БАРЛЫҚ ӘЙЕЛ БАЛА СҮЮГЕ ҚҰҚЫЛЫ НЕМЕСЕ БЕДЕУЛІКТІ АЙНАЛЫП ӨТЕР ЖОЛ

Уақыты: 01.04.2021
Оқылды: 987
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Иә, халқымызда «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген қабырға қайыстыратын ауыр мақал бар. Өмірге сәбидің келуі – шаңырақ шаттығы, ұрпақ жалғастығы. Иісі өзгеше тәтті, қылығы тіптен қызық баланың әр қадамы ата-ана үшін зор қуаныш, шын бақыт емес пе? Алайда осы бір өлшеусіз бақытқа қол жеткізе алмай, шаранаға зар боп жүрген жандар да жоқ емес. Тіптен, олардың саны жыл санап өсіп келе жатқандығы алаңдаушылық тудырмай қоймауда. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

– Талғар ауданында 51 мыңнан астам әйел туу жасында, олардың арасында бедеулік мәселесімен келетіндер бар. Бір өкініштісі, бұл проблеманың жыл сайын саны артпаса, кеміп отырған жоқ. Экстракорпоральді орталықтың барлығы ақылы. Олар Алматыда. Отау құрған бір жылдың аралығында бала көтермеген жағдайда ері мен әйелі теңдей медициналық тексерістен өтуі тиіс. Ал бедеуліктің бірнеше факторлары болады. Әйелдерде жиі кездесетіні жатыр түтігінің өту, өтпеуі, сондай-ақ, гормондарға да байланысты. Оны репродуктологтар анықтайды. Жылдың басынан әйелдердің пайыздық үлесіне қарай министрліктен квота бөлінеді. Оған кезекте тұрған әйелдер кіреді. Бізде 2018 жылдан бастап, кезегін күтіп жүрген әйелдер бар. Былтырғы 2020 жылға 13 квота берілді. Квотаның қаржысы тек ұрықтандыруға ғана бөлінеді. Ал оған дейінгі, одан кейінгі тексерілулер мен дәрі-дәрмектерді қаралушы әйел өз қалтасынан төлейді. Мұны біз ескертіп отырамыз. Әркімнің хал-ахуалы әртүрлі. Экстракорпоральді ұрықтандырудан, яғни, ЭКО-дан кейінгі біздегі мүмкіндік 50 пайызды құрайды, ал шетелде ол 70 пайызға жеткен, – дейді Талғар аудандық орталық ауруханасы директорының ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары Нұргүл Матжанова.

Осы тұста экстракорпоральді немесе жасанды жолмен ұрықтандыру дегенге келер болсақ, ол бедеу әйелге жүгінуге болатын репродуктивті технология. Оның айырмашылығы – денеден тыс ұрықтандырылатындығында. Ерлі-зайыптыдан қажетті генетикалық материалдар алынып, аналық жасуша зертханада ұрықтандырылып, арнайы инкубаторға салынады. Ұрық дұрыс дамыған жағдайда оның бірнешеуі анасының жатырына енгізіледі.

Денсаулық сақтау министрлігінің  мәліметіне сүйенер болсақ, елімізде 5 мыңдай әйел кезекте тұр.

– Ел Президентінің демографиялық ахуалға айрықша көңіл бөліп, экстракорпоральді ұрықтандыруға көптеп квота беруі өте қуанышты жағдай болды. Бұл халыққа жасалып отырған үлкен қамқорлықтың бірі екені сөзсіз. Енді осы жылдан бастап, жеңілдікті ескеріп, ЭКО-ға жүгінушілер саны да артады деп ойлаймын. Әйелдердің анализдерін тексерудің өзі өте көп ақша тұрады, – дейді Нұргүл Нұрмұхамбетқызы.

Алдыңғы жылы аталған ауданда ЭКО-мен 4 әйел аман-есен босанған екен. Олардың үшеуі өз қаржысымен барса, біреуі кезекте тұрып, мемлекеттік квотамен емделіпті. Мысалы, былтырғы жылы екі квота басқа облыстардан бөлінген. Жамбыл облысына барған әйел бала көтеріп, босанып алса, ал Нұр-Сұлтан қаласына барған әйелдің жүктілігі сәтсіз болғандығын тілге тиек етті. Сондықтан жаңа жылдан бастап квота көптеп бөлінсе, бедеуліктің жолын кесіп, талай отбасы бақытқа бөленер деген үміт те жоқ емес.

Өткен жылы Талғар ауданында 4222 әйел босанса, соның 5-уі ЭКО-ның көмегіне жүгініп, перзентті болғандар. Жүктіліктің жолында талай қиындықты өткеретін әйелдердің құрсағындағы ұзақ күткен сәбилерінің ана құшағына аман жетуіне баса назар аударылады. Бұдан бұрынғы жылдары жас мөлшері шектеулі болса, биылдан бастап балалы болуда ЭКО-ға сүйену мүмкіндігі 42 жасқа дейін ұзартылғандығы да қаперде болғаны жөн.

– Алдыңғы жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда былтыр мыңға таяу әйел артық туды. Бір қуанарлығы, туу жағынан өсім бар. Біздің аудандық орталық ауруханада 2-ші деңгейдегі туыттарды қабылдаймыз. 2018 жылды 3200 туытпен аяқтасақ, былтыр ол көрсеткіш мыңға артты. Ана мен баланың өмірін сақтап, оларға медициналық көмек беруде мамандарымыз біліктілік танытып келеді. Осы салада бөлім меңгерушісі Эльвира Талғатқызы бастаған гинекологтар Мөлдір Ерубаева, Аида Бинұрова, Нұргүл Сүйінғалиева, Әйгерім Қарманова, неонатолог, жоғары санатты дәрігерлер Фазилья Ермекова, Айжан Садықова, Әлия Дүкенбаевалар табанды еңбек етуде. Сонымен қатар, реаниматологтар Жадыра Садырқызы, Қанат Шанахұнұлы, Ботагөз Ерболатқызының да уақытпен санаспай тындырымды жұмыс істеп жүргендігін айрықша атау абзал. Қазіргі басты проблема – шарана ірі болып келеді. Сол себепті, кей жағдайларда кесір тілігі жасалады, – дейді Нұргүл Матжанова.

Былтырғы жылы аудандық аурухананы сенімгерлік басқаруға алған «a-Class Medical» ЖШС «Ана мен бала» орталығынан мамандар шақыртып, екі ауысыммен 30 маманды оқытып, біліктілігін арттырған. Олардың қатарында ауадай қажет кардиотокография (КТК) мен реаниматологтар да бар. Әйелдерден қан кету, басқа да асқыну жағдайларда КТК лентасын оқуды үйреткен. Бұл үлкен көмек екендігін айтады. Соған қоса, осыған дейін қолданыста бар 82 пайызды құрайтын құрал-жабдықты 90 пайызға жеткізуді көздеген серіктестік 3 УЗИ аппаратымен толықтырған. Аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасын жақсартуды қолға алған инвесторлардан күтер үміт көп. Алдағы уақытта аудандағы акушер-гинеколог, реаниматолог, неонатолог, педиатр, окулист сынды мамандардың жетіспеушілігін жою жұмыстары да жүзеге аспақ.

Экстракорпоральді ұрықтандыру тәсілі 1978 жылы ең алғаш Ұлыбританияда пайда болған. Содан бергі 40 жылдан астам уақытта әлем бойынша 8 миллион адам осы әдіспен жарық дүниеге келген көрінеді. Ал біздің елімізде 1995 жылдан бері бастау алған ДТҰ арқылы 15 мыңнан астам сәби өмірге келіп, шаңырақтарын шаттыққа бөлеген. Олай болса, ел Президенті тапсырған «Аңсаған сәби» бағдарламасының жүзеге асуы балалы болуды арман еткен отбасылардың сәбилі болып, бақытқа бөленуіне біртабан жақындата түсер деген үміттеміз.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы