СӘДІҚОЖАНЫ ТІРІЛТКЕН ТҰЛҒА: ҚҰНЫПИЯ ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ

Уақыты: 21.10.2019
Оқылды: 2268
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің оқытушысы Құныпия Алпысбаев 70-ке келді дегенге ақылым сенсе де, көңілім сене алмады. Өйткені, Құныпияны жетпіс атты «кәрілікке» қия алмадым. Бірақ асаудай арындаған уақыт жалынан ұстатпақ түгілі, желдей ескен күйі ілестіріп кете береді екен. Сөйтіп, кешегі бала бүгінгі егде кісіге айналмай тұрмайтын көрінеді. «Өмір-ай!» дейді екенсің ондайда, өкінеріңді де, көргеніңе шүкіршілік етеріңді де білмей. Дегенмен, өткен-кеткен мен жоғары-төменді ақыл таразысына салып, әр нәрсе өз орнымен, бәріне шүкіршілік ету керек деп, ерікті түрде сабаңа түседі екенсің. Бәріне де шүкіршілік.

«Біз де бала болғанбыз» деп Бердібек Соқпақбаев жазғандай, бәріміз де балалықтың базарынан өткенбіз. Ол кезде екеуміз де құлын-тайдай тебіскен жап-жас бала едік. Алматы облысының Қарадала өңіріндегі Кепебұлақ ауылы біздің балалық шағымыз өткен ыстық мекен. Кетпен (Үйсін) тауының көкпен тілдескен мұздығынан бастау алатын Кепебұлақ өзені жатқан терең сайдың батыс жақ қырына орын тепкен шағын ғана ауыл. Әкімшілік орталығы Кетпен ауылы, бұрынғы «Сталин», кейінгі «Қызылту» кеңшарының бірінші бригадасы есептелетін.

Құныпия Кепебұлақтағы бастауыш мектептің 4-сыныбында, мен 2-сыныбында бір кабинетте оқыдық. Мұғаліміміз Ораз Қамзаев алдымен 4-сыныпқа, сонан соң 2-сыныпқа сабақ өткізетін. 4-і сыныпта 8 оқушы, 2-шіде 15 оқушы бар. Сыныбында ең жақсы оқитын оқушы Құныпияның жазуы ерекше әдемі болатын. Мен оның жазуына қызығып, соған ұқсатып жазуға тырысатынмын. Жасымыз қарайлас болғанымен, сыныбы жоғары Құныпияның ақылы да артық еді. Солай болса да, Құныпияның бойынан жылылық пен жақын тартқан жақсы ниеті сезіліп тұратын. Соған орай мен де ықылас-пейілімді таза ұстауға ұмтылатынмын.

Біз албырт балалықты бастан кешірсек те, ойынға, бейсауат жүріске, көше кезген дыр-думанға аса үйір болмаптық. Оның есесіне жан дүниеміз өнерге бейім болғанын білемін. Бірер мысал келтіре кетейін. Бастауыш сыныпта оқып жүргенімізде ауылда өзіміз жақсы танитын, ауылдың үлкен-кішісінің бәрі де жақсы білетін Іскендір ағаның үйінде той болды. «Той дегенде қу бас домалайды» демекші, ұсақ балалар қараңғыға қарамай у-шу болып, ойнап жүрдік.

Кенеттен түн түнегін қақ жарып бір ән кетті дейсің әуелеп. Мұндай асқақ та әсерлі әнді бұрын-соңды естімеппін. Ойынды тастай салып, там үйдің терезесінен ішке үңілдік. Қасымда Құныпия тұрды маңдайын әйнекке тіреп. Іште, қаумалаған үлкендердің ортасында бір жас бала домбырасын бебеулете қағып, ән шырқап отыр. Тани кеттік, осы ауылдың баласы, бізден үлкен Мотан аға. Ол кезде үлкеннің есіміне «аға» сөзін қосып айтатын әдет бар-тұғын. Ән айтады дегенді бұрын құлағым шалғаны болмаса, орындауын өз аузынан естіп, көзіммен көріп тұрғаным осы. Мотан ағамыз сонда 7-сыныптың оқушысы. Біз терезеге үңілгенде айтып жатқан әні – «Он алты қыз» бітіп, оның соңынан «Молдабай» және басқа бірнеше әнді тоқтаусыз шырқады. Соған аузымыз ашылып, таң-тамаша қалдық.

Арада көп уақыт өтпей-ақ Мотан ағамыз (шын аты – Молдасан, фамилиясы – Шәпиев): «Домбыра тауып келіңдер, күй шертуді үйретем», – деді. Таба алмағандықтан бұл өмірде домбыра тартпайтындардың қатарында қалып қойдым. Құныпия, Елемес және басқа балалар «құлақ күйін келтіруді үйрендік, «Елім-айдан» астық, күй тартуды бастадық» деп жүріп, жаңа жылдың мерекесінде сексен үйлі Кепебұлақ ауылының шатыры жоқ суық клубының ішін оркестрдің күмбір күйіне толтырып, әсем сазбен тұрғындардың жан жүрегін жылытқан. Сөйтіп, Құныпия бізге ерекше талант иесі болып көрінетін Мотан ағаның ең таңдаулы шәкіртіне айналды. Мен сол оркестрдің сүйемелдеуімен сахнаға ән салып шықтым.

Бастауыш сыныпты бітірген соң көрші Кеңес ауылындағы орта мектепте оқыдық. Оқушылар күнделікті жаяу қатынайды. Бірде Құныпия сыныбында Тәкен Молдақынов деген өнерлі оқушы барын мақтанышпен айтып қалды. Кейін Кеңестегі мектептің 5-сыныбына барғанымда Құныпия: «Сені Тәкенмен таныстырамыз», – деп, өнер қуған үш бала (Құныпия, Елемес, Сағатбек) екібөлмелі тоқал тамға апарды. Түпкі бөлмесі Тәкеннің жатып-тұратын «меншікті кабинетіндей» көрінді. Тәкен менімен жасты болғанымен, ұзын бойлы, қалың қара шашын артқа сәндеп қайырған, ақыл тоқтатқан, «беталды күлмейтін» орнықты да тиянақты, ақ сары жігіт екен. Барғандар Тәкеннің аузына қарайды. Орысшадан аударылған «Сүйемін өмірді» дейтін әнді марш екпінімен орындап шықты. Жүйеге түсіп, қалыптасқан баритон дауысы радио ойнатқыштан естіліп тұрғандай әсер етті.

Көзіме керегеге ілінген түрлі түсті екі портретке көз тоқтатып қарап едім, Тәкен: «Мына біріншісі –  Чайковский, екіншісі – Глинка деген  композиторлар», – деп түсініктеме берді. Орыс халқының екі ұлы композиторының атын сол күні естіп, қағаз бетіндегі бейнелерін алғаш көрдім. 7-сынып оқушысы Тәкеннің бөлмесінде домбыра, баян, патефон, көп санды пластинкалар, дирижердің қос таяқшасы сынды музыка аспаптары болды. Сөз арасында кеше шығардым деп өлең оқыды. Соның алғашқы екі жолы ғана есімде қалыпты. Жаңылмасам:

Көк дауыл тереземді ұрғылар ма,

Толқытып жүрегімді жыр қылар ма, – деп басталған. Алдында Құныпия Тәкен туралы айтқанында: «Қарындасым – қарлығашым» деген ән шығарды. Сөзі де өзінікі», – деп әнді үйреткен болатын. Алғашқы шумағы:

Көктем әні көк аспанға сыймайды,

Ал жанымды сағынышың қинайды.

Қарындасым – қарлығашым, бір сені,

Сүйген жүрек басқа жанға, басқа жанға қимайды, – деп келеді.

Сол күні бізбен жасты деген Тәкен маған бізден әлдеқайда үлкен, өнерлі де өрелі жігіт болып көрінді. Кейін Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы Эстрада студиясын бітіріп, Құрманғазы атындағы консерваторияда оқыды. Қазір Тараз қаласында тұратынын, Құныпияның бала шақтан үзілмей келе жатқан досы екенін білемін.

Орталау мектепті бітірген жылы ауылымыздан жүз шақырымдай жердегі Сүмбе ауылының мектебінде оқыту сапасы жақсы екендігін айтып, көңілі жақын төрт дос (Құныпия, Елемес, Кәдіржан және мен) сонда барып оқыдық. Домбыра тартатын үшеуі мектеп оркестрінің құрамына қосылды. Құныпия – бұл кезде домбырамен ән айтуға кәдімгідей төселіп қалған. Мен Ақан серінің «Қараторғайын» айтамын. Мектептің қабырға газетіне бұрқыратып өлең жазамыз. Сөйтіп, «Кетпеннің өнерлі оқушылары» деген атқа ие болғанымыз бар. Келер жылы Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінде оқитын болып қалаға кеткен Құныпия біздің рухани көсеміміз сияқты еді, ілгерілеп, қатарымыздан оза шауып бара жатқандай көрінген.

Мектепті бітірген жылы оқудан құлап, күзде әскерге кеттім. Менен бұрын мектеп бітірген Құныпия отбасы жағдайына байланысты екі-үш жыл уақыт өткізіп алды. Әскердегі екінші жылға аяқ басқанымда ол КазГУ-дің филология факультетіне оқуға түстім деп қуантты.

Бір-бірімізді танып-білген он жастан бастап Құныпия қай жағынан да едәуір алда, үнемі ілгері жүрді. Сөйте тұра қай кезде де артына қайырылып, бала күнгі достарына іш тартып тұратын. Сол себепті біз оның алдында түзу жүруге, сыпайы сөйлеуге, шамамыз келгенінше кісілігімізге дақ түсірмеуге тырысатынбыз. Мұны Құқаң өзі білмейтін де шығар, бірақ бұл өмірде дәл солай болған ақиқат.

Құныпияның бойындағы басты сапа – ақылды болды. Ақылымен иітіп, үгіттеп жатпай, жақсы үлгісімен-ақ ілестіріп әкететін. Мен әскерде, ол Алматыда жүрген жылдары үзбей хат жазысып тұрдық. Мен оны іштей үлгі тұтар тұлғама балайтынмын. Құныпия алғашқы хатынан бастап әр сөзді елеп-екшеп, талғап-таңдап пайдалану арқылы оны көркем шығарма секілді төгілтіп, әрлеп, әсемдеп, айшықтап жазатын. Бұл менің жүрегіме жылылық дарытып, елітіп, ой-қиялымды шарықтатып, көркемдік әлеміне үйіріп әкететін еді. Осылайша мен де ой түбінен сөздің асыл маржандарын сүзуді үйрендім. Сөйтіп, екі жыл бойы бір-бірімізге сырлы да сұлу сөздермен хат жазуға талпынып жүріп, тіл байлығымызды кәдімгідей молайтып алған екенбіз. Хаттар бір-біріміздің санамызға сәуле түсіріп, жанымызды рахатқа бөлейтінін қапысыз сезініп едік. Кейін «хат та тәрбие мен білім беру, ой өсіру құралы екен-ау» деген ойға келгенмін.

Құныпия екінші курсқа көшкенде мен осы факультетке оқуға түстім. КазГУ-де Құқаң факультеттің көркемөнерпаздар үйірмесін басқарды. Бұл кезде ол төселген әнші болып алған. Үлкені бар, кішісі бар, әнші достары да көбейген. Маңайынан алыс кетпей, «Қараторғайымды» шырылдатып мен де жүрдім бір қапталында. Бұрынғы әдетімше сыртынан бағып, оның киім киісіне дейін еліктеп, өзіме ес тұтып жүретінмін. Әлі де солай, ол маған көбесі сөгілмейтін темір қалқан секілді көрінеді. Университет бітірген соң екі-үш ай жұмыс таппай жүріп қалғаным бар. Сонда Құқаң: «Мектеп» баспасында араб редакциясы ашылыпты дейді. Шет тілі ретінде араб тілін оқыған едің ғой, сонда барып көрсеңші», – деп кеңес берді. Бардым. Өйтіп-бүйтіп жұмысқа алындым. Араб редакциясында сегіз жыл жұмыс істеп, үш кітап шығардым. Осылайша Құқаңның бағыт сілтеуімен баспагер болып кете бардым.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Алпысбаевтың ғылыми зерттеулерінің бір саласы әнші-ақындар шығармашылығы. Оның әдебиетші-ғалым ретінде тындырған еңбектерін арнаулы маман иелері сөз ете жатар.

Менің айтайын дегенім – ол мектеп бітіргеннен кейінгі жылдары ауылдың санасы саңлақ үлкен кісілерінен өткен ғасырдың қырқыншы жылдары 29 жасында дүниеден өткен, бүгінде әндері кеңінен айтылып жүрген, әйгілі «Сарыбидай» әнінің авторы Сәдіғожа Мошанұлы шығармашылығын зер сала іздестіріп, там-тұмдап жинаған қажырлығы. Ол кезде Құныпия жоғары оқу орнына түсе қоймаған балаң жігіт. Кейін Сәдіғожаның ән-өлеңдерін тірнектеп жүріп жинаудың арқасында өмір-тағдыры аса ауыр болған әнші-композитордың бей-берекет шашылып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен мол мұрасы шып-шырғасы шықпай иесіне қайтты.

Сөйтіп, өнерсүйер қауымның алғысына бөленді. Қазір Сәдіғожаның әндері елімізде ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге де жетті. Соның бір мысалы ретінде әнші Рамазан Стамғазиевтің «Сарыбидайды» Франция астанасы Париж сахнасында шырқауы.

Әкем туралы алғашқы прозалық шығармамды бітіріп, бағасын білу үшін Құныпияға ұсындым. Өйткені, сол тұста ақылшы деген атқа әбден лайық – көркем сөздің маманы – филология ғылымдарының докторы атанған кезі. Повесіме оң пікір білдіріп, «Әке» деп атын да тиянақтап бергені есімде. Содан бері жарық көрген он шақты кітабымның ешқайсысын көзден таса етпеген Құныпия жанашыр оқырманыма айналды. Баяғы қалпынан еш өзгермей, ақыл-кеңес беруін жалғастырып келеді. Алдыңда жөн сұрауға тұрарлық ақыл иесінің болғаны да жақсы, тыңдасаң, айызың қанады, көкірек көзің ашылып, бір серпіліп қаласың. Оның үстіне балалық шағымыздың бал дәуренін шай деспей, бірге өткізген бала күнді еске алып, шұрқырасып қалудың өзі неге тұрады?! Тегінде, өмір осындай сәттерімен қымбат болса керек.

Жұмабай ҚАЙРАНБАЙ,

жазушы