып әр жерден ат берілгені тарихтан белгілі.  Пәленбайдың құдығы, түгенбайдың қыстауы дегенді естіп келеміз. Бүгінде  бизнестегілер  де, кәсіпорын ашқандар да кәсібіне  әке-шешелерінің есімін беріп жатыр.  Онда сізге неге болмасқа? Қадірлеп, қастерлеп, немереңіз сол кісідей болса екен деп жатырсыз. Анаңыздың есімі өшпесе екен деген жақсы ойдан туып жатқан ой. Ендеше, алаңдамай немерені анаңыздың есімімен атай беріңіз», – дейді. 
Талғат Әбенұлы бірден арнайы мекемеге барып, баланың есімі жазылатын тұсқа «Ақылия» деп жаздырады.  Түсте үйге келеді. Дастарқан жайылып, ағайын-туыс арқа-жарқа. Құда-жегжат төрде отыр.  Талғат Әбенұлы жаймен ғана көзәйнегін жөндеп алып, баланың туу туралы куәлігін ашып,  есімі Ақылия деп оқиды. Сонда көңілі босаған анасы қуаныштан көз жасын ірки алмай жылап жібереді. Ал, келіні  не айтарын білмей, біраз аңырайып тұрады да ол да көз жасына ерік береді. «Қызық болды ғой, мен енді баламның атын қалай атаймын?», – деп бетін басады. Сонымен баланың есімі мөр басылып, атасы қолдап, әжесі жылап, келіні көніп,  Ақылия деп аталады.  
Ақылия әже әлі күнге аттан түскен жоқ. Әзірге Алла қуат берсе түспейді де.  Бала-шағаға  күш-қуат беруі керек емес пе?! Жаңылғанда ақыл айтып, сүрінгенде сүйеу болуы керек. Немере-шөберелердің  туған күнінде айналып-толғанып, өмірінің мәні мен сәні сол  екенін айтып, шаттандырмай ма?! 
Ақылия апа бір күні әдеттегідей ерте оянады. Баласы Болат келіп, анасының қолынан ас-су ішеді. Шайды өзі құйып береді. Бүгінгі жұмысы жайлы сұрайды. Батасын береді. Болаты анасын Абай атындағы мектепке жұмысқа апарып тастайды. Бұл – жазылмаған заңдылық. Қызық түске таман болады. Талғатқа шетелдегі қарындасы Гүлмира телефон шалып:
– Мамам қайда, – дейді алаңдаған үнмен.
– Білмеймін, Қаскелеңдегі үйінде.
– Жоқ. Ол Астанада. Бір мейрамханада отыр. Менің бір таныстарым мамаң мейрамханада бір жас жігітпен отыр деп  суретін жіберді.
– Қазір Болатқа хабарласайын.
– Алло, Болат, мамам қайда? Ас-танада жүр дейді ғой.
– Жоқ, таңертең жұмысына апарып тастағанмын. Қаскелеңдегі  қара шаңырақта. Қазір өзіне хабарласайын. 
– Мама, қайдасыз?
– Астанадамын.  Дармен немеремнің туған күні екені есіме түсті. Ата-анасы шетелде жүр ғой, жабырқап қалмасыншы  деп құттықтауға келдім. 
– Мама, баратыныңызды айтсаңыз әуежайға апарып, билет алып беріп, салып жіберетін едім ғой. 
– Аяғым, көзім сау. Қалтамда ақшам бар. Сендерді мазалап қайтемін? Кешке Алматыға қайтам ғой. Билет алып қойдым,– дейді сексен жасқа аяқ басқан ана қаннен-қаперсіз. Өз-өзіне сенімділігі даусынан аңғарылады. 
«Атың барда ел таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» демекші,  қара шаңырақ қашанда қырықтың бірі қыдыр болып келетін қонақтан арылмайды. Ақылия ана жер әлемнің аяғы жеткенінің біразына барды. 

ТЕКТІДЕН ТЕКТІ ТУАДЫ

Балалары, немерелері қай жерде болса, ол да сол жаққа барып, көріп, көзін қуантып қайтады. Төрт немересін Әбен аға екеуі  бағып, аяқтандырған. Алғашқы немересі  Әлияға ерекше көңіл бөлді. Ондағысы  алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғысы да соған тартады деген ой еді. Әлия Мәскеу мемлекеттік университетіне 17 жасында түсті. Одан кейінгілер әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында, Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінде білім алып жатыр. Ақбота, Әлібек, Ақтоты, Дәрия, Ақылия Дәрмен, Дамеля есімді немерелері білім қууда, немерелердің төлбасы  Әлиядай болуға талпынуда. Ұл-келіндері балаларының үйленетінін Ақылия ападан естиді. Немерелері  сүйген адамдары жайлы сырды алдымен апаларына айтады. Ол мақұл көрсе ата-аналарын құлақтандырады.  «Атаң асқар тау болса, анаң биік  шынарың, ата-анаңның ақылы қанып ішер бұлағың», – дейді дана бабаларымыз. Ендеше, үлкендердің ақылын «қанып ішкен» балалар жар таңдауда шатасқан емес.
«Адам баласының ең жаманы – талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады. Һәм талаптың өзі де түрлі-түрлі. Һәм сол талаптардың қайсысының соңына түссе де, бірінен бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді», – дейді  хакім Абай . Осы қағиданы берік ұстанған Ақылия  Бекбайқызы балаларына да, оқушыларына да талапты болу керек екенін айтудан жалыққан емес. Әуелі әдеп үйреніп, содан кейін барып білім іздеу керектігін әр қыз бен жігіттің санасына сіңіреді. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы екенін айтудан жалықпайды. Бүгінде Әбен аға мен  Ақылия ананың балалары елге үлгі болар қызметтер атқарады. Болаты – кәсіпкер. Ауданның барлық шарасына, игілікті ісіне қолдау білдіріп, көмек көрсетіп жүргені.  Әлеуметтік қамқорлықты қажет ететіндерге барынша көмек көрсетеді. «Қарақұстың баласы бауырына басып жейді, ақсұңқардың  баласы  жан-жағына шашып жейді», – дейді қазекем мұндайда тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бір ауыз сөзге сыйдырып. Талғаты – облыс әкімінің Әдеп жөніндегі уәкілі.  
Ақылия апаның өзі  де аттан түскен жоқ.  Абай атындағы мектепте  жоғары сыныптарға абайтану сабағын жүргізеді. Өзінің авторлық мұражайы бар. Онда Абай Құнанбаевтың 1948 жылы басылған толық жинағы бар. Бұл – мұражайдағы құнды дүниелердің бірі. 
Ел анасы атанып отырған апамызды 80 жасында газетке шығарып, өмірін көпке үлгі ету мақсатында  арнайы барып әңгімелесіп, Аналар кеңесіндегі қоғамдық жұмысымен таныстық. Ондағы көпшілік қоғадай жапырылып амандасып, апамызға құрмет көрсетіп жатыр.  Жастарға тәрбие беру жөніндегі жұмысымен таныстық. «Ұлы Дала даналары», Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғәріп», «Қызды жеті атадан ары,  жеті өзеннен өтіп ал» тақырыптарында тәрбие сағаттары әр ай сайын білім шаңырақтарында өтеді екен. Бұған ұстаз көк тиын да алмайды. Мақсат – білгенін, өмірден түйгенін, ұлағатын басқалардың бойына дарыту.  Абай атындағы мектепке барып, «Абай әлемі» авторлық кабинет, мұрағаттың мол мұрасымен таныстық. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары  Асқар Бүркітұлы.  «Ақылия ана мектебіміздің әжесі. Ақылманымыз. Жас мамандардың жұмыс істеуіне,  олардың әлеуметтік жағдайының түзелуіне барын салып, көмектеседі. Қиналған жанның жел жағына шығып, үмітін ұштап жүргені.  Ұстаздардың өзіне Абайдың қара сөзін айтып, еңбек пен қайраттың барлық қиындықты  жеңіп шығатынын түсіндіріп, алдағы күнге ұмтылдырады», – дейді.   Ақылия ана  Абай, Шәкәрім, Көкбай, Әсеттің  тағылымдарын жастар бойына сіңіруге барынша күш салып келеді. Ол кісінің «Сөнбесін шырағың» кітабы, «Әр күнге оймақтай ой» күнтізбесі, «Сыр сандық» кітапшасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға қосқан мол үлесі. Халқы ұлағатты ұстаздың еңбегін жоғары  бағалап, КСРО білім беру ісінің озаты, Қазақстан білім беру ісінің үздігі, Қазақстан  Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалінің иегері.  Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарының Құрметті азаматы атақтарын берді. Ақылия апамен сөйлесіп, ішкі жан-дүниесіне, ел-жұртына деген сүйіспеншілігіне тәнті бола отырып,  Халық ҚаҺарманы осы кісідей-ақ болар деген ой келді.

Мақала жазу барысында үш кітапты да оқып шықтым. Бәрі ұлағат. Ондағы айтылғандарды бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Қос келіні Дана мен Жаннаға, күйеубаласы Ғалымжанға және олардан тараған ұрпақтың барына мың тәубесін айтады. Әулеттің балалары мен немерелері тектіден тәрбие алғанның тозбайтынын біліктіліктерімен дәлелдеп келеді. Мерейі тасыған Ақылия әжеге балалары:  «Шөбереңіз  Айдар үйленгенше зейнетке шықпайсыз. Айдардың қызығын көріп, қолынан қымыз ішіп отырғаныңызды көргіміз келеді» – дейді екен. Бақыт деген не деп сұрағанымда: «Бақыт деген иман  мен жүректің тыныштығы» дедіңіз. Ақылман апа Ақылия,  көркем ойлау мен жеке бастың үлгісі болып арамызда ел-жұртыңыздың қуанышына ортақтасып аман-сау жүре беріңіз.

Гүлжан ТҰРСЫН