ЕКПЕ САЛДЫРҒЫСЫ КЕЛМЕЙТІН АДАМ ЕШҚАНДАЙ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛМАЙДЫ

Уақыты: 30.03.2021
Оқылды: 940
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жамбыл аудандық орталық ауруханасына Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында әзірленген «Гам-КОВИД-Вак» атты отандық вакцинаның алғашқы 600 данасы жеткізілді. Екпені бірінші болып аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Дамир Сұраужанов пен аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Константин Пичкунов салдырды. Айта кетейік, екпені салдырудан бас тартқан адам ешқандай жауапкершілікке тартылмайды.

Осылайша Жамбыл ауданында да коронавирусқа қарсы екпе басталды. Індеттің алдын алу мақсатында келіп түскен 600 дана вакцина – аудандағы бұл науқанның алғашқы баспалдағы. Оның 300-і медбикелер мен жұқпалы аурулар бөлімінің қызметкерлеріне, фильтр және қабылдау орындарындағы медициналық жұмыскерлерге, ал қалған 300 данасы ұстаздарға, яғни кезекші және бастауыш сынып мұғалімдеріне салынады. Вакцина бір адамға 21 күн аралықпен екі рет егіледі. Бірінші доза антиденелердің шағын көлемде шығарылуына байланысты ұзақ сақталмайтын қорғаныс ретінде әсер береді. Ал екінші доза бірінші кезеңдегі вакцина әсерін күшейтеді және бекітеді де, адам ағзасындағы антиденелер саны ұлғаяды.

Екпе салынған азаматтардың барлығы 30 минут бойы медициналық мекемеде дәрігердің бақылауында болады. Одан кейін үш күн бойы тұрғылықты мекенжайы бойынша оларды учаскелік дәрігер бақылайды. Сонымен қатар, әрбір екпе алған адамның қолына вакцинаның ықтимал кері әсері мен шұғыл жағдайда байланысуға болатын емханалардың телефондары жазылған нұсқаулық беріледі. Осы тәртіппен Ұзынағаштағы аудандық орталық ауруханада күніне 60 адамға екпе салу жоспарланып отыр.

Қазақстан халқы вакцинаны ерікті түрде салдырады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық рәсім, соның ішінде, вакциналау азаматтың келісімі арқылы ғана орындалады деп көрсетілген. Сондықтан вакциналаудан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік бар деген қауесет жалған. Кез келген қысым көрсету заңсыз болып саналады.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы