ҚАЙТА ӨРШІГЕН ІНДЕТ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТҰТАСТАЙ "ҚЫЗЫЛ АЙМАҚҚА" КІРДІ

Уақыты: 02.04.2021
Оқылды: 1227
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен коронавирус инфекциясымен күрес шаралары жөніндегі жиыннан кейін Алматы облысы әкімі Амандық БАТАЛОВ аудан, қала әкімдерімен онлайн форматта штаб отырысын өткізді. Бұл туралы "Жетісу" газеті облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Алдымен Мемлекет басшысының індеттің таралуына жол бермеу бағытында тікелей тапсырма бергенін айтқан Амандық Ғаббасұлы Алматы облысының «қызыл» аймаққа кіргенін жеткізді. Толыққанды ақпарат жайлы хабардар ету үшін орынбасары Батыржан Байжұмановқа сөз берді.

Б.Байжұмановтың айтуынша, бір тәулікте коронавируспен ауырудың 220 жағдайы тіркелді, ауырғандардың 15-і - бала. Инфекция жұқтырудың күрт артуы Талғар, Жамбыл, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Іле, Панфилов аудандарында және Талдықорған, Қапшағай қалаларында тіркеліп отыр. Сол сияқты Ұйғыр, Балқаш, Көксу, Қаратал аудандарында да өсім байқалады. Инфекциялық стационардағы төсек орын жүктемесі 53 процентті құрап отыр, қажет болған жағдайда  5300-ге жеткізіледі. Әр аудан өз өңірлеріндегі эпиджағдайларға қарай жеке қаулылар шығарып, оның сақталуын бақылауға алуда.

Амандық Баталов жиында аудан, қала әкімдеріне шектеу шаралары кезінде босаңсымауды тапсырды. Әсіресе, шағын және орта бизнес, өнеркәсіп орындары барлық санитарлық талаптарды және жұмыс істеудің белгіленген уақыттық шектеулерін сақтай отырып жұмыстарын жалғастырады. Той, құдалық, ас сияқты көпшілік жиналатын отбасылық шараларға рұқсат жоқ.

- Әр әкім өз аудан, қаласында дәрі-дәрмек қоры қанша, жеке қорғану құралдары жеткілікті ме, төсек орын жүктемесі қандай, осының бәрін білуі керек. Әсіресе, коронавируспен ауырған балаларды, жүкті әйелдерді ерекше бақылауға алуды тапсырамын. Халыққа вакцина егудің пайдасын түсіндіру керек. Әр аймақтардағы мониторинг топтарының жұмысы белсенді жүргізілсін. Жансақтау бөлімінде жатқан сырқаттарды қиын жағдайдан алып шығып, өлімді болдырмауға күш салуымыз керек. Қай жұмысты да жауапкершілікпен, абыроймен атқарыңыздар, - деді А. Баталов. Сонымен қатар, облыс басшысы бірінші тоқсанды қорытындылайтын уақыттың таяғанын айта келе, күнделікті жұмыс өз ретінен жаңылмауы керектігін ескертті. Көктемгі егіс жұмыстары, жылыту маусымын үздіксіз аяқтау, әлеуметтік көмек шаралары, басқа да маңызды жұмыстар еш кідіріссіз жалғастырылатын болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"