КОРОНАВИРУС ӨРШІДІ: БІР ТӘУЛІКТЕ АУРУХАНАҒА 151 АДАМ ЖАТҚЫЗЫЛДЫ

Уақыты: 29.03.2021
Оқылды: 813
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында өткен тәулікте 120 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Өңір "сары" аймақта. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Соның ішінде, Талдықорған қаласы мен Жамбыл ауданында 22, Іле ауданында 20, Қарасай ауданында 15, Талғар мен Еңбекшіқазақ аудандарында 12, Балқаш пен Панфилов аудандарында 6, Алакөл ауданында 3, Текелі қаласы мен Ескелді ауданында 1 жағдайдан тіркелді.

Алматы облысының ауруханаларында 1288 адам ем қабылдауда, соның 22-нің жағдайы ауыр. Бір тәулікте ауруханаларға 151 адам ем қабылдауға жатқызылды. Сондай-ақ, өткен тәулікте облыс бойынша 73 адам коронавирус індетінен емделіп шықты.

Осыған байланысты Алматы облысы әкімдігі тұрғындарға маңызды үндеу тастады. "Құрметті жетісулықтар! Вирустың таралуын тоқтату үшін әрқайсыңыздан бұрынғыдай адамдар көп жиналатын орындарға барудан мүмкіндігінше бас тартып, үйде болып, сыртқа шыққанда бетпердеңізді дұрыстап тағып, әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтауды сұраймыз. Вакцина коронавирус жұқтырған жағдайда дерттің асқынып кетуінен қорғайды. Нәтижесінде, адамдарға ауруханаға жатудың қажеті шамалы болады. Және екпе алғанда, өлімге әкелетін қайғылы жағдайларды айтпағанның өзінде коронавирустың ол адамдардың өкпесіне түсіп кетуінен сақтайды. Екпе – ағзаның қорғаныс қабілетін нығайтады! Бұл өзіңіз бен жақындарыңызды қауіпті індеттен сақтау үшін өте маңызды!" - делінген әкімдік хабарламасында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"