АНТЫНА АДАЛ: БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ ҚОЯТЫН ДӘРІГЕР

Уақыты: 24.03.2021
Оқылды: 1215
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Дәрігерлік – ерлік пен үлкен жауапкершілікті талап ететін әлемдегі ең маңызды да мерейлі мамандық. Ал күн-түн демей кішкентай ғана бүлдіршіндердің саулығын жіті қадағалап, дер кезінде көмек қолын созуға асығатын бала дәрігерінің жұмысы тіптен ерек. Бала десе ішкен асын жерге қоятын ұлтымыз сәбидің денсаулығына көп мән берген. Сондықтан, елімізде аталмыш салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан ақ халатты абзал жандар жетерлік. Солардың бірі – бала дәрігері деген қастерлі мамандығына өмірін арнап, айналасына ізгілік шуағын шашып жүрген – Рысхан ТОҚСАБАЕВА.

Рысхан бала денсаулығын бәрінен жоғары қоятын үлкен жүректі дәрігер. Ол «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және көптеген төсбелгілер мен марапаттардың иегері. Бір сөзбен айтқанда нағыз өз ісіне берілген педиатр. 40 жылдай еңбек өтілі бар білікті дәрігер медицина училищесін, қазіргі С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің педиатрия факультетін тамамдаған соң Нарынқол аудандық ауруханасының педиатрия бөліміне жолдамамен жұмысқа орналасады.

Еңбек жолын Қарасай ауданы, Іргелі амбулаториясында балалар дәрігері ретінде жалғастырады. Кейін Абай ауылы мен Чапаев ауылдарында амбулатория меңгерушісі қызметін атқарып, денсаулық сақтау ісін дамытады. Сол бір қиын-қыстау замандардың өзінде Рысхан Тоқсабаева денсаулық сақтау саласына аянбай қызмет етеді. Бар қажыр-қайратын, білімін, адал еңбегін, ақ пейілін бала денсаулығын сақтау ісіне арнаған жоғары санатты маманды жұртшылық ерекше құрметтейді. Ол үшін де бәрінен қымбаты – ел алғысы, көптің сый-құрметі.

Рысхан Абай ауылы тұрғындарының саны өсуіне, ауруханасының амбулаторияға айналуына қарамастан тынбай еңбек етті. Амбулаторияға келген науқастарды қабылдау, уақытылы бақылау, ем жүргізу мен ауданға жолдап отыру жұмыстарын мінсіз атқарды. Білгір жан ұжымы мен аудандық аурухана басшылығының көмегімен амбулатория жұмысын емхана деңгейінде қызмет көрсететін дәрежеге көтеріп, халық алғысын алды.

Заман талабына сай денсаулық сақтау ісінің құжаттамаларын цифрландыру керек еді. Бұл тұста да бірден-бір білікті маман Рысхан Тоқсабаева Алматы қаласының компьютерлік бағдарламалар орталықтарынан қажетті курстарға жазылып, өз кәсібінде амбулатория тізіміндегі құжаттарды цифрлы-электронды жүйеге көшірді. Бұл күнделікті дәрігерлік, әкімшілік қызметпен қатар қосымша жұмыс ретінде күш түсірсе де мойымай, прагматикалық шеберлікпен игере білді.

Атап айтсақ, картотеканы қағаз және электронды форматқа көшіру, әкімшілік-бухгалтерлік құжат айналымы мен электронды есеп беру базаларын толықтыру, халық арасында денсаулық сақтау ісінің модернизациясын түсіндіру жұмыстарын қалтқысыз орындады. Кадрмен қамтамасыз ету, амбулаторияның көлік пен жылу желілерін жаңарту, ғимараттың ішкі-сыртқы әлеуеті мен жөндеу жұмыстарына дейін тікелей өзі атсалысып, жаңа ғимараттың салынуына да мұрындық болған тұлға. Чапаев ауылының амбулаториясы Алматы қаласымен іргелес орналасқандықтан, халық санының артуы себепті жаңаша деңгейге көтеру үшін тәжірибелі меңгеруші ретінде сонда жіберіледі. Кадрмен қамтудан бастап барлық жұмысты мүлтіксіз атқарған соң Қарасай аудандық аурухана басшылығы қайтадан Абай ауылындағы өз қызметін жалғастыруын сұрайды. Қазіргі таңда зейнетке шыққан Рысхан Тоқсабаева бала дәрігері қызметін күні бүгінге дейін жалғастыруда.

Пандемия кезінде де ауыр жүк дәрігерлерге түскені белгілі. Олардың арасында зейнеткер апамыз да бар. Жас сәбилердің денсаулығы мен жас аналардың күтімін бақылау, өлімнің алдын алу мен санын азайтудың жолын өз тәжірибесімен шыңдаған маман екі есе артық белсенділікпен қызмет атқаруда. Гиппократқа берген ант та, ата-ана мен халық алды борыш та артығымен ақталды деген осы болса керек.

Рысхан Нарынқол аудандық ауруханасында қызмет істеп жүріп өмірлік серігімен танысып, отбасылы болып, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олар қазір мұғалім және биотехнология саласында әкімшілік қызметтерде жұмыс атқарады. Кішкентай жиен немересі де апалап өсіп келеді. Өз бауырларының үлкені ретінде үлгі, артынан ерген іні-сіңлілері мен олардың отбасыларына қамқоршы. 60 жасқа жетіп, зейнетке шықтым, болды демей, әлі де еңбек етіп келе жатқан Рысхан Тоқсабаева мен өмірлік серігі Үлес Сайдбұрқанұлына мерейлі 60 жасымен құттықтап, мықты денсаулық пен қажымас қайрат тілейміз! Мейірімділік пен ізгіліктің жаршысы болған жан медицина мен қоғамдық өмірде көпке үлгі. Сәби десе құрақ ұшып, бар жүрегімен емдейтін бала мінезді Рысхан Тоқсабаева сияқты ақ халатты абзал жандарымыз көп болса екен деп тілейміз.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы