АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 63 ЖЫЛЖЫМАЛЫ ЕКПЕ ПУНКТІ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Уақыты: 23.04.2021
Оқылды: 1162
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында 63 жылжымалы егу пункті жұмыс істейді. Халық көп жүретін жерлерге аялдаған жылжымалы егу пунктіне өз еркімен келіп, вакцина салдырып жатқандар қатары көп. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Талдықорғанда "Еуразия" және "Шаған" сауда үйлері ғимараттарының алдында коронавирусқа қарсы жылжымалы вакцинация пункті жұмыс істей бастады. Мұнда, таңғы сағат 10-нан 16-ға дейін екпе салдыра аласыз. Жылжымалы вакцинация пункттерінің барлығында тоңазытқыш қондырғысы бар. Рефрижераторлық типтегі белсенді термоконтейнерлермен қамтамасыз етілген.

- Алматы облысында халықты вакцинациялаумен қамту жұмыстары жалғасуда. Коронавирусқа қарсы вакцинация жүргізуге тартылған егу пункттерінің жалпы саны 172-ні құрайды. Сонымен қатар, 63 жылжымалы егу пункті ұйымдастырылды. Арнайы көлік дәрі-дәрмектерді Жетісу өңірінің ең шалғай елді мекендеріне жеткізеді, - деді Алматы облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов.

Өңірде осы уақытқа дейін вакцинаның І компонентін 102 008 адам алды, оның 3500-і облыс орталығының 2-ші емханасында егілді. Ресми мәліметтер бойынша, күніне 200 дозаға дейін "Спутник-V" екпесі салынады. Аталған вакцинаны қабылдайтындар қатары да артып келеді. Олардың қатарында Шолпан Иманқұлова да бар.

- Мен 56 жастамын. Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаны салдыру қоғам үшін қажет. Өйткені, біз, қоғамдық иммунитетті құраушы күшпіз. Біз мұны, ең алдымен, жарқын болашақ үшін жасауымыз керек. Вакцинадан кейін жағымсыз әсер байқалмады. Өзімді жақсы сезінемін, - деді Талдықорған тұрғыны.

Таңмен таласа, Ескелді және Көксу аудандарының тұрғындары да вакцина салдыруға келді. Мұнда түске дейін 150-ге жуық адам екпе алып үлгерді. Қарабұлақ ауылының 72 жастағы тұрғыны да COVID-19-ға қарсы иммундық жүйе қалыптастыру мақсатында аталған екпені қабылдады.

- Өзімнің жасыма қарамастан вакцина алуға қорыққан жоқпын. Барша халыққа да екпе салдырыңыздар деп айтамын. Қауесет сөзге ермеңіздер. Ешқандай кері әсері болған жоқ. Барлығы ойдағыдай, - деді Генадий Гавриленко.

Айта кету керек, екпе салу басталғалы бері Алматы облысында вакцина әсерінен адамның хал-жағдайының нашарлауы, қандай да бір аурудың асқынуы тіркелген жоқ. Жоғарыда атап өткендей, екпе алған 100 мыңнан аса адамның ішінде 17 006 медицина қызметкері, 24 684 ұстаз, 2180 учаскелік полиция бар. Ал екінші компонентті 12 мыңдай адам қабылдап үлгерді.

Тағы бір айта кетер жайт, Қазақстан заңнамасына сәйкес, екпе қабылдау ерікті түрде жүзеге асады. Екпе алудан бас тарту заң алдында жауапкершілік жүктемейді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды