БАЛАҢЫЗ МЕКТЕПКЕ ДАЙЫН БА? КИІМ-КЕШЕГІ МЕН СӨМКЕСІ ШЕ? МАМАН КЕҢЕСІ

Уақыты: 24.08.2021
Оқылды: 1356
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Мектеп – баланы бейімдеу үшін маңызды орта. Оқудың басталуы оның күнделікті тіршілігіне өзгеріс енгізеді. Ендігіде бала әр күні мектепке баруы, жүйелі еңбек етуі, күн тәртібін орындауы, мектеп өмірінің ережелеріне бағынуы керек. Онымен қоса мұғалімнің талаптарын, үй тапсырмаларын тиянақты орындап, оқу жұмысында жақсы нәтижелерге қол жеткізу қажет.

Баланы мектепке дайындау дегенде көптеген ата-аналар әріптерді танумен, сандарды санаумен ғана шектеліп жатады. Одан басқа баланың мектепке қажетті құрал-жабдығы мен киім-кешегіне баса назар аударады. Әрине, бұл дайындықтарсыз баланың мектепке дайын болуы екіталай. Бірақ баланың оқуға дайындығын материалдық әзірлікпен шектеп қоймай, психологиялық жағынан да қалыптастыру қажет.

Оқушыларды мектепке дайындау кезінде бірнеше кеңесті назарда ұстаған жөн. Алдымен баланы жеке бас гигиенасын сақтауға үйретіңіз. Тамақ ішер алдында және дәретханадан кейін қолды жуу, антисептикпен өңдеу баланы көптеген аурулардан қорғайтын ең қарапайым ереже екенін ескертіңіз. Баланы бетперде тағуға қалыптастыру және оны 3 сағатта кемінде бір рет ауыстыру қажет екендігін түсіндіріңіз. Баланы күн тәртібін сақтауға үйретіңіз. Күн тәртібі – бұл кез келген баланың салауатты өмір салтының маңызды бөлігі. Мектеп жасындағы балаға дұрыс ұйқы режимі және тұрақты үйлестірілген тамақтану режимі қажет.

Баланың сабақ оқитын орнына көңіл бөліңіз. Баланың денсаулығы жақсы болу үшін ол қолайлы жағдайда оқуы керек. Баланың сабақ оқитын орны жарық болуы тиіс. Шам сол жақ бөлікте, егер балаңыз солақай болса оң жақта орналасуы керек. Үстелдің биіктігі баланың бойына сәйкес болуы қажет. Яғни бойы 115-130 сантиметр болған жағдайда үстелінің биіктігі 52 сантиметрден аспауы, ал бойы 130 сантиметрден асқан жағдайда 58 сантиметр болуы керек. Сонымен қатар, мектеп киімі мен құралдарына қойылатын нақты талаптар бар екендігін білесіз бе?

Мысалы, мектеп сөмкесін немесе рюкзакты таңдау кезінде тиісті талаптарды сақтау қажет. Бірінші кезекте баланың омыртқасы мен иығына салмақ түсірмейтіндей сөмкенің берік құрылымы болуы тиіс. Әрі сөмкенің иықбаулары жалпақ әрі жұмсақ материалдан тігілуі шарт. Сөмкенің өлшемі мен салмағы баланың бойы мен жасына сәйкес келгені жөн.

Күн сайынғы оқу жиынының салмағы: 1-3-сыныптардың білім алушылары үшін 1,5-2,0 кг; 4-5-сыныптардың білім алушылары үшін 2,0-2,5 кг. 6-7-сыныптардың білім алушылары үшін  3,0-3,5 кг. 8-11(12)-сыныптардың білім алушылары үшін  4,0-4,5 кг.-нан аспауы тиіс.

Мектеп формасы табиғи матадан тігілуі тиіс. Мектеп формасының матасы ретінде жартылай жүн және мақта, киіске төзімді, ауа өткізетін, баланың денесін терлетпейтіндей және антибактериалдық, антимикробтық, антистатикалық маталар қолданылады. 75-85% табиғи маталар (мақта, жүн) және киімнің қыртыстануын болдырмау мақсатында синтетикалық қоспалардың 15-25% бар маталар ұсыналады. Мектеп формасы баланың қозғалысын шектемейтініне және жыл мезгіліне сай келетініне назар аударыңыз.

Психологиялық тұрғыдан дайын болыңыз. Психологиялық жайлылық балалар үшін де, ата-аналар үшін де маңызды. 1 қыркүйекті күйзеліссіз қарсы алыңыз. Тыныштық сақтап, мектепке әзір болыңыз! 

Қ.БЕКМҰРАТОВА,

Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті білім, тәрбие объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы