АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЕКПЕ САЛДЫРҒАНДАРДЫҢ САНЫ 100 МЫҢНАН АСТЫ

Уақыты: 21.04.2021
Оқылды: 1126
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында осы жылдың 20 сәуіріндегі мәлімет бойынша, коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның І компонентін 101 477 адам салғызған, тағы 10 432 адам ІІ компонентін алды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының бас санитар дәрігері Е.Сыдымановқа сілтеме жасап хабарлады.

Өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша, вакцинаның І компонентін салдырғандардың 17 мыңнан астамы -  медицина маманы, 25 мыңдайы - педагог, сол сияқты учаскелік полициялар, студенттер, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер және тағы басқа азаматтар бар. ІІ компонентін 7298 медицина маманы, 2801 педагог, сол сияқты учаскелік полициялар, мемлекеттік қызметшілер және басқалар салды.

Бас санитар Е.Сыдымановтың айтуынша, өңірде вакцинадан кейінгі кері әсер мен асқынулар тіркелмеген. Атап өтсек, Алматы облысында 239 егу пункті, 134 көшпелі бригада жұмыс істейді. Әр пункт 7 мыңнан астам адамды қабылдай алады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан