КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНДА 18 ВАКЦИНА КАБИНЕТІ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Уақыты: 07.08.2021
Оқылды: 1073
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Вакциналау – тұрғындарды, оның ішінде балаларды жұқпалы аурулардан қорғайтын ең тиімді жол. Вакцина инфекциямен қатынаста болған кезде микроорганизмдердің дамуына тосқауыл болатын қорғаныш антиденелерді шығарады. Сол кезде ауырған жағдайда ауру жеңіл түрде өтеді.

Вакциналау арқылы әртүрлі инфекциялық аурулардың санын азайтуға, ал кейбір ауруларды мүлдем жоюға болады. Осыған орай Кербұлақ ауданында коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 17119 адам алды. Әлі де вакциналау жалғасуда. Жалпы, аудан бойынша коронавируспен ауырған адамдар саны 668-ге жетті.

Ауданда 18 екпе кабинеті жұмыс істейді. Мобильді медициналық бригадалар қажет болған жағдайда кәсіпорындар мен ұйымдарға барады.

Бүгінде ауданда екі препарат бар – "Спутник V" және "CoronaVac". Қазірдің өзінде құқық қорғау қызметкерлері 100 пайыз, медицина қызметкерлері 98 пайыз және мемлекеттік қызметкерлердің 95 пайызы КВИ-ға қарсы екпе жасады. Жұртшылық вакцина алу арқылы індеттің беті қайтатынын түсінген. Отбасымен, ұжыммен келіп салдырып жатқандар да жетерлік.

Раушан БИСЕМБЕКОВА,

Кербұлақ ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан